Basty bet

Бата, мақал, өсиет сөздер туралы

Ұлтымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, үлгі-өнегесі өлшеусіз. Оны ешнәрсеге теңгере алмайсың. Даласындай кең, данасындай терең мағыналы. Соның бәрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған халқымыздың жады қандай мықты еді. Бір замандардағы тұнығы лайланбаған тазалығынан шығар, бүкіл тарихын сол жадына жаңылмай жазып, дәстүрлі түрде сақтап, қалыбын бұзбай бүгінгі күнге жеткізгеніне еріксіз таңданасың.

Осыны данышпан Абай қалай тап басып, танып айтқан десеңізші. «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, Кезегімен өлінер, Баяғыдай көрінер» дейді ұлы хакім. Қалыбын бұзбау дегенімізді осы төрт жолдан аңғару қиын болмаса керек. Алдыңғы толқынның кететінін, кейінгі толқын олардың үлгісінің әрін кетірмей, бояуын оңдырмай артындағыға жалғайтынын, соның арқасында кезекпенен өлінгенмен, салт-сана баяғыдай сақталып отыратынын ақын тайға таңба басқандай айтқан. Мұның өзі атала су болмаған сана сәулесінің мөлдірлігін көрсетеді.
Сол үлгінің бірі – бабалар батасы еді. «Батамен – ел көгереді, жаңбырмен – жер көгереді», «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас» дейді. Осы екі мақал екі том философиялық кітапқа жүк болары хақ.
Қазақтың батасы бейпіл айтылмаған. Мергеннің оғындай көздеген жеріне дарыған. Бата – талайдың бағын ашқан, талайдың құтын қашырған. Талайды сөзден жаңылтып, талайды елге танытқан, кейбіреулерді жұртқа қалдырған. Қазақ батаны киелі санайды, селкеусіз сенеді, қадір тұтады. Бата кісілікке, имандылыққа, мейірімге, жақсы сөзге, ынтымаққа ұйытып отырады. Батаны жұртымыз қасиетті қариядан, абыз ағадан, өнегесі мол үлкеннен күткен. Әр батаның жөн-жоралғысын жазбай таныған. Батаның түрі де мол. Ұл-қыздың өркендеп өсуі, шілдехана, тұсаукесер, тіпті, атбайлар ұлға, от жағар қызға беретін бата да сан-саналы. Сол секілді ас қайырғанда, дастарқан иесіне риза болғанда, той-жиында, Наурызда, жарапазан айтқан жастарға беретін бата да аз емес. Бата беру жағынан келгенде ұлт жақсылары іркілмеген. Әркез ірілік танытып, кісілік қасиетін көрсетіп отырған.
Осы тұста бір қария айтқан ақиқат сөз ойға оралады. Қазақ жаз жайлауға шыққанда сауық-сайрансыз, той-жиынсыз отырған ба?! Сондай бір тойда көкпар тартылыпты. Ала-құйын шабысқан қарулы да қабырғалы бір ақсақал төтесінен килігіп, сереңдеген серкені жұлып алып топты жарып қазақтың қараша үйіне қарай оқтай атылып барып, ашық тұрған есіктен ішке көкпарды лақтырып жіберіп, баласы тұрмай жүрген қамкөңіл анаға ағыл тегіл бата беріп, «Көптің қолы тиген бұл көкпарға, Құдай иген бір жақсылық болар» депті. Кейін сол қараша үйден телқоңырдай екі жігіт өсіп шығыпты.
Несін жасырамыз, осы күні сол қасиетті батаның кей кезде қадірін кетіріп алып жүргеніміз ақиқат. Бата бер десе, батаның «бағын» байлап ұзынынан қайырып сөз сөйлейміз. Кейде ақсақалды қария келістіріп тұрып бата берсе, асаба қарымтасы деп ол оған бата беретін жайы да кездеседі. Қасында ата-анасы отырса да жаттаған батасын беретін балалар көрініп қалып жүр. Бұл да заманның бір үрдісі болар. Ондай үрдіс бұрын да болған. Ол дәуірде ақылы асқан балалар ақты ақ, қараны қара деп ешкімнің бет-жүзіне қарамай әділін айтқан. Бұған Төле биді тәнті еткен атақты Айдаболдың ұлы Тайкелтірдің жанынан жарқылдап шыққан сөз отын айтар едік. Соған орай сөзге тоқтап, қарғадай балаға сыбағаңа деп әкелген, балдай сүт емген құлынға қасқайып тұрып қалың жұрттың алдында оның бата беруі, соңынан дауды шешіп, дара көрінуі кімді де болса сүйсінтпей қоймайды. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында Дулат ақынның жас Абайға, «Шырағым ер жетерсің, Ер жетсең, сірә, нетерсің. Алысқа шырқап кетерсің, Шыдасаң, шыңға жетерсің»,- деген батасы ұлы ақынның бүкіл саналы ғұмырына жолашар болғаны ақиқат.
Ұрпағын әспеттеген халқымыз сол ұрпағына мейірін төккенде «Бәйтеректей бүрлі бол, Атқан таңдай нұрлы бол. Толған айдай ажарлы бол, Қызығы мол базарлы бол. Ағайынға аялы бол, Айналаңа саялы бол. Ата-анаңа мейірлі бол, Ел-жұртыңа пейілді бол. Ақ отауың басқа толсын, Қара қазаның асқа толсын» десе, тағы бірде: «Арың болсын жолдасың. Ел бастасаң батыр бол. Ата әруағы қолдасын, Судай тасып дәулетің, Еш жамандық болмасын» дейді. Шілдехана батасына келсек: «Азамат болсын көрікті, Ғұмыр ұзын берікті, Қолқанаты көп болып, Артынан ерте берсін серікті», тұсаукесер рәсімінде: «Елін қорғайтын батыр болсын, Шындықты айтар ақын болсын. Халқым деген жүрегі болсын, Жұртының қамқор тірегі болсын» дейді. Ұл балаға: «Жортқанда, балам, жолың болсын, Қалтаң ділдаға толсын. Қатарыңнан озар, ерен бол, Қыз көзінде терең бол. Сынай қалса – құлақ сал, Мақтай қалса – керең бол», ал қыз балаға «Талдай бой берсін, Сұңғыла ой берсін, Елінің ары болсын, Басыңа өнердің бағы қонсын, Ақ орданың шамы болсын» дейді. Міне, ұлт батасы осылай жалғаса береді.
Бабалар батасының бағын ашар кез келді. Ол үшін әлемдік өркениеттің жақсысын ғана ала отырып, өзіміздің еш асылға теңгермейтін құндылығымыздың құнын білсек, қане?! Бірақ алдыңғы ұрпақ өз заманының «жемісі» дейміз. Кейінгі толқынның өкілдері ұлтының құндылығын танып білмесе, алдыңғы үлгіні жалғамаса, бір замандары жұтылып кететін өзгенің қызылына қызыға беру кейде ойлантпай қоймайды. Ұлтты сақтайтын рухани құндылық. Мұны, дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ. Соны кейінгі жас санасына тоқыса, Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі идеясын көңіліне орнықтырса, байтақ даланың бағы ашылып қана қоймай, халқымыздың өзгеге ұқсамайтын үлгісі нұрдай шашылып, басқаның көзіне оттай басылып, жер бетінде мынандай да байлық бар екен-ау дер еді. Әттең, соған жетсек тіліміз түлеп, батаның бағы ашылып, әлемдік мінберден мінсіз сөйлер едік.

Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close