Basty bet

Партия мүшелерінің партиялық жауапкершілігі қаралды

Nur Otan партиясы аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырысты аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық қоғамдық кеңестің және аталмыш комиссияның төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне екі мәселе бекітіліп, қаралды.

Бірінші мәселе бойынша «Жуалы ауданы бойынша аудан тұрғындарының әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қорғау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы» партия мүшесі, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловтың баяндамасы тыңдалды.
-Аудандағы жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге және жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес психоневрологиялық аурулары бар балалар мен 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, педагогикалық, психологиялық, құқықтық бағыттары бойынша қызметтер көрсетілуде.
Аудан бойынша 1601 мүгедек тіркелсе, оның ішінде 118 адам бірінші топтағы, 561- екінші, 653- үшінші топтағы және 269-ы 18 жасқа дейінгі мүгедек. Үстіміздегі жылдың бес айында жеке оңалту бағдарламасы бар мүмкіндігі шектеулі 664 азаматқа 8 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді,- дей келе, баяндамашы оның әрқайсысы бойынша нақты тоқталып өтті. Мысалы, протездік-ортопедиялық көмек бойынша 129 азаматтан өтініш қабылданып, 72-не жолдама таратылды, 31 азамат өтінішіне қарай таяқ, балдақ, жетек арбамен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, міндетті гигиеналық құралдарды қажет ететін 6 азаматтан өтініштер қабылданып, 76012 дана памперс және сурдо-тифлотехникалық құралдарға мұқтаж 15 азаматқа ноутбук, көпсалалы дыбыстық жүйе, ұялы телефон, тифлотаяқ, қол сағат, плейерлер таратылды.
Дамуында кемістігі бар 65 балаға 1665,7 мың теңге жәрдемақы тағайындалса, жеке көмекші маманның қызметін қажет ететін 88 азаматтың қызметтеріне 5418,0 мың теңге және ымдау тілі маманның қызметіне мұқтаж 18 мүгедекке көрсетілген қызметі үшін 1033,0 мың теңге еңбекақы төленді. Сондай-ақ, 154 мүгедектен санаторий-курорттық емделуге мұқтаждығына байланысты өтініші қабылданып, облыстық басқармаға сұраныс жасалған, 17 әр топтағы мүгедек бейімдеу орталығына жолдама алып, емделуде, 23 азамат серуендік және бөлмелік кресло-арбамен қамтылған.
Баяндамашы жалғыз басты қарттарға, мүгедек балаларға көрсетіліп отырған көмектер түріне, аудан аймағында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз инфрақұрылым объектілеріне кіріп-шығуына жасалған жағдайларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселелеріне де тиянақты тоқталды.
Баяндамашы комиссия мүшелерінің көптеген сұрақтарына жауап берді.
Күн тәртібіндегі Nur Otan партиясының мүшелерінің партиялық жауапкершілігін қарау» туралы екінші мәселе бойынша алғашында комиссия төрағасы Сейітхан Жұмашев баяндап, отырысқа Nur Otan партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның мүшелері де қатысып отырғандығын мәлімдей келе, мән-жайды айтып өтті.
– Негізінде осы партия мүшелері партия қатарында бола тұра, үстіміздегі жылдың 9 маусым күні өткен Қазақстан Республикасының Президенті сайлауы науқаны барысында басқа кандидаттарға дауыс беруге сайлаушыларды үгіттеп, көптеген үгіт-насихат шараларына қатысқан. «Nur Otan» партиясы мүшелерінің бұл іс-әрекеті партия Жарғысына, партия мүшесінің міндеттеріне қарама-қайшы іс-әрекет болып табылады,- деді Сейітхан Шерелханұлы. Сол үшін партиялық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялар олардың партиялық жауапкершілігін Nur Otan партиясы аудандық филиалының Саяси кеңесі Бюросына қарауға жолдануы туралы ұсыныс жасалсын деп шешті.
Екі мәселе бойынша тиісті қаулылар бірауыздан қабылданып, бекітілді.

Гүлмира Дембаева.
Суретті түсірген Нұржан Дербісалиев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close