Basty bet

Жарқын естелік

Бауыржан атаның 110 жылдығына орай ол кісі туралы өзімнің естелігімді айтқым келіп отыр. 1971 жылдың жаз айында Бауыржан ата Амансай деп аталатын Қаратаудың Билікөл маңындағы сайында демалып жатты. Ол кезде біз «Путь Ленина» деп аталатын ауылда тұратынбыз. Жолдасым Сансызбаев Бейсалы мектеп директоры болатын. Мен оқытушы болып істейтін едім.
Бір күні мектеп машинасына сәлем-сауқатымызды салып, кішкентай 4 жасар қызымыз Гүлнараны алып, Бауыржан атаға сәлем беруге бардық. Жолдасым ол кісімен бұрын кездескен екен. Киіз үйге кірсек, Ата туған-туыстарының, таныстарының ортасында әңгімелесіп отыр екен. Кіріп сәлем бердік. Кішкентай қызымның қолын ұстап сүйіп бата берді. «Келін красивая женщина» деп маған да жақсы сөз арнады. Жолдасыма «қанша қалың мал төледің» деген әзілін де қосып қойды, Кісілермен бірге далаға шықты. Қолына әдемі таяғын ұстап жүрді. Апалар отырған үйге кіріп оларға да әзіл сөздерін арнады.
Сол жолы Атаның келіні Зейнеппен де таныстым. Кішкентай Ержан деген ұлы бар екен. Зейнеп те сол кездегі жағдайларын айтып қамығып отырды. Бақытжанның аяғы ауырып ауруханада жатыр екен. Қазіргі шаруалардан босай алмай, Алматыға кете алмай жатқанын айтып берді. Сол күнгі ел ардақтысы батыр Бауыржан атамен бірге отырып әңгімелерін тыңдаған уақытымыз мәңгі есте қалған сияқты. Әлі де сол күнді көз алдымнан түгелдей елестете аламын. Осы естелігімді газет бетіне шығарсам деп ойладым. Ол кісіні көрген адамдардың бәрі естелік жариялап жатыр. Маған да Ата туралы кішкентай мақаламды жариялауға болатын шығар деген ой келді.
Айтпақшы, сол жазда туған бауырым Шәкіржанның баласы дүниеге келді. Атаның құрметіне атын Бауыржан деп қойды. Сол Бауыржаным қазір 4 баланың әкесі, аман-сау Майтөбе ауылында тұрып жатыр. Барлық Бауыржандар аман болсын!

Баян САНСЫЗБАЕВА.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close