Basty bet
Сенің атың тұра тұрсын, менің атым шаба тұрсын …
Өңірдегі құрылыс жұмыстарымен айналысатын кейбір мердігер ұйымдардың тірлігінен осындай өзімшіл, менмен пиғылды байқауға болады
Биыл жазда «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының шарапаты мен игілігін аудандағы көптеген елді мекендердің сезінетіні, әлбетте, қуанарлық жағдай. Соның арқасында тұрғындардың талайдан бері көтеріп жүрген газ және ауызсу құбырларын тарту, ауыл аралық және көше жолдарын жөндеу, білім беру мекемелерінің ғимараттарын ағымды және күрделі жөндеу, кейбіріне жапсарлас бөлмелер қосу арқылы кеңейту сықылды көнекөз проблемалар шешімін табатын болады.
Алайда, мемлекеттік конкурстардың жеңімпаздары болып танылған кейбір мердігерлердің өз міндеттемелеріне салғырт қарауы, жұмыс кестелерінде белгіленген құрылыс мерзімдерін ұстанбауы көңілге қаяу салып, қуанышқа толы сезімді су сепкендей басады.
Сөзіміз құрғақ болмауы үшін әр өңірден мысалдар келтірелік. Шақпақ ауылдық округіндегі Ынтымақ ауылының тұрғындары ауызсу құбырын тартып жатқан «Байсын-А» ЖШС-нің қырсыздығына ауыл, аудан басшылығына шағымдануға мәжбүр болған. Бұл туралы газет беттерінде бірнеше мәрте көтерілді де.
Нақтылап қайта айтар болсақ, жоғарыда көрсетілген мердігер компания құрылыс жұмыстарына кірісе салысымен, құбыр төсеу үшін көше бойларын қазып тастаған. Объект басына құбыр аз жеткізілгендіктен, жұмысшылар қазылған шұңқырларға бар құбырларды төсеп, өздері кетіп қалған. Орлардың кей тұстары жабылғанымен, көп бөлігіне құбыр төселмей, ашық қалған. Ашық орларға өріске шыққан, қайтқан малдар түсіп кетіп, мал иелерінің ашу-ызасын туғызған. Шұңқырлардың уақтылы жабылмауынан адамдардың өз ауласына көлікпен кіріп-шығуы мұң болып қалған.
Бұл әсіресе, жазғы шөп шабу науқанында шаруаларды әбден әбігерге салған. Қала берді, жолдың жиегінде үйілген топырақ желдің ұйытқи соғуымен және автокөлік қозғалысымен аспанға шаң көтеріліп, бұл шаң-тозаң аулалар мен үйлерге кіріп, адамдардың тынысын тарылтқан. Мердігер ұйым болса, сол кеткеннен мол кетіп, қарасын да көрсетпеген …
Дәл осындай олқылыққа аудан орталығындағы Қонаев көшесінің бойындағы инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстары барысында да жол берілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазынадан бөлінген 55,7 млн теңгеге жалпы ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын көше жолын орта жөндеуден өткізу, жиегіне суағар науалар орнату және 300 метріне жаяу жүргіншілер соқпағын салу жоспарланған. Тапсырыс берушісі Бауыржан Момышұлы ауылының әкімдігі, мердігер ұйым болып «L-Vita Temp stroy» ЖШС танылып, құрылыс жұмыстарына мамыр айында кіріскен.
Біздер, журналистер, өз тарапымыздан аталған объектідегі құрылыс барысын біразға дейін назарымызда ұстадық. Шамамен бір айдан астам уақыт объект басында үздіксіз жұмыс жүріп, жұмысшылардың қайла-күректерінің сыртылы мен техникалардың гүрілінен құлақ тұнғандай болды. Осы мезгілдің ішінде асфальт жамылғысының бірнеше қатпары сүріліп тасталды. Жолдың бір жиегін бойлай суағар науалар қондырылды. Істің шапшаң қарқын алғанына көше тұрғындары да қуанып, жұмыстың тезірек біткеніне тілеулес болып жүрді.
Қалай десек те, осы айтылған шаруалар атқарылғаннан кейін жұмыс тоқтап қалған. Қазір көше бойынан не қыбырлаған техниканы, не жұмысшыны кездестіре алмайсың. Есесіне, аяқталмаған құрылыстан көтерілген шаң адамдардың тынысын тарылтып тұрған жайы бар. Кейбір аулалардың тұсына үйілген сары топырақ, аршылған жолдың жиегінде бей-берекет жатқан шағалтастар алаңсыз тіршілікке қолбайлау болып тұр.
Байырғы көше тұрғыны, жасы тоқсаннан асқан кейуана Хадиша Тойшыбекова бірауық көшеге шығып, таза ауамен тыныстаудан қалғанын, желді күндері, тіптен жай күндері жүйткіп өткен көліктің артынан шаңды бұлт аспанға көтеріліп, есік-терезені тұмшалаумен әлек болатынын айтады. «Көліктердің доңғалақтарынан ұшқан шағалтастар шытырлап, үйлердің терезелеріне тиіп жатыр. Ойын балалары үлкендердің тыйымына қарамастан, түйір тастарды қоршауларға лақтырып, мазаны кетіреді» дейді тағы бір тұрғын Жанат Қашкеева. Ирина Козлова да бірнеше айдан бері жолдың қазылып жатуы жайсыздық әкелгеніне ренжулі. Кей тұрғындар «мердігер ұйымның атын да, затын да білмейміз, объектінің паспорты жазылып, ілініп тұрушы еді, оны көрмедік, кемшіліктерді айтып, кімге шағымданарымызды білмейміз» дейді.
Өзін Қуаныш деп таныстырған отағасы: «Көшенің жоғарғы тұсынан бері қарай бір қапталға түсірілген суағар науа біздің үйдің тұсында аяқталып, жалғасы қарсы бетке өтеді. Алайда, екеуінің арасын жалғайтын қиғашталған жерасты тұрба әлі күнге салынған жоқ. Суағар науаның қазылған жерінен шыққан сары топырақ үюлі жатыр. Жел тұрғанда шаңы аспанға көтеріледі» дейді.
Қалай десек те, тұрғындардың өкпе-реніші орынды. Таяуда Мойынқұмға барған сапарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ауыл жұртшылығымен кездесуінде мердігерлердің әрекетін сынға алып тұрып, барлық қадағалау, жіберілген олқылықты түзетуді талап ету шаралары жергілікті биліктің құзырында екенін ескерткені есімізде. Осы ретте мердігерді шақырып, жөнге салуға тиісті ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповпен тілдескенімізде, ол «Объектідегі құрылыстың аяқталу мерзімі қыркүйек айының 11-іне белгіленген. Сондықтан мердігер барлық инфрақұрылымдық жұмыстарды осы мерзімде аяқтайтын болады» деп қысқа қайырды.
Ауыл әкімдігінен бізге жолдаған ақпараттық хабарламада «Атқарылып жатқан жұмыстарға техникалық бақылауды «Амаль» ЖШС, авторлық қадағалауды «Тараз Дорпроект»» ЖШС жүргізеді. Одан бөлек, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған жұмыс тобы бақылауда» делінген.
Сонда «ауыл әкімі мердігерден осы уақытқа дейін тұрғындарға жайсыздық әкелген жол жиегіндегі шағалтастарды жиыстыруды, шаңды басу үшін арнайы техникамен жол жамылғысын суғаруды неге талап етпейді?» деген сауал көкейден кетпейді. Мейлі, құрылыс мерзімі сол кезде аяқталсын, орта жолда тым болмаса осыны талап етіп, орындатуға болады ғой.
Өңірдегі жауапты атқамінерлердің ешқайсысынан халық үшін әл-әзір мұндай әрекетке барғанын байқамадық. Оның бір ұштығы мынаған келіп тірелетін сияқты: ауыл әкімі болсын, тиісті сала басшысы болсын, мердігерге жобадан тыс жұмыстарды орындауға қолқа салып, одан тиісті нәрсені сұрауға келгенде, сөзі өтпей қалатын көрінеді. Ондай жайттарды естіп, біліп жүрміз. Тым алысқа бармай, дәл осы мердігер «L-Vita Temp stroy» ЖШС-нен демеушілік көмек есебінен көше бойында орналасқан орталық мешіттің алдына автокөлік тұрағын салып беру сұралып отыр екен.
Ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповтың өзі бір жолыққанда көше жолын салып жатқан мердігерге жобаға кірмейтін құс өсіретін бір кәсіпкердің қоражайына апаратын қара жолды тегістеп, шағалтас төсеп беруді қосымша сұранып отырғанын айтқан еді.
Дейтұрғанмен, Қонаев көшесінің тұрғындары «ертең күрең күзде жауын-шашын басталғанда, құрылыс аяқталмай қалса, лай кешіп жүрмейміз бе?» деп алаңдаулы.
Бет қатталып жатқанда: Мақалада сөз болған аудан орталығындағы Қонаев көшесінде бір айдан астам уақыттан бері тоқтап қалған жол жөндеу жұмыстары қайта жанданып, мердігер ұйым «L-Vita temp stroу» ЖШС асфальт жамылғысын төсеуге кірісті. Жөндеу жұмыстарына 15 бірлік ауыр жүк автокөлігі және 4 бірлік арнаулы техника жұмылдырылған. Объект басында 40 шақты жұмысшы еңбек етуде. Серіктестіктің учаске бастығы Сәкен Шубаев 1,4 шақырымдық көше жолын үш күнде асфальттап бітіруге уәде берді.
Енді тұрғындар сонша уақыттан бері асыға күткен жөндеу жұмыстары тиісті мерзімде әрі сапалы аяқталса, құба-құп болар еді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»