Basty bet

«Елімнің алдындағы перзенттік парызым»

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын және ашаршылықтың құрбандарын еске алу күніне орай осы нәубет жылдардың қасіретін тартқан отбасының бірі Эсмира Мамедовамен сұхбаттасқан едім. Эсмира Гашанқызымен сұхбаттаса отырып, тарихымызды тани түстім. Төменде Эсмира Мамедовамен әңгімемді ұсынып отырмын.
Эсмира Мамедова 1955 жылы Созақ ауданы Жартытөбе ауылында дүниеге келген.
– Әкем Гашан Әзербайжан Республикасы Нахчеван қаласында өмірге келген. Анам да әзербайжан жерінде туыған. Олар Кеңестік дәуірде Қазақстанға Иосиф Сталиннің бұйрығымен жер аударылып келген. Әкем жер аударылғандардың арасында үлкен кісілер де ,балалар да, жүкті әйелдер де болған деп айтып отыратын,- дейді Эсмира Мамедова. – Ол кезеде менің әкем мектеп оқушысы болған. Мектептен қайтып келе жатқанда оны да сол жер аударылғандардың пойызына салып жіберіпті. Пойыздың келесі вагонында менің әжем, әкем мен бауырларым бөлек калып кеткен. Пойызға отырғандарды жол бойы тоқтаған стансаларға тастап кетіп отырған. Содан менің туыстарымды, яғни үш ағайындыны басқа жерге, аналарын басқа жерге тастап кеткен. Әжеміз Созақ ауданы, Шолаққорған деген жерде калып кеткен.
Біздің әкеміз бауырларымен анасынан ажырап қалған соң, басқа ауылға тап болады.
Бірақ, қазақ халқы оларды жылы қарсы алып, дәмімен бөлісіпті.
Содан әкем Түркістанға барып, жоғары оқу орнына түсіп, мұғалім болады. Балаларға қазақ тілінде сабақ беріп, білім саласына еңбек сіңірген ұстаз болды.
Бізге әкеміз осы оқиғаны үнемі айтып отыратын: «Бізді кең жүректі қазақ халқы жақсы қарсы алды. Олардың жақсылығын ешқашан ұмытпауымыз керек»,-дейтін.
Әкемнің әңгімесін естіп менде ерекше патриоттық сезім пайда болды. Мектеп бітірген соң дәрігер болуды армандадым.
Әпкелерімнің бірі технологиялық институтты бітірсе, бірі медициналық институтты бітіріп жатты. Сол медициналық институтты бітірген әпкем акушер болып жұмыс жасап жүрген еді. Содан мен де сол әпкеме қызығып, дәл сол мамандыққа 1974 жылы оқуға түстім. Оқуды бітірген соң Жаңақорғанда өз мамандығымен жұмыс жасадым.
Мен жуалылық әзірбайжан ұлтының өкілі дәрігер азаматқа тұрмысқа шықтым. Содан 1980 жылдан бері 45 жыл Жуалы аудандық ауруханасында акушер болып жұмыс жасап, мыңдаған сәбилердің кіндік шешесі атандым. Аудандық мәслихаттың бесінші, алтыншы шақырылымының депутаты болдым. Қазір зейнет демалысындамын.
Әлі де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрмін. Ол менің елімнің, жерімнің алдындағы перзенттік парызым,-дейді Эсмира Мамедова.

Әсел Жұмахан,
№30 Көктөбе орта мектебінің 10 сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close