Basty bet

Билер жұмысы билiк айтумен шектелмейдi

Бүгінде елімізде қалыптасқан билер кеңесі институты сот ісінде өз жемісін беріп келеді. Сот процесінде билер кеңесі азаматтық сотта екі тараптың келісімге келуіне көп септігі тиюде. Әсіресе жас отбасыларды сақтап қалуда, жастар тәрбиесін қолға алуда билер кеңесінің қосып отырған үлесі зор.
Аудандағы билер кеңесінің жұмысын бүгінгі таңда облыстық билер кеңесі жоғары бағалап отыр. Өйткені, мұндағы билер жақсы жұмыс өрнегін көрсетіп, өз бітімгерліктерімен көзге түсуде. Солардың арасында ауданға, облысқа белгілі Аманжол Дүрәліұлы сынды қарияларымыздың болғаны қуантарлық. Сот жанындағы билер кеңесінің мүшелері үнемі облыстағы билер кеңесі арқылы білімдері мен біліктіліктерін жетілдіріп, қоғам өміріне етене араласумен келеді. Жуырда Жамбыл облысы бойынша билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов Жуалы аудандық сотында жұмыс сапарымен болған кезде де, мұндағы билер кеңесінің жұмысына жоғары баға бергенін айтпай кетпеуге болмайды.
Бір атап өтерлігі, мұнда билердің жұмыс кабинеті және татуласу кабинеті жұмыс істейді. Олардың материалдық жабдықталуына сот тарапынан жақсы көңіл бөлінген. Аудандық сот төрағасы Бабырхан Абуевтың айтуынша, қазіргі таңда аудандық соттың ғимаратында билердің арнайы кабинеті бар. Ол кабинетке қарама-қарсы бетте татуластыру орталығы орналасқан. Ол кабинетте билер қос тараптарды бітімге келтіру, аудан тұрғындары арасында дау-дамайды сотқа дейін татуластыру жұмыстарын жүргізеді.
Бұдан бөлек, билер кеңесінің жылдық жоспары бекітілген. Жоспарда ауыл тұрғындары арасында қарияларды, ардагерлерді құрметтеу, имандылық қағидаларды сақтауға бағытталған шараларды өткізу, көпбалалы аналарға құрмет көрсету, әскер қатарына шақырылушы жастармен кездесулер ұйымдастыру көзделген. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып қоғамдық тәртіпті сақтауға және оның алдын алуға, жастар арасында әдеп пен қазақы салт-дәстүрді сақтау және насихаттауға, неке бұзушылыққа жол бермеу, жас жұбайлар арасында отбасылық қарым-қатынастың берік болуына бағытталған жұмыстарды жандандыру межеленген.
2020 жылдың билер кеңесімен барлығы 330 азаматтық іс қаралса, оның 52-і медиациямен тоқтатылған. Ал былтыр 292 іс қаралып, 44-і тоқтатылса, биылғы тоғыз айда 325 іс қаралып, медиациямен 80 іс тоқтатылған. Бұл 2020 жылы 15,8 пайыз болса, билермен тоқтатылған азаматтық істердің көрсеткіші биыл 24,6 пайызға жеткен.
Өткен үш жылда неке бұзу даулары бойынша билермен тоқтатылған азаматтық істердің өсу көрсеткіші де жоғары. Ол өткен жылы 26,8 болған болса, биыл 48,1 пайызды құраған. Ал неке және отбасы қатынастары даулары бойынша тоқталар болсақ, алдыңғы жылы 64 істің 24-і, өткен жылы 81 істің 24-і, биылғы тоғыз айда 63 істің 33-і медиациялық жолмен тоқтатылған. Яғни, бұл көрсеткіш 29,6 пайыздан бүгінгі таңда 52,4 пайызға жоғарылаған.
Билермен сотқа дейін тоқтатылған азаматтық даулар да артып келеді. 2020 жылы 18, өткен жылы 12, биыл тоғыз айда 32 дау сотқа дейін тоқтатылған. Пайыздық көрсеткіші 2020 жылы 10,2 пайыздан аспаса, қазір 62,5 пайызға жетіп отыр. Бұл дегеніміз билер кеңесі жұмысының едәуір жақсарғанын көрсетеді.
Сот пен билер кеңесінің аудан әкімімен де қарым-қатынасы жақсарған. Билердің қатысуымен жуалы аудандық сотында да үнемі жиналыстар мен семинар сабақтар өтіп тұрады. Округтерде де кездесулер ұйымдастырылып тұрады.
Бүгінгі таңда билер кеңесі алдына қадау-қадау мәселелер қоюда. Олар кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектептерде кездесулер өткізіп, оқушылардың азаматтық қоғамда құқықтық мәдениетін қалыптастыруға күш салуда. Осылайша білім нысандарында құқықтық тәрбиені сақтау бойынша түсіндірме сабақтарын жүргізуде.
«Билер кеңесі мүшелерінің жұмысын осы тұрғыдан қарайтын болсақ, олар жастарға әдеп пен қазақы салт-дәстүрді сақтау, рухани байлығымызды нығайту мақсатында берер өсиетті ақыл-кеңестері зор», деп санайды аудандық сот төрағасы Б.Абуев.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close