Basty bet

Жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді

Жуалыдан шыққан жазушы-сықақшы, халықаралық «Түркі әлемі» кинокомпаниясының бас директоры, «Алтын сафран» жүлдесінің иегері Доқтырхан Тұрлыбекті қарасаздықтар асыға күтуде еді.
Аудандық мәдениет үйінде өтетін «Тәуелсіздік – таңғы нұр, Туған жерім – мәңгі жыр» атты кездесу кеші аясында туған елге келген жазушыны ауылдық округ әкімі Жанат Нұрмұратқызы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов бастаған ауыл жұртшылығы кіреберіс қақпадан қошеметпен қарсы алды. Бұл топтың ішінде Доқтырханмен балалық шақта құлын-тайдай тебісіп өскен достары, жасы үлкен ағалары мен інілері болды. Жазушы олармен қуана қауышты.
Аз-кем амандық-саулық сұрасқаннан кейін ауыл басшылары сыйлы қонақты ауыл орталығындағы «Нұрлыбек» мейрамханасының алдындағы алаңқайда ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникалары мен өнімдері жәрмеңкесіне қарай бастады. Қаз-қатар тізілген техникаларды қарап өтіп, саудаланып жатқан көкөністер мен жемістерді көрген жазушы округ шаруаларының қол жеткізген табыстарына қанықты.
Қарасаз ауылы аудан орталығымен қанаттас жедел өсіп-өркендеп келе жатқан аймақтың бірі. Мұнда соңғы кездері кәсіпкерлік нысандарымен қатар қызмет көрсету саласы да тың қарқын алып келеді. Сондықтан да ауылда биыл жазда салынған сауда үйінің ашылуы жерлес жазушының сапарына орайластырылған екен. Сауда үйінің лентасын ауыл ақсақалдарымен бірге кескен Доқтырхан Тұрлыбек жарық, жайлы әрі кең дүкеннің ішіне еніп, сауда залына қойылған тауар ассортиментін қарап шықты.
Ауылдық мәдениет үйі жерлес жазушының сапарына орай қызықты сауық бағдарламасын ұйымдастырған екен. Мәдениет үйінің алдында оқушылар Тәуелсіздікке арналған шағын флешмоб көрсетті. Одан кейін спорттық жарыстар, ұлттық бұйымдар мен салт-дәстүрлер көрмесі көрсетілді. Жазушы бір жасар сәби Айзеренің тұсауын кесіп, аталық ақ батасын берді.
Әрі қарай мәдениет үйінің көрермен залына жайғасып, ауыл көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Концерт барысында қадірменді қонаққа сөз беріліп, оның иығына қазақы салтпен зерлі шапан жабылды.
Одан кейін жерлестері жайған дастархан басында балалық шақтағы достарымен, замандастарымен өткен-кеткенді айтып, емен-жарқын сұхбат құрды.
Сапар соңында ауыл жұртшылығы жерлес жазушымен қимай қоштасып, келесі жолы да амандықта қауышуға тілектестігін білдірді.
***
Өткен жұмада ауданға журналист, жазушы-публицист, ақын және сазгер Мырзахан Ахметов арнайы келіп, туған жерге тағзым жасады. Қаламгер аудандағы округтер күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – ән-жырым!» атты өнер фестиваліне қатысып, қызыларықтық өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылындағы клубта мерекелік көңіл күй лебі еседі. Клубтың алдында жеңгелер ақ түтінді бұрқыратып бауырсақ, табаны төңкеріп, таба нан пісіруде. Мәдениет ошағының ішіне қолөнер шеберлерінің жасаған түрлі ұлттық бұйымдары көрмеге қойылған. Ауылдың мақтаныштарының суреттері де осында ілінген. Ал, ең бастысы фестивальдің көркін ақ әжелер келтіріп, ауылдың алты аузынан ән шырқап, күбі пісіп, киіз басуда. Кітапханашылар да Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жаңаша кітап көрмесін жасақтаған.
Фестивальге Мырзахан Рахманбердіұлымен бірге мерекелік шараға аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің қаржы бақылаушы маманы, ардагер Әбуғали Ералиев, аудандық мәслихаттың депутаты Гүлнар Мұсаханова қатысты.
Шарада қызыларықтық тұрғындар көптеп жиналып, туған жерге деген сағынышпен келген қаламгерді құшақ жая қарсы алды. Ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып, құрмет көрсетті.
Концерттік бағдарламаның шымылдығы «Балауса» би тобының «Әлқисса» күйіне қойылған қазақ биімен түрілді.
Сахна төріне мерекелік шараға шақырылған қонақтар мен ардагерлер шақырылып, фестивальді ашу құрметі берілді.
Алғашқы сөз алған ақын Мырзахан Ахметов тарихтан сыр шертіп, жерлестерін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтады. Қаламгер: «Ата-баба аңсаған Тәуелсіздіктің ақ таңы осыдан 30 жыл бұрын атып, егеменді ел болдық. Бүгінде шекарасы берік, ұлттар достығы мығым, дербес елге айналдық. Өз жеріміздің иесі өзімізбіз. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздіктің бағасы қымбат. Әлем біздің қазақ елі екенімізді біледі. Ендігі мақсатымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап қалу. Ол үшін аға буын өкілдері жастарға жол көрсетіп, олардың білімді болуы үшін күш салуымыз қажет. Ел ертеңі – жастар. Жастарымыз елдің тұтқасын ұстау үшін талпынып, ізденімпаз, жан-жақты, еңбекқор болуы тиіс» деп игі тілегін жеткізді.
Фестиваль барысында ауылдың ақсақалдары ақ батасын беріп, еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Концерттік бағдарлама «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршендерінің орындауындағы «Біз Тәуелсіз ел ұланымыз» әні мен «Батырлар» биімен жалғасты. Былдырлаған тілімен ән салған бүлдіршіндер мен «мен қазақ батырым» деп билеген балалардың өнерлеріне көпшілік сүйсінді. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп оқушыларының қатысуымен көрініс қойылып, Тәуелсіздік тақырыбында өлеңдер мәнерлеп оқылды. Ақ әжелер «Сәулем-ай» әнін шырқаса, Сұлтан Ахметов пен Керімбай Досанов «Ауылға барамын» әнін жанды дауыста орындады.
Кеш «Жаным қазақ» әнімен қорытындыланып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйланды.
Одан кейін ақын Мырзахан Ахметов ауылдық округтердегі білім ошақтарын аралап, туған жердегі өзгерістер мен жаңашылдықтармен танысып шықты. Сонау Алматы төрінен туған елге келіп, туып-өскен мекенін көріп, өткенге көз жүгіртті. Атқарылған істер мен қызықты сәттерін еске алды.

Таңдаулы материалдар

Close