Basty bet

Тұрғындармен тығыз байланыста

Адамның денсаулығы – қоғамның байлығы. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, көркеюі – халықтың саламатты өмір салтын сақтауды ұстануына байланысты. Бұл өмірде денсаулықтан асқан байлық жоқ. Оны кез келген саналы азамат түсіне біледі және өз денсаулығының алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс.

Осы ретте, аудандық орталық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Айна Нұрханқызы тұрғындар денсаулығына жауапты маманның бірі. Дәрігер Қайрат ауылының бірқатар көше тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, дәрігермен бірге медбикелер Дина Есенқұлова мен Жадыра Мәден аймақ халқының денсаулығын нығайтуға атсалысады.
Жалпы тәжірибелі дәрігер 1 500 тұрғынға медициналық қызмет көрсете отырып, түрлі аурулардың алдын алу, емдік шараларын тағайындау, бақылау, уақтылы екпе алуын қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі статусын тағайындау, науқастардың ауруларына байланысты жолдама беру, курорттық-санаторийлік мекемелерге, стационарға жолдама беру, тағы да басқа жұмыстарды ұйымдастырады. Ал, оның көмекшілері медбикелер үй-үйді аралап, ана мен баланың жағдайын бақылайды, диспансерлік есепте тұрған науқастарды қайта тексерістен өтуге шақырады, балалардың дер кезінде екпе алуы үшін аналармен хабарласады, сонымен қатар өзге медициналық қызметті алуы үшін тұрғындармен тығыз байланыс орнатады. Аталған дәрігердің қарауында 300-400-ге жуық адам диспансерлік есепте тұрады.
– Тұрғындар ең бірінші жалпы тәжірибелі дәрігерге жүгінеді. Өйткені, біз сүзгі секілдіміз, яғни, келген науқасты зерделей отырып, ауруына қарай жолдама береміз. Әр дәрігердің өз аймағы бар. Сол аймақ тұрғындарының денсаулығына тікелей жауапты болады. Ол – біздің міндетіміз. Әр науқастың жағдайына, емделу уақтысына қарай жұмыс ұйымдастырылады. Бізге көбінесе өзін мазалаған ауруы бойынша тексерілуге келген адамдар, жоспарлы түрді емделетіндер, есепте тұрған науқастар және тағы басқалар келеді.
Әр адаммен дер кезінде жұмыс жасауымыз қажет. Әсіресе, диспансерлік есепте тұрған науқастардың тегін дәрі алып, үш ай сайын тексерістен өтуін қадағалаймыз. Тегін дәрілерді үш айға жазып береміз. Оны тағайындаған уақытта күнделікті қабылдауы керек. Кейде өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамай, тегін дәріні ішпейтін жандар кездеседі. Олармен де түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өзінің денсаулығы өз қолында екендігі айтылады.
Біздің қарауымызда жаңа туған сәбиден қарияға дейін болады. Балалар дер кезінде екпе алуы тиіс және оның дамуы мен денсаулығы жақсы болуы үшін ата-ана жауапты болуы керек. Ал, өзге тұрғындармен келген сұрақтары бойынша, қойылған диагнозына қарай медициналық көмектер көрсетіледі.
Адамның денінің саулығы тікелей оның иммунитетіне байланысты. Егер де ол өз деңгейінде жоғары болса, онда адам көп ауруларға қарсы тұра алады. Керісінше, иммунитеті әлсіз жандар көбінесе аурушаң болып келеді. Сондықтан кез келген сырттан келген факторларға қарсы тұру үшін иммунитетті көтеруі керек. Иммунитет түрлі дәрумендерді ішумен көтеріле бермейді. Осыны есте сақтаған жөн. Адамның иммунитеті саламатты өмір салтын ұстанғанда жоғары болады. Яғни, дұрыс тамақтанып, уақтылы ұйықтап, спортпен шұғылдану қажет.
Кейбір адамдар иммунитетті көтерудің оңай жолы дәрумендер ішу деп ойлап қателеседі. Иммунитеттің жақсы болуы – ол сіздің ішек құрылысыңыздың дұрыс жұмыс жасауы және таза болуы. Сол себепті деніміз сау болсын десек, пайдалы әрі дұрыс тамақтанып, ұйқыны дұрыстайық. Сергек, көңілді жүру де ол сіздің саулығыңыздың кепілі, – дейді Айна Нұрханқызы.
Жалпы тәжірибелі дәрігер өз сөзінде бүгінде жұмыс жасау процесі өзгергенін айтады. Медицина қызметкерлерінің денсаулығын күту үшін емхана үш аймаққа бөлінгенін, мобильді бригада құрылғанын, емхана ішінде тек сау адамдар жүретінін жеткізді. Емханаға науқастанып келген тұрғындарға сүзгі бөлмесіндегі дәрігерлер қызмет көрсетіп, індеттің таралуының алдын алатынын айтып өтті.
– Талап пен тәртіп – баршаға ортақ. Еліміздегі індеттің алдын алу және таралмауы үшін сақтық шаралары белгіленіп берілген. Ендеше, сол қарапайым дүниелер, медициналық бетперде тағып, қолды дұрыс жуып, антисептик қолданып, арақашықты сақтай білу қажет. Сонымен қатар, өзіңіз үшін, отбасыңыз үшін жиын-тойларға бармауыңыз қажет. Өйткені, індетті көбінесе осындай жиындарға барған адамдар жұқтырып келеді. «Тазалық – саулық негізі» демекші, әрбір адам жеке бас гигиенасын сақтай білуі керек. Бір реттік медициналық бетперделерді екі сағаттан артық қолданбаған жөн. Оны жиі ауыстырып, қолдың да тазалығына мән беріңіз. Мен қазіргі таңда бір реттік медициналық масканы қолдануға кеңес берер едім. Оны бір-екі күн бойы пайдалану сізді індеттен қорғамайды. Керісінше, сізге оның зияны тиеді. Ең бастысы, қай жерде болсаңыз да тазалықты сақтаңыздар, – дейді жалпы тәжірибелі дәрігер.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close