Basty bet
ЕЛГЕ БАРСАМ, ҚУАНЫП ҚАЙТАМЫН!
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы-режиссер,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.
Алматы қаласы
Әлі есімде, Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдардың бірінде сол кездегі Жуалы ауданы әкімінің орынбасары, ақын Мырзахан Ахметовтің 50 жылдығына арналған шығармашылық кеші болып, оған Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастаған бір топ жуалылық ақын-жазушылар қатысып, елдің мерейі бір көтеріліп қалды.
Бір кезеңнен екінші бір кезеңге өтіп, экономика атаулы шатқаяқтап, мәдениет, әдебиет пен өнер өгей баланың халіндей болып тұрған қиын кезең болатын. Клубтар мен кітапханалар жабылып, социализм дәуірінде өте қымбатқа салынған зәулім мәдениет сарайлары болмашы тиын-тебенге сатылып кетіп, ақша қуған саудагерлердің қоймасына айналып жатты.
Мырзаханның шығармашылық кешінде көсіле сөйлеген талантты жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза:
«Ашынған қарын тойынар, жыртылған етік бүтінделер. Біз рухани жағынан аш болмайық, егер рухани жағынан аш болсақ, нағыз аштық сонда басталады» деп үлкен ұлттық көкейтесті мәселені көтеріп еді. Қазақ халқын сүйетін, әдебиеті мен өнерін, мәдениетін қастерлейтін қаламгердің осы бір қанатты сөздері ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Сол бір қиын кездегі Жуалы ауданының басшылары Шерағаңның сол бір сөзіне ерекше назар аударып, бірде-бір мәдениет ошағының жарығы сөнбей, ең шалғай деген ауылдарда да клубтар, кітапханалар жұмыс істеп, рухани іс-шаралар жүріп жатты.
Бүгінгі таңда Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 1 аудандық халық шығармашылығы және мәдени орталығы, 9 мәдениет үйі, 12 ауылдық клуб, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі (25 кітапхана, аудандық тарихи-өлкетану музейі бар. Барлығы 48), мәдениет нысандары халықты рухани жағынан байытып, игілікті шараларды жүзеге асырып келеді.
Сондай-ақ аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты халықтық атағы бар бес шығармашылық ұжым жұмыс істеп, көптің көңілінен шыға білуде. Атап айтқанда, «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблі, «Қызғалдақ» ән-би ансамблі, «Жуалы», «Мыңбұлақ» халық театрлары және «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблінің өнердегі қол жеткен жетістіктері ауданға ғана емес, облысқа, қала берді елге белгілі. Өнерлі жандар облыстық және республикалық байқауларда талай рет топ жарып, өнерді сүйетін жұртшылықты қол жеткен жетістіктерімен қуантып жүр. Жаңа келген Ұлу жылының қарсаңында «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблінің жетекшісі Күнімбала Оразымбетова 70 жасқа толып, ауданның мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығына білікті маман Ғазиза Естаева келгелі бері көптің көңілінен шығатын мәдени шаралар жандана түсті деуге болады.
Ауданға қарасты Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы саябағында Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай «Мәдениет – асыл қазына» атты аудандық фестиваль және облыстық мәдениет, өнер күніне арналған мерекелік шара өткізілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтарға «Елдіктің, ерліктің мекені Жуалы ауданына – 95 жыл», «Мәдениет пен өнер – рухани өмір мәйегі», «Ұлы Жібек жолындағы Жуалы» және басқа да тарихи шығармашылық көрмелер ерекше әсер еткені анық.
Әсіресе, «Дәстүрім – асыл қазынам» деп аталатын қазақ ауылының этникалық көріністерін көргенімізде таң-тамаша болып, Жуалыға ежелгі Түркі дүниесі көшіп келгендей әсерде болғанымыз рас. Ақсақалды аталар мен ақ кимешекті аналар келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, жаңадан пісірілген бауырсақ, қазы-қарта, жент пен ірімшік, қымыз бен айран ұсынуда.
Ежелгі Түркінің қаруын асынған батырлар ізетпен сәлем беріп, қазақтың ұлттық киімін киген қыздар мен келіншектер кілем тоқуда. Кимешек киген әжелердің бір тобы алдарындағы жүнді сабап, екінші тобы енді басылайын деп жатқан текеметке түр салуға кірісіпті. Балуан денелі жігіттер отқа қыздырған болатты темір төске қойып, кезек-кезек соққылауда. Қолындағы қыранын баптаған бүркітші де, жанындағы тұлпарға сынай көз тастаған атбегі де осында.
Жуалы ауданындағы әйгілі Шақпақ асуында 1966 жылы орнитолог-ғалым И.А.Долгушиннің басшылығымен Қазақстанда құстарға сақина салып, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми орталық ұйымдастырылды. Оңтүстік шығысында 1000 шақырымға созылған Тянь-Шань тау жоталарынан асып өте алмаған жыл құстары Шақпақ асуы арқылы ұшуға мәжбүр болған. Шақпақ асуы күзде құстар оңтүстіктегі жылы аймақтарға қайта ұшып кетер кезінде аялдайтын бірден-бір қолайлы орын болып саналады. Солтүстіктен оңтүстікке қарай қоныс аударатын қараторғай, шәуқара, тағанақ, торғай тағы басқа құстардың осы Шақпақ асуы арқылы өтетіні оларға сақина салу арқылы анықталып отыр.
Жуалы ауданының 95 жылдығына орай, «Мәдениет – асыл қазынам» атты аудандық фестиваль аясында «Құс жолы» көрмесі өткізіліп, атқарылған мәдени шараларды кеңейте түсіп, жиналған халық риза болып жатысты.
Өткен жылдың тамыз-қазан айларының аралығында Жуалы ауданының 95 жылдығына орай, 14 аудандық округінде «Жуалы – құт мекенім» фестивалі өтіп, өз жалғасын тапты.
Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған еліміздің қаһармандары мен Қазақстанның Еңбек Ерлері Жуалы жеріне келіп, «Мен өз Отанымның патриотымын!» атты шараның аясында өткен «Аналар аллеясының» ашылу салтанатына қатысты.
Аудандық мәдениет үйінде «Туған жерге тағзым» атты тәрбиелік-тағылымдық мәні зор кездесу өткізіліп, онда Алматы қаласында тұратын белгілі жазушы-ақындар Талғат Айтбай, Доқтырхан Тұрлыбек, Мырзахан Ахметов, есімі Қазақстанға белгілі өнер қайраткері Күміс Пармашқызы, ғалым, Қазақстан Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі Сәбит Дүйсебаев және тараздық ғалым, техника ғылымдарының докторы, академик Исан Сапиев жерлестерімен қауышты.
Өткен жылы жуалылық белгілі жазушы Алпысбай Шымырбаевтың 70 жылдығына орай шығамашылық кеш өтіп, аудан жұртшылығы, Алматыдан және Тараздан келген қаламгерлер қатысып, кеш өте әсерлі өтті.
Тараз қаласында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында мамыр-қазан айлары аралығында өткен «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндерінің қорытынды марапаттау салтанаты өтті. «Ең үздік әдістемелік кабинет» облыстық байқауында 1 орын – Жуалы аудандық мәдениет үйі иеленді, Халықтық атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының «Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалінде 2 орынды – «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблі жеңіп алды.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен, мемлекет және қоғам қайраткері, Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойына орай «ТЕАТР – ӨМІР АЙНАСЫ» әзіл-сықақ фестивалі Байзақ ауданында өтті. Фестивальге жалпы облыстан 15 халықтық театр ұжымдары бақ сынады.
Аталған фестивальда Жуалы ауданынан «Жуалы» және «Мыңбұлақ» халықтық театрлары табысты өнер көрсетті. «Мыңбұлақ» халықтық театрының режиссері – Е.Бекжанов «Күлмейтін әзіл» интермедиясын өз орындауында ұсынса, «Жуалы» халықтық театрының режиссеры Е.Каттебековтың «Шатыр астындағы екеу» комедиясы үздіктердің қатарынан табылды. Нәтижесінде, «Мыңбұлақ» халықтық театры Алғысхатпен марапатталып, «Жуалы» халықтық театрының «Шатыр астындағы екеу» комедиясындағы басты рөлді сомдаған Қуаныш Сүйінбай «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын иемденді.
«Сан тарау Мыңбұлағы
Жуалым – жер жұмағы.
Рухы бар бабалардың
Ұрпағы даналардың» деп ақын жырлағандай, өткен жылы ғана өзінің 95 жылдығын атап өткен Жуалы ауданының қай салада болса да қол жеткен жетістіктері мен табыстары айтарлықтай. «Мәдениет – өмір мәйегі» деп данышпан халық тегін айтпаса керек. Осы орайда Жуалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері орасан жұмыстарды жүзеге асырып, ел рухын асқақтатып жүр.
Ел игілігі мен халық игілігі жолында жасалып жатқан рухани шаралар әрбір жүректі шаттық сезімге бөлейді. Елге барған сайын қуанып қайтатыным сондықтан болса керек!