Basty bet

«Не ексең, соны орасың…»

ауданда күздік бидай себу аяқталды

«Өткен жылға өкпеміз жоқ, келер жылдан үміт көп» дейміз біз әдетте. Әне-міне, дегенше 2020 жыл да өтіп барады. Жыл аяқталуға таяу. Қазан аяқталып, қараша айының алғашқы күндері де сырғып өтіп барады. Бұл жылға өкпеміз жоқ. Коронавирустық инфекцияның салдарынан болған пандемия қос өкпеден қысқаны рас. Алайда бұл сынақтан халқымыздың мызғымас ынтымақ-бірлігінің арқасында өтіп келеміз.

Ендігі, айтайын дегеніміз, аудандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы, шаруалардың биыл атқарған еңбектері жайында болмақ.
Аудан шаруаларының пандемияға қарамай, уақытпен санаспай еңбек етуінің нәтижесінде төккен тердің өтеуі ақталды. Биыл барлық ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алынды. Былайша айтқанда, жуалылықтар «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген қағиданың нағыз үлгісін көрсете білді.
Осыған орай жиын-терім жұмыстары да өте ұйымшылдықпен өтті деуге толық негіз бар. Шаруалар өндірген өнімдерін лайықты бағамен саудалауға мүмкіндік алып, бұл ретте аудан әкімшілігі тарапынан бірқатар жұмыстар қолға алынғанын да айта кетуіміз қажет. Ағымдағы жылдың қыркүйек айының басынан соңғы күндеріне дейін Б.Момышұлы ауылындағы бұрынғы автобекет маңындағы «Мадина» сауда орталығының алдындағы жабық алаңда, «Алқаптан-сөреге» бағдарламасы шеңберінде барлық санитарлық нормалар сақтала отырып, ауылдық округтердің шаруа қожалықтары мен тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып өткізілді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 14 ауылдық округтің шаруа қожалықтары және «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз өнімдерін әкеліп, нарықтық бағадан 15-20% төмен мөлшерде арзандатылған бағамен саудалады. Жәрмеңкеде саудаланған өнімдерді атап айтатын болсақ, қой еті – 250 келі, қызанақ – 2800, қияр – 1800, алхоры – 680, сәбіз – 1000, картоп – 12 000, қырыққабат – 1600, алма – 700, алмұрт – 300, бал – 50 келі және сүт өнімдері – 100 литр. Қыстық азық қорын дайындау үшін аудан тұрғындары да ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан сатып алды. Олар тиісінше, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жәрмеңкелерді жиі-жиі ұйымдастару жайында ұсыныстарын білдіріп жатты.
Сонымен қатар, қыркүйек-қазан айларында Нұр-Сұлтан және Тараз қалаларының айналасында азық-түлік белдеуін құру, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысқан болатын.
Жәрмеңкеде жалпы құны 18 876 млн теңгені құрайтын 76,2 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Атап айтқанда, 8,6 тонна ет (жылқы, сиыр, қой еті), 8,2 тонна сүт өнімдері, 0,6 тонна бал, 3,7 тонна жеміс-жидек, 55,0 тонна картоп және 6,3 тонна әртүрлі ауыл шаруашылығы өнімдері қала тұрғындарына ұсынылды..
Аталған жәрмеңке ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өз тауарларын ешқандай делдалсыз, тұтынушыларға тікелей сатуға молынан мүмкіндік берілді. Нәтижесінде жәрмеңкедегі тауарлардың бағасы нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен өткерілді.
Аудан шаруалары күздің алғашқы айларында келер жылдың өнімі үшін жерлерін дайындап, күздік бидай егіп, сүдігер көтеретіні белгілі. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің 2021 жылдың өнімі үшін егілетін ауыл шаруашылығы дақылдары туралы мәліметтерін сөйлетсек, келер жылы да салада қыруар жұмыстар атқарылмақ. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 210 772 гектарды құрайды. Оның ішінде 96 630 га егістік жер бар. (суармалысы 8 707,5 га, оның ішінде суармалы егістігі 8373,5 га). Шабындық 2 046 га, жайылым 109 439 га, көпжылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 4 017 гектарға тең.
Тиісінше, 2021 жылдың өнімі үшін 57 995 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде, 28 000 гектар арпа, 3700 га көпжылдық шөп, 21 900 га майлы дақылдар, 2660 га картоп, 685 га көкөніс, бақша дақылдары, 300 га дәндік жүгері, 750 га сүрлемдік жүгері егу жоспарланып отыр. 2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары барлығы 53 694 гектарға егілсе, 2020 жылы егілген егістік көлемі 57 221 гектарды құрады. 2021 жылдың өнімі үшін егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 774 гектарға артып отыр.
Мал азығына арналған дақылдарға келер болсақ, оның көлемі 31 800 гектарға орналасқан. Оның ішінде өткен жылдардағы көпжылдық шөп 31 050 га, егілетін таза жоңышқа 3 700 га, сүрлемдік жүгері 750 га.
2021 жылдың өнімі үшін күздік бидайды 9800 гектар алқапқа егу жоспарланған. Оның нақты себілгені де 9800 гектар болып, жоспар 100 пайызға орындалып отыр. Себілген 1750 тонна бидай тұқымының 122 тоннасы элиталы және 530 тоннасы І репродукциялы тұқымдар. Сүдігер көтеру жұмыстары бойынша жоспар 58 800 гектар болса, оның нақты орындалғаны әзірге 37 900 гектар болды. Бұл жұмыстардың орындалғаны 65 пайыз.
Ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді игеруде техниканың рөлі зор. Осы орайда аудан агроқұрылымдары мен шаруашылықтарда бүгінгі күнге барлығы 625 трактор тіркелген. Сонымен қатар, 12 дана тұқым дәрілегіш, 127 дана дән сепкіш, 200 дана соқа, 125 дана культиватор, 112 дана тырма бар. Ауыл шаруашылығы техникалары қазірден бастап жөнделіп, көктемгі дала жұмыстарына дайындыққа қойылды.
Күзгі дала жұмыстары барысында Алматыдағы ғылыми зерттеу институттарынан 20 тонна және Шығыс Қазақстан облысынан 80 тонна күздік бидайдың элиталық тұқымдары алынып, егістік алқаптарға себілді. Аудан шаруашылықтарына қажетті 5040 тонна жаздық арпа және 415 тонна мақсары дақылдарының тұқымдары толығымен шаруалардың тұқым қоймаларында сақталуға қойылған. Қосымша жоғары репродукциялы 224 тонна арпа және 14 тонна мақсары тұқымын алу үшін «Красноводопад» тәжірибелі тұқым шаруашылығына тапсырыс берілді. Ауданда ашылған «Сансызбай» тұқым шаруашылығы 2021 жылдың өнімі үшін келесі жылы көктемде І репродукциялы мақсары тұқымын сататын болады.
Ал картоп тұқымына келер болсақ, шаруаларға қажеттісі 7980 тонна. Қарағанды облысындағы «Астра» элиталы тұқым шаруашылығымен аудандағы 18 шаруашылық 1160 тонна элиталы және І репродукциялы картоп тұқымын алуға келісімшарт жасасып, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы құжаттарын рәсімдеу үстінде.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close