Basty bet

Абай – қайта тумас бір әлем

Жырымен ғасырларға үлгі болған Абай – қазақ поэзиясының тәңірі, құдіретті ақыны, қуатты таланты. Биылғы жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы шешім қабылдады.
Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназия директоры Элмира Әбішеваның бастамасымен челлендж ұйымдастырылып, әр бірлестіктің апталығында Абайдың 175 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар жоғарғы деңгейде аталынып отырды. Әр сынып «Абай әлемі» тақырыбында сынып сағаттарын өткізді. Түрлі облыстық, республикалық байқауларда мұғалімдермен қатар шәкірттер топ жарып, өз үлестерімен мектеп қоржынын жүлделермен толықтырып, ұжымды қуантты.
Атап айтар болсақ, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Ұлы Абайға – 175 жыл» атты фестивальға қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері Р.Есенаманова, Ж.Қозыбақова, П.Қасаболатова және 7 сынып оқушылары қатысып, «Сахна саңлақтары» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Абай тағылымы» атты облыстық фестивальда ақынның қара сөздерін 9 сынып оқушысы Раушан Насырова оқып, ІІІ орынды иеленсе, жетекшісі Нұрзинат Төлекова Алғысхатпен награтталды. Онлайн оқу жүйесі барысында республикалық «Абайға арнау» байқауында мектеп оқушылары Нұрай Үркімбай І орыннан көрінсе, Сымбат Тұрсынбай жүлделі орынға ие болды.
Ақынның шығармашылығы – даналықтың, рухани жаңғырудың негізгі көзі. Осы ретте, мектептің кітапхана меңгерушісі Сара Сейітхалыққызы «Ашық есік күнінде» оқушыларға «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырып, өз үлесін қосты. Оқушыларды өз тарапынан ынталандыру мақсатында Алғысхатпен марапаттады. Дәл осындай тақырыпта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Есенаманова 8 сынып оқушылары арасында «дөңгелек үстел» өткізді.
Абай – қазақтың, адамзаттың ұлы. Абай – қайта тумас бір әлем. Абай әлемінде қазақ халқының болмысы, жан азабы мен ой тереңдігі жатыр. Абай халықтан сарқылмас нәр алды. Ал халқы Абайдан өзінің биік тұлғасын көрді. Оған қарап ой түзеді, оған қарап бой түзеді. Халық пен Абайдың тұтастығы мәңгілік. Абайды әр жаңа ұрпаққа, әр пендеге қала берді, бүкіл адамзатқа жақындастыруға қадам жасау – әр қазақтың борышы деп білеміз.
Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай өткізілген іс-шаралар мектептің әлеуметтік желілердегі парақшаларында уақтылы жарияланып отырды.

Толқын Атабекова,
Перизат Қасаболатова,
№1 мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close