Basty bet
Берік отбасы – мемлекет тірегі
Қыркүйек айының екінші жексенбісінде жыл сайын Отбасы күні ретінде атап өтіледі. Еліміз бұл күнді 2013 жылдан бері мереке ретінде атап өтеді. Биыл да жылдағы дәстүрге сай ауданда бұл атаулы күн форуммен аталып өтті. «Nurai Plaza» бизнес орталығында өткен форумға бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, жас отбасылар, аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметінің әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тобының инспекторы және БАҚ өкілдері шақырылды. Шараны «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығы» қоғамдық қорының төрайымы Зейнеп Дәуренова ашып, отбасы күні мерекесінің және отбасы құндылықтарының маңыздылығына тоқталды. Алғашқы сөз аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбековке берілді.
-Құрметті форумға қатысушы қонақтар, баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын.
2013 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні мерекесі болып бекітілген болатын. Дәл сол жылы 8 қыркүйекте Қазақстанда тұңғыш рет Отбасы күні мерекесі аталып өткен еді.
Жуалы ауданында ағымдағы жылдың 8 айында 152 неке қию, 18 некені бұзу тіркелді. Ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы құрылған. Тоқсанына бір рет комиссия отырысы өткізіледі. Сондай-ақ, аталған комиссияның жанынан Отбасы мәселелері бойынша «Бастау» жұмыс тобы құрылды. Құрамына медиаторлар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, полиция бөлімінің қызметкерлері, АХАЖ саласының маманы т.б. мамандар бекітілген. Бастау жұмыс тобына соттан ажырасу ұйғарымдары келіп түседі. Топ мүшелері ерлі-зайыптыларды татуластыру мақсатында психологиялық, консультациялық көмектер көрсетеді.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде неке бұзудың алдын алу, отбасы құндылықтарын, гендерлік саясатты насихаттау мақсатында «Отбасы институтын нығайту және әйелдерге, балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізу» тақырыбында жоба құрастырылып, конкурс жарияланды. Нәтижесінде «Жуалы Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды. Жоспарда 9 іс-шара, екі медиа-жоспар бекітілген. Соның бірі бүгінгі Отбасы күніне арналған «Берік отбасы – мемлекет тірегі» атты форумы.
Бүгінгі күнге дейін отбасы институтын нығайтуға байланысты 28 іс-шара өткізілді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 715 отбасына тағайындалып, төленіп отыр. Ағымдағы жылы өкінішке орай әйелдерге қатысты отбасы-тұрмыс жағдайында бір қылмыс тіркеліп отыр. 2019 жылы мүлдем қылмыс тіркелмеген болатын.
Үйдегі зорлық-зомбылық статистикаға көнбейді. Өйткені оның құрбандары құқық қорғау органдарына және дағдарыс орталықтарына, өте қауіпті жағдайларда болмаса, сирек жүгінеді. Бірақ тіркелген фактілердің саны бойынша да бұл мәселе өткір сипатқа ие болғанын және ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіріп отыр деген қорытынды жасауға болады.
Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Ауданда 4883 кәсіпкерлік тіркелген болса, оның 4564-і жұмыс жасайды. 4564 кәсіпкерліктің 1369-ын әйел азаматтары жүргізіп отыр.
Жуалы аудандық іскер әйелдер кеңесінің жұмыстарына келетін болсақ, «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының және «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Біз біргеміз!» акцияларына белсене атсалысып, қаржылай қолдау көрсетті. Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде азық-түлік жіберді. Төтенше жағдай режимінде 200 медициналық бетперде тегін таратылды. Сондай-ақ, «Шақпақата» блок бекетіне бес рет ыстық тамақ жіберді. «Жуалы» мүгедек балаларды оңалту орталығындағы балаларды ойыншықтар, сыйлықтармен қамтамасыз етті. Міне, аудан көлемінде әйел-аналардың атсалысумен әрі олардың белсенділігімен осындай жұмыстар атқарылып отыр.
Баршаңызды Отбасы күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін,- деді Марат Аманғалиұлы.
Келесі кезекте аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Асылбек Мандиров сөз алып, ол өз сөзінде профилактикалық бағытта облыс аумағында қылмыстың алдын алу, болдырмау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолының кесу мақсатында ұйымдастырылып, атқарылған шаралар туралы айтты.
-Ағымдағы жылдың сегіз айында полиция бөліміне отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша барлығы 134 шақырту тіркелген. Оның ішінде 86 шақырту ерлі-зайыптыларға қатысты болса, 48-і ағайын-туыстардың арасындағы түсініспеушілік бойынша түскен шақыртулар. 44 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылған. 90 іс-құжатта жәбірленушінің арыз-шағымы болмауына байланысты номенклатуралық іске тігілген.
Ал әйелдерге қатысты отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ағымдағы жылдың сегіз айында отбасы тұрмыс жағдайында бір қылмыс тіркелді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерімен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жалпы білім беру ұйымдары мен мекемелерде адамның құқықтары мен бостандықтары, оларды сақтау және қорғау, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 25 дәріс өткізіліп, бүктеме материалдар таратылды,- деді ол.
Форум барысында «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың кәсіпкерлікпен айналысуы және оның нәтижелері туралы кеңінен әңгімелеп, жас отбасылардың белгілі бір кәсіп түрімен айналысуына мүмкіндіктер мол екенін жеткізді. Сондай-ақ, «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығы» қоғамдық қорының мүшесі Мира Өскенбаева жиналғандарға «Отбасылық құндылықтарды сақтаудағы психологиялық мәселелер» тақырыбында ақыл-кеңестер берді. Ал жас отбасылардың атынан 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, өз үйінен жастық тазалайтын орын ашқан жас кәсіпкер Арайлым Келесбекова сөйлеп, кәсіптің тиімділігіне тоқталып, жас отбасыларды кәсіппен айналысуға шақырды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ