Basty bet
Ардақты Пайғамбарға салауаттар айтылды
Иісі мұсылман қауымы үшін жыл сайын Мұхаммед пайғамбардың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған күнін атап өту жақсы үрдіс болып қалыптасқан. Бұл бір күн ғана емес, бір ай бойы жалғасын тауып жатады. Мұсылман жамағаты бірінен кейін бірі жалғастырып, әркім шама шарқынша есте қаларлықтай іс-шара өткізуге тырысады. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітінің бүгінгі қоғамға алып келер пайдасы ұшан-теңіз деп айтсақ болады.
Екі дүниенің сардары, адамзаттың асыл тәжі болған ардақты Мұхаммед пайғамбардың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәулітінің құрметіне өткен жұма күні аудан орталығындағы «Толымбайтегі Зиябек» атындағы орталық мешіттің ұйымдастыруымен Б.Момышұлы ауылындағы «Қаракөз» мейрамханасында игілікті шара ұйымдастырылып, жамағатқа ақ дастарқан жайылды.
Иә, осы ай басталғалы ел өңірлеріндегі мешіттерде ерекше атап өтіліп, жер-жерде жалғасын тауып отырған ғибратты шараға ауданға қарасты мешіттердің имамдары мен көпшілік жамағат шақырылды.
Мәуліт мерекесінде «Толымбайтегі Зиябек» атындағы орталық мешіттің имамы, ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев бұл игі әрі сауапты шараның маңыздылығына тоқталды.
-Әуелі Алла Тағаланың мына бір аятына үңіліп көрейік: «Расында Алла Пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен-күнге мерейін өсіруде. Ал оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, момындар! Сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» («Ахзап» сүресі, 56-аят). Демек, бұл аятта өзінің сүйікті құлына Алла тағала періштелерімен бірге салауат айтады және де «иман келтіргендер сендер де салауат айтып сәлем жолдаңдар» деп момын мұсылмандарға да бұйырып тұр. Мәуліт кештерінің ең негізгі мақсаты – Алла елшісіне (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айту екенін ескеретін болсақ, осы кешке қатысқан адамдар жаратушының әмірін орындап, сауап табады екен.
Екіншіден, мәуліт өткізгенде пайғамбардың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен өнегелі оқиғалар айтылып, ол кісінің көркем мінез-құлқы насихатталады. Ол кісінің қара қылды қақ жарған әділдігі, тек қана адамдарға ғана емес, барша жаратылысқа деген мейірімділігі, жомарттығы, сабырлылығы, осындай керемет адами қасиеттері насихатталатынын ескерсек, қоғамымызға деген тәрбиелік мәнінің зор екенін байқаймыз.
«Сендерге өз араларыңнан хақ пайғамбар келді. Оның сендерге жанашырлығы соншалық , тіпті болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар (сендер үшін қатты қорқады, сендерді ойлап көп уайым жейді). Ол момындарға сондай жанашыр өте мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят). Хақ Тағала осы аятта елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне қаншалықты жанашыр екенін, олар үшін қатты уайымдайтынын айтып тұр. Олай болса әрине, бізді соншалықты жақсы көрген пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз де жақсы көреміз. Ол кісінің махаббатына махаббатпен жауап беру үмметі үшін міндет десек дұрыс болар.
Мынандай бір керемет сұхбатты баяндап өтейік. Бір күні сахабаларымен отырған Алланың елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырларымды сағындым!», – деп сондай бір сағынышпен айтқанда, қасындағы кісілер елең етіп: «Я, Расулулла! Сіздің бауырларыңыз мына біз емеспіз бе?!» – деген екен. Сонда пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер менің жанкешті сахабаларымсыңдар. Әзиз бауырларым, менің қазамнан кейін келеді. Мені көрмесе де иманға келеді, естімесе де айтқандарымды бұлжытпай орындайды. Әрі мені шын сүйеді. Менде оларды жақсы көремін», – деген екен. Осы бір ғажап елшінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңынан ерген момын-мұсылмандар ол кісінің туған күнін ғасырдан-ғасырға жалғап атап өтуде. Өйткені Алланың ақырғы елшісі «Үмметім, үмметім» деп соңғы демі шыққанша өзін емес үмметін уайымдап, сағынып өткен еді. Біз де пайғамбарымызды сағынамыз, салауаттар айтамыз, сәлемдер жолдаймыз. Қияметке шейін осылай жалғасады.
Құрметті бауырлар және жамағат. Мәуліт мерекесінің осындай мән-маңызы бар. Сондықтан, Алла елшісіне (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы жерде салауат айтып қана қоймай, оны үнемі қайталап айтып жүру қажет. Мәуліт мерекесіне жиналған барша жамағаттың отбасына амандық-саулық, істеріне береке тілеймін. Асыл дінімізге қуат беріп, ел аман, жұрт тыныш болсын,- деді бас имам.
Алла елшісіне (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту мерекесінде ауыл қариялары мен имамдар өнегелі әңгімелер айтып, жастарды имандылыққа және асыл дінімізді биік дәрежеде қадірлеуге шақырды.
Одан бөлек, ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев және Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков қасиетті Құран аяттарын оқып, оны Ардақты Пайғамбардың әзиз рухына бағыштады. Одан кейін Мәуліт мерекесінің негізгі дәстүріне сәйкес, көпшілікпен бірге Мәуліт жыры айтылды.
Айта кету керек, Мәуліт мерекесіне арналған ақ дастарқанды ауданға белгілі кәсіпкер, «Қаракөз» сауда орталығының (мейрамханасы) басшысы Қарлығаш Байдатханқызы жайып, қариялардың ақ батасын алды.
Бір сөзбен айтқанда, асыл дініміз бен ізгі қоғам және рухани келісім ұғымдары бір-бірімен мағыналас. Ал, хакім Абайдың: «Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос» деген ой толғауы да осы ақиқатты меңзейді. Ол – адам баласының рухани үйлесімділігі жайлы ақиқат. Ұлы Алланың Елшісі Мұхаммед (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбардың есімі мен асыл дініміздегі биік дәрежесін жамағатқа үлгі-өнеге ету – ата-бабаларымыз салып кеткен тура жолдан айнымауды меңзейді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»