Basty bet

Ізгі тәрбиенің қайнар көзі

«Әрбір шаңырақ ұрпақты болсын, ырысты болсын, ырысы жұртқа жұғысты болсын!» ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышатарттарын айқындап берді. Демек көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару болмақ емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік.

Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» деп, баланың қалыптасуы үшін отбасы құндылықтарының маңызы зор екенін бірауыз сөзбен өсиеттеп кеткен. Сүйіспеншілік пен сыйластық, мейірім төгілген жанұяда бала жақсы азамат болып қалыптасары сөзсіз. Көлбастау ауылындағы Әбдіхановтар отбасының ерекшелігі осы қасиеттермен қатар, қарапайымдылық пен адалдықты ту етулерінде.
Еңбекпен шыңдалған отағасы Қыдырбек Әшімханұлы Талапты ауылының тумасы. Әкесі Әшімхан көзі ашық, оқыған-тоғыған кісі болған. Өз заманында Әшімхан қария мектепте мұғалім болып балалардың сауатты болуына атсалысқан. Өмірден ерте озған. Ал, анасы Кәмиләкүл әжеміз екі бала, үш қызды дүниеге әкелген ардақты ана болған.
Отағасы Қыдырбек аға еңбекке ерте жастан араласқан. Мектептің 5-сыныбында оқып жүргенде-ақ ат тырма айдап, қырманға шығыпты. Мектеп бітірген соң колхозда жұмыс істеп, іле әскерге азаматтық борышын өтеуге аттанады. Келген соң Қырғызстандағы Скрябин атындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1985 жылы «инженер гидротехник» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын Талас облысының Қарабура ауданындағы жылжымалы механикалық колонна зертханасында инженер болып бастайды. Кейіннен сол мекеменің басшысы болады. Ал тоқсаныншы жылдары Талас облыстық су шаруашылығы мекемесі басшысының орынбасары болып қызмет атқарады. 1997 жылы туған жерге оралып, «Ақсай су» шаруашылығында қызмет істейді.
Қайда жүрсе де Қыдырбек Әшімханұлы іскерлігімен көзге түсіпті. Оның бұл іскерлігін байқаған көрші мемлекеттің Талас облысының басшылығы сатылап көтерген. Елге кету туралы ойын білгенде басшылық қызмет те ұсыныпты. Бірақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстанымды берік ұстанған ол елге еш ойланбастан тартып отырған. Келе сала қызметке араласқан ол көп ұзамай өз шаруа қожалығын ашып, қарапайым тұрмысты жөн көреді. Елге оралған соң нәсібін кәсіптен табуға бел буып, «Өркен-1» шаруа қожалығын құрып, оны өркендеу жолына дейін жеткізеді.
Ал, отанасы марқұм Бибігүл Мамбеталиева ұзақ жылдар бойы аудандық ауруханада балалар дәрігері болып жұмыс істеген ақ халатты абзал жан еді. Алланың жазуымен осыдан алты жыл бұрын о дүниелік болды.
– Әкем бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Біз де өзіміздің соңымыздан ілескен бауырларымызбен балаларымызға еңбекпен тапқан нанның тәтті болатындығын айтып, науқан кезінде жаныымызға ертіп жүрміз. Ондағы мақсатымыз – біздің не істеп, қалай табыс тауып жүргенімізді көрсін деген ниет. Кәсібіміздің арқасында жаман болып отырғанымыз жоқ. Табысымыз жақсы.
Бала отбасында не көрсе, өскенде сол оған азық болады. Шүкір, балаларды жақсы тәрбиеледік. Ең алдымен бала әкеге қарап бой түзейді. Отбасында әкенің рөлі, оның қадір-қасиеті жоғары болуы қажет. Балаңның жанына үңіліп, оның қалауымен санаса білуімізді өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әр ата-ана баласының жақсы азамат болғанын, мамандық иесі атанғанын қалайды. Осы тұста оларға еркіндік беріп, қалаған мамандығын меңгеруге атсалысу ата-аналық парызымыз. Отбасымыздың ерекшелігі осында жатыр. Яғни, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адалдық, еңбекқорлық, тазалықты ту ету балалардың бойына сіңірген дүниеміз. Қандай іс жасасаң да адалынан, шын көңілмен, жүрекпен жасауды үйреттік.
Отбасымызда ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, жоралғылар сақталған. Ата-бабамыздан келе жатқан бай мұрамызды ертеңгі күнге жеткізуіміз керек. Келіндеріміз Назира мен Ақмарал ақ орамалын бастарынан тастамай, сәлемін үзбей салып тұрады. Кішіпейілділіктерін көрсетіп, алдымыздан кесіп өтпейді. Дастарқанымыздан ұлттық тағамдар үзілмейді. «Аталап» немерелерім алдымыздан жүгіріп шығады. Бұдан артық бақыт бар ма адамға?!
Ең бастысы, адам өз мамандығының нағыз иесі болуы шарт. Бұлай дейтінім, қазіргі таңда көп саланың өз маманы тапшы. Өзімнің мамандығым, яғни су шаруашылығында сол істі түбегейлі білетін мамандардың қарасы аз. Біздің уағымызда қатал тәртіп пен жұмыстың сапасына қатаң мән берілді. Суды тартудың өзіндік ережелері бар, сол талап қатаң сақталды. Сонау замандары жүргізген ауызсу құбырлары бүгінге дейін жарамды. Ал, күні кеше жасалған сапасыз дүниелер ертең-ақ жарамай қалып жатады. Сондықтан балаларымызға білімді, саналы болуға үйреттік. Қазір міне, ата атанып, енді немерінің қолынан жетектеп, осылардың тәрбиесіне атсалысудамыз, – дейді Қыдырбек Әшімханұлы.
Еңбекпен талай қиындық еңсерген Қыдырбек Әшімханұлының үлкен ұлы Қуаныш Алматы қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Ал, Дарханы – экономист-заңгер, бүгінгі күні шаруа қожалықтың ісін қолға алған. Сонымен қатар, ол тоғызқұмалақтан бірнеше дүркін чемпион. Ал, Данияр болса жоғары білімді, аудандағы спорт мектебінде жаттықтырушы. Тоғызқұмалақтан студенттер арасындағы Қазақстан чемпионы, кіші универсиада ойындарында самбодан 4 орын иегері, дзюдодан бірнеше дүркін чемпион.
«Жалғыздық құдайға ғана жарасады» деген Қыдырбек ағаның ұлдары, ағайын-туысы оны қайтадан шаңырақ көтеруге үгіттеп, өткен жылы тараздық Ұлтуған Келгенбаевамен көңіл қосады. Оны өмірлік жары деп қабылдап, ұлдары мен келіндері екінші анамыз деп сыйластықпен ғұмыр кешуде. Өзара түсіністік пен сыйластық орнаған Әбдіхановтар отбасы өсіп-өркендеп, көбейіп, шаруасы өрге домалаған жанұя атанып отыр.

Таңдаулы материалдар

Close