Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Туған жерім – дархан далам!» тақырыбында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Жуалы ауданының күні өтті.
Аталған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысты. Шара аудан еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен бастау алды.
Жәрмеңкеге ауданымыздан 7,5 тонна картоп, 5 тонна көкөніс, 250 келі жылқы еті, 250 келі қой еті, 500 келі сиыр еті, 200 келі бал өнімдері, 2 тонна алма, 500 келі табиғи қолдың қаймағы, құрты, ірімшігі мен ауданымыздағы ірімшік зауыттарынан 1 тонна сүт өнімдері қойылды.
Жуалы ауданының ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері жылды жақсы қорытындылады. Оны жәрмеңкедегі санына-сапасы сай азық-түліктің сан алуан түрін, оған деген халықтың қызығушылығы мен жоғары сұранысынан байқауға болады.
Жәрмеңкеде қала халқының ауданымыздың сүт өнімдеріне сұранысы жоғары болды. Сонымен қатар, алма, алмұрт секілді жеміс-жидектерге де қызығушылық танытты.
Одан бөлек, жәрмеңкенің маңында аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен спортшылар арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату, үстел теннисі және бокс секілді спорт түрлерінен ойындар көрсетілді.
Келесі кезекте өңір басшысы кітап көрмесімен танысты. Сондай-ақ, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесіне арнап, ұлттық киімдегі 30 әженің «Жуалым» әнін орындауы, күйші Кенен Әзірбаевтың ескерткіші алдында 30 өнерпаздың бір мезгілде «Балбырауын» күйін күмбірлетіп тартуы, 30 қыз-жігіттің қазақ халқының ұлттық биі «Қара жорғаны» билеуі ерекше назар аудартты.
Өзбек, шешен, славян, әзірбайжан ұлттық мәдени орталықтар ұлттық тағамдарынан дастарқан жайып, өз ана тілдерінде көпшілікті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтап, ұлттық өнерлерін ортаға салып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұдан соң «Мәңгілік ел», «Қазақ елі», «Бәйтерек», «Тәуелсіздік» монументтерінің макеттері, «Жуалы» деп аталатын ауданнан шыққан ұлы тұлғалар даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы, жазушы-публицист Шерхан Мұртаза, ақын-жазушы Бауыржан Үсенов, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Еңбек Ері Аягүл Миразованың және т.б. белгілі азаматтардың суреттері бейнеленген кітап макеттеріне шолу жасалды.
«Баласағұн» орталық концерт залының алдындағы баспалдағына рет-ретімен сақшылар секілді тұрғызылған «Алтын адам» киімін киген қатысушылар және Қазақ хандығының тарихынан сыр шерткен батырлардың бейнесі, «Тайқазан», «Тақ» макеттері кештің шырайын аша түсті.
Әрі қарай «Баласағұн» ОКЗ ішіне енген облыс басшысына ауданның тарихи-өлкетану мұражайының көне жәдігерлері, сондай-ақ №1 Балалар өнер мектебінің «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» аталатын қолөнер шеберлерінің көрмелері таныстырылды. Көрмеде қолөнершілер батырлардың, ауданнан шыққан ұлы тұлғалардың бейнесін бейнелеген.
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отырған концерт те жоғары деңгейде өтті.
Көрермен залында көпшілікке арналған аудандық мәдениет үйінің әзірлеген концерттік бағдарламасы тарту етілді. Шараның шымылдығы «Мыңбұлақ» халық театрының «Тәуелсіз елім – тұғырың сенің биікте!» атты театрландырылған көрініспен түрілді.
Жалпы концертке жиылған жұрттың қарасы қалың болды. Қала тұрғындары әсем ән мен әуезді биге ризашылығын білдіріп, жоғары дайындықпен келген жуалылық өнерпаздардың әр нөмірін қошеметке бөлеп отырды.
Концерттік бағдарламада аудан өнерпаздары әндер мен билерден шашу шашып, қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше әсерге бөледі. Әсіресе, елдегі пандемиялық ахуалға байланысты әбден қажыған жұрт үшін бұл мереке көптен күткен той іспетті болғаны анық.
Айта кету керек, сахнада Б.Тілеуханның «Жерім менің», Ж.Қыдыралиевтың «Жуалым», М.Жолдасбековтың «Таразым», Н.Жаңабайдың «Туған жер» секілді бірқатар әндер шырқалып, «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің бишілер тобы өз өнерімен көпшілікті тәнті етті.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»