Basty bet

Ұлттық рух пен заманауи білімнің тоғысқан тұғыры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның кадрлық әлеуетін дамытуды тапсырғаны белгілі.
Аталған Жолдауда: «Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады.
Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады.
Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайды.
Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады» деп ерекше атап өтті Президент.
Білім – ұлттың рухани капиталы болса, ал ғылым – елдің болашағына салынған инвестиция. Осы қос құндылықты үйлестіріп, ұрпаққа сапалы білім, терең тәрбие беріп келе жатқан еліміздегі ең беделді оқу орнының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. ҚазҰУ – тек білім мекемесі ғана емес, ол – ұлттық рухты жаңғыртып, адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін рухани орда.
Қазіргі таңда әлемдік білім кеңістігі терең жаңғыру үстінде. Осы өзгерістерге сай икемделіп қана қоймай, оларды өз даму жолына сәтті бейімдеген отандық жоғары оқу орындарының көшбасшысы – ҚазҰУ. Университет жас ұрпаққа сапалы білім беруді қатар қойып, нағыз зиялы қауым өкілдерін дайындауға бет бұрғанын жақсы білеміз.
ҚазҰУ-да білім беру үдерісі заманауи технологиялармен және цифрлық құралдармен толық қамтылған. Ақпараттық жүйелер мен электронды кітапханалар, мультимедиялық аудиториялар, инновациялық зертханалар – осының бәрі студенттің жан-жақты білім алуына мүмкіндік береді. Университеттің IT-инфрақұрылымы үздіксіз жаңартылып отырады, бұл оқу үрдісін жеңіл әрі тиімді етеді.
Университет ғылыми жобалар мен стартаптарды қолдауда да айрықша көзге түседі. Жас ғалымдарға арналған арнайы бағдарламалар мен зерттеу орталықтары студенттерді тек тұтынушы емес, ойшыл әрі жаңашыл тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі ҚазҰУ – ғылыми-инновациялық жобалар алаңы.
Білімнің жанында тәрбиенің де маңызы зор екенін ескерген университет басшылығы студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарына және әлеуметтік жобаларға ерекше қолдау көрсетеді. Университет қабырғасында ұйымдастырылатын мәдени, экологиялық, қайырымдылық шаралар – жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Университет студенттері республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік, спорттық, мәдени сайыстарда топ жарып жүр. Бұл – университет қабырғасында жасалған жан-жақты қолдаудың нәтижесі. Сонымен қатар, студенттер өз ғылыми мақалаларын халықаралық конференциялар мен форумдарда ұсынып, тәжірибе жинақтауда.
ҚазҰУ-да қызмет ететін профессор-оқытушылар құрамының білім мен ғылымға деген адалдығы – осы оқу орнының басты құндылығы. Ұстаздар – тек білім беруші емес, өмірлік жол көрсетуші тұлғалар. Бұл ортада академиялық мәдениет пен кәсіби этика жоғары бағаланады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – ұлттық білімнің жүрегі, жастар арманының биік баспалдағы. Болашақ көшбасшылардың іргесін осы білім ордасы қалап жатыр. Сапалы білім мен берік тәрбие – ҚазҰУ-дың басты мұраты!

Арын Тәліп,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-нің қаржы
мамандығының студенті.
А.КУКИЕВА,
«Қаржы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы

Таңдаулы материалдар

Close