Basty bet

Әлеуметтік кодекстегі өзгерістер түсіндірілді

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әлеуметтік кодекс әзірленді. Қазақстан үшін бұл жаңа құжат және оны әзірлеу үшін әлеуметтік саланы реттейтін барлық заңды біріктіру қажет. Қазір ондай заңдар (жәрдемақы, атаулы көмек, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы туралы және т.б.) өзгерістер енгізілді.
Осы орайда аталған Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған жиналыс аудан орталығына қарасты Б.Момышұлы ауылы және Қарасаз ауылдық округінің әкімшілік ғимараттарында өтті. Онда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының әлеуметік мәселелері жөніндегі орынбасары Марал Ділдабекова, Эльмира Пашанова, Қалия Өмірбайқызы ауыл тұрғындарына әлеуметтік кодекстердегі өзгерістермен таныстырды.
Олардың айтуынша, аталған жаңа кодекстегі жаңа өзгерістерге сәйкес «Алтын алқа» алқасымен наградталған аналарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтар болсақ, төрт баладан бастап көпбалалы отбасына жататыны айқындалып отыр. «Наградталған аналар» мәртебесі енгізілді. Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл мәртебені «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге беріледі.
Сондай-ақ наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді. Бүгінде 6,7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алуда. «Алтын алқа» алқа, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен және «Батыр Ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін артты. Бұл жәрдемақы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап төлене бастайды.
Бұл өзгеріс наградталған 90 мыңға жуық ананы қамтиды.
Жамбыл облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның маманы Эльмира Пашанованың айтуынша, 2023 жылдың 3 айында 171,1 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамту органдарына еңбек делдалдығына жүгініп, олардың 89,1 мыңына жұмыспен қамту шаралары ұсынылып, оның ішінде, 25,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Бизнес Бастау» жобасы шеңберінде 26,8 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен қамтылады.
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының сектор меңгерушісі Шарипа Жорғатайқызы өз сөзінде: «Бала күтімі бойынша төлем кезеңі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлемді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды. Аталған төлемді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1,5 жасқа толмаған балалары бар 760 мың отбасы алады деп жоспарлануда» – деді ол.
Бала күтімі бойынша жәрдемақы жұмыс істеймейтін аналарға республикалық бюджеттен, ал жұмыс істейтін аналарға «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан» төленуде. 2023 жылдың І тоқсанында алушылардың саны 435 мыңға жетті, оның ішінде 93 мыңы бюджеттен бала санына қарай 19,9 мың теңгеден 30,7 мың теңгеге дейін алуда. Ал қалған 343 мыңнан астам аналар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде алуда. Әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 48 мың теңгені құрады. Еліміздің мәдени потенциалын дамыту үшін өнер мен спорт саласындағы танымал адамдар тартылатын болады.
Бүгінде мүгедектігі бар адамдар техникалық көмекші құралдар мен оңалту қызметтеріне Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады. Тұрғындар тарапынан мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс істеу мүмкіндігі қаншалықты жасалған, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналардың жай-күйіне және зейнеткерлікке шығуға байланысты қойылған сұрақтарға заңнама тұрғысынан сауатты жауаптар берілді.
Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған тұрғындармен кездесулер ауданға қарасты Нұрлыкент және Жетітөбе ауылдық округтерінде ұйымдастырылды.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close