Basty bet
Білімді тәжірибемен ұтымды ұштастыруда
№ 16 «Жуалы» кәсіптік колледжінде алты жылдан бері дуальдық оқыту жүйесі қолданылып келеді. Облыс әкімдігі білім басқармасының 2014 жылғы 11 қарашадағы № 746 бұйрығының негізінде 2015 жылдан бері колледждің білім беру процесіне енгізілген бұл тәсіл бүгінде өзінің өміршеңдігін толық дәлелдеп отыр.
Колледж директоры Медет Иманбаевтың айтуынша, осы уақыт аралығында аталған оқыту жүйесімен кәсіптік-техникалық оқу орнын барлығы 106 түлек аяқтап, олардың басым бөлігі жұмыспен қамтылған. Оқу жылы бойында мамандықты оқып-үйренуге 1 440 сағат жоспарланса, теориялық білім 40, ал өндірістегі тәжірибе 60 пайызды құрайды.
– Бұл жүйенің тиімділігі сонда, студенттер колледж қабырғасында алған теориялық білімін өңір шаруашылықтарында, коммуналдық кәсіпорындарында тәжірибемен ұштастыруға, практикалық дағдылармен қарулануға мол мүмкіндігі бар. Осы мақсатта колледж аудан аумағындағы ірі кәсіпорындар болып есептелетін «Бурный» сүт компаниясы», «СМТС», «Гамбург» серіктестерімен, «Жасыл Жуалы», «Жуалы-су», аудандық электр желілерін тарату мекемелерімен және 12 шаруа қожалығымен үш жақты келісімшарт жасасқан. Келісімнің бір тарапы оқу орны болса, екінші және үшінші тараптары шаруашылық пен студент болып табылады.
Шалғай елді мекендердің балалары үшін сол аймақтағы шаруашылықтарда тәжірибеден өту қарастырылған.
Дуальдық жүйе алғаш енгізілгенде «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист» мамандығы бойынша бір топтағы 15 оқушыға тәжірибе жасалса, 2019-2020 оқу жылында екі топ қамтылды. Жаңа оқу жылында осы жүйемен 23 студент білім алуда, – дейді колледж директоры.
Біз арнайы пән оқыту кабинетінде өтіп жатқан сабақ барысын көзбен көрдік. Пән оқытушысы Айткүл Әсілбаева «Ауыл шаруашылығы техникаларының құрылысы және қызмет көрсету» тақырыбында дәріс беру үстінде екен. Ұстаз сабақ үстінде ауыл шаруашылығы техникасының қозғалтқышын, интерактивтік тақтаны, электрондық макеттерді қолданады. Өндірістік шебер Жарас Сармұрзиннің жетекшілігімен студенттер комбайн мен трактор жүргізуге арналған виртуалдық жаттықтырғышта техниканы іске қосқаннан бастап оны іс жүзінде басқарғандай әсерде болады.
Махмуд Әлиев өз тұратын Жетітөбе ауылдық округінің Қосмұрат ауылындағы «Алтынбек» шаруа қожалығында өндірістік тәжірибеден өтуде. Студент өзінің таңдаған мамандығына дән риза. Қожалық басшысы Мәди Рақышев «МТЗ-80» тракторының руліне отырғызып, егіс науқаны кезінде тіркемелермен жұмыс істеуге машықтандырады.
Шақпақата ауылынан Кирилл Коломацкий өз әкесі Виктор Коломацкийдің «Единство» шаруа қожалығында «Нива» комбайнын жүргізуге дағдыланып жүр. Науқан шағында «ДТ-75», «МТЗ-80» тракторларына қопсытқышты, шөп тайлағышты тіркеп, шаруашылыққа қолғабысын тигізіп жүр.
Одан бөлек, колледждің бес студенті Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-нде өндірістік шебер Жарас Сармұрзин мен шаруашылықтан бекітілген тәлімгердің басшылығымен өндірістік машықтанудан өтуде. Олар колледж бітіргеннен кейін аталған шаруашылықтарда қалып, еңбек жолын бастауға дайын.
Оқу орнында студенттердің теориялық білім алуы үшін барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Жақында ғана колледждің оқу-өндірістік базасы жаңа техникалармен толықты. Мұнда қазір Германияда шығарылған «Jhon Deere» комбайны, 195 аттың күшін беретін «Deutn-Fahr», Қытайдың 135 аттың күшін беретін «Тайхунх» тракторлары, Украинаның дән сепкіші, Қазақстанда құрастырылған «МТЗ» тракторы, Польшада шығарылған «Фаворит» маркілі әмбебап қопсытқышы, чехиялық соқа, түркиялық шөп тайлағыш бар.
Одан бөлек, колледждің оқу-тәжірибелік алқаптарында студенттер дәнді дақылдарды себу, өсіру, жинау барысын көзбен көріп, оқу шеберлерінің басшылығымен техниканы басқарып, теориялық білімін нақты іске асыруға мүмкіндік алады.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»