Basty bet

Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі тиіс!

прокуратура және құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындарға кеңес берді

Өткен аптада Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Руслан Заурбеков Жуалы ауданына келіп, ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесіп, құқықтық тұрғыдан кеңестер берді.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Заң керуені» акциясы аясында тұрғындарға дәл қазір қоғамды алаңдатып отырған алаяқтық қылмыстар туралы кеңінен айтылып, құқықтық тұрғыда құнды кеңестер ұсынылды және облыстық құқық қорғау органдарының жауапты мамандары тұрғындармен жеке қабылдау жүргізді.
Бас Прокурордың тапсырмасын орындау шеңберінде облыс аумағында прокуратура, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен «Заң керуені» акциясы өткізілуде. Акцияны өткізудегі мақсат – жергілікті жерлерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, өңірде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту болып табылады.
«Заң керуені» акциясының алғашқы жиыны Қызыларық ауылдық округінде өтсе, одан кейін Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында, содан соң маңызды шара Қарасаз ауылдық округінде жалғасты.
Ауылдық оуругтерде өткен құқықтық жиындарды Жуалы ауданының прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы ашып, жүргізіп отырды. Ал облыс прокурорының аға көмекшісі Руслан Заурбеков тұрғындарға құқықтық кеңестерін ұсынумен қатар, қазіргі таңда қоғамда кең етек алып отырған интернет алаяқтықтан, қаржы пирамидасы сияқты күмәнді шақырулардан аса сақ болу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, нақты ақпараттарды тек отандық ресми ақпарат көздерінен ғана алуға кеңес беріп, жалған ақпарат таратудың да жарға жығатынын ескертті. Сондай-ақ, құқықтық акцияның барысында ауылдық округтердегі қылмыстық ахуал туралы ауылдық округтердің әкімдері және аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары баяндады. Қызыларықта өткен құқықтық жиында жекелеген тұрғындар қабылдауға жазылып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Облыстық прокуратура және құқық қорғау органдарының өкілдерінен құралған топ мүшелері келесі кезекте ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында құқықтық жиын өткізді. Онда алдымен ауыл әкімі Керімхан Төреқұлов әкімшілік аумақтағы құқықтық және қылмыстық ахуал туралы айтып берді. Ауылға бекітілген учаскелік полиция инспекторы да өз тарапынан қылмысты болдырмау және оның алдын алу, сонымен қатар, ауыл тұрғындарының арасында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстарды да баяндады.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде сөз алған еңбек ардагерлері – Сапарбек Байсеріков, Байжан Төреханов, т.б. азаматтар орталық базар аймағын ретке келтіру, атап айтқанда, базар аймағындағы көлік қозғалысы мен оның ағынын реттеудің күн тәртібінде тұрған мәселе екенін баса айтты.
Бұл туралы таратып айтатын болсақ, қазіргі таңда өңірде көліктің нөпірі өте көп. Осыған байланысты орталық базар аймағында кептелістер мен жол-көлік оқиғалары орын алуда. Одан бөлек, базар аймағынан облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көліктер мен таксилер орталық базар аймағындағы қозғалысқа өзінің зор кедергісін келтіріп отыр. Жиында сөз алған аға буынның өкілдері аудандық полиция аудан орталығындағы осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін күнделікті кезекшілік ұйымдастыру қажеттігін алға тартып отыр. Сондай-ақ, жиында сөз сөйлеген азаматтардың дені учаскелік полиция инспекторларының атқарып жатқан жұмыстарына және қызметтік жауапкершіліктеріне көңілдері толмайтындарын жеткізді.
Айтылған мәселелер аудан және облыстық прокуратура қызметкерлерінің назарына алынып, аудандық полиция бөлімінің басшылығына аталған мәселелермен жұмыс жүргізу тапсырылды.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиын ауданға қарасты Қарасаз ауылында жалғасын тауып, онда бірқатар мәселелер айтылды. Атап айтсақ, Қарасаз ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, интернетте жарнамаланатын дәрі-дәрмектің сапасы туралы, сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін көлік көп жүретін көшелердің жолына жасанды кедір-бұдыр (жол кедергісін) орнату және жол белгілерімен қатар, бейнекамералар орнатудың қажеттілігіне тоқталды.
Жиында сөз алған облыс прокурорының аға көмекшісі Руслан Заурбеков және аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы тұрғындарға құқықтық кеңестерін ұсынумен қатар, қаржылық сауаттылық туралы да айтты. Әсіресе, тұрғындарға интернет алаяқтықтан аса сақ болу туралы ескертілді.
Кездесулер барысында халыққа заңдылықты нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды.
Ауданда өткен «Заң керуені» акциясы аясындағы кездесулердің барлығына аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, сонымен қатар, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары және мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close