Basty bet

Елдің болашағын ойласуымыз қажет

Елдің мұңы, халықтың көрген қиындығы мен қасіреті ең алдымен сол елді басқарып отырған басшыға бататыны белгілі. Бұған дейін де халқымыздың қандай тағдыр қиындықтарымен бетпе-бет келгенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондай күрделі кезеңдерде ел басқарған хан-сұлтандар халықты қиындықтан аман-есен алып шығуды ойлайғаны хақ. Қазір де біздің еліміз осындай күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне сұхбат беріп, осы және өзге де мәселелер туралы ой-пікірлерін білдіргені белгілі. Аталған газеттен «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деп ататалын сұхбаттың толық нұсқасын оқып шықтым. Сұхбат барысында Президент вирус жұқтырғандар санының өсіп отырғанына өкініш білдіріп, пандемияның шекараға қарамайтынын айтты. «Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн» деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Қазақстан Президентінің тағы бір ерекше назар аударған мәселесі – мемлекеттік тілдің жайы болды. Толғауы тоқсан туған тілдің тағдыры туралы осы уақытқа дейін айтудай-ақ айтылып, басылым беттерінде жазылып та келеді. Әрине, тілдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген мерзімді басылымдардың көш басында «Ана тілі» газетінің тұрғаны анық. Мұны Президент те айтып өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық» деді. Тілдің мәселесі өте нәзік әрі елдің болашағы үшін маңызды саналатынын айтуға тиіспіз.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқанда, елдің болашағын қазірден бастап терең ойлағанымыз жөн. Мұндай міндеттердің Президент сұхбатынан көрініс тауып отырғаны бір жағынан түсінікті де. Қашанда ата көргеннің ақылы артық. Аға буын өкілдері, зиялы қауым өкілдерінің болашақ өмір туралы мәселені қазірден бастап ой таразысына сала бергені абзал іс болмақ.
Тұтастай алғанда, Президент сұхбатының өн бойында тілдік, елдік, әлеуметтік мәселелермен қатар пандемия жағдайындағы іс-әрекетіміз де кеңінен талқыға түсіп отырғанын анық көруге болады. Одан бөлек, жұмыссыздықтың да күрделі мәселе екеніне тоқталған ел Президенті еңбекке баулу идеологиясының кеңінен насихатталуын баса айтты. Сондай-ақ, қазір халық той тойлап жүретін уақыт еместігін түсінетін кез келген сияқты. Сұхбатта айтылғандай, еңбек ету өмір салтына айналуы тиіс. Сонда ғана тірлігіміздің берекелі болатыны анық.

Қуантай ИСАЕВ,
зейнеткер.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close