Basty bet
Орташа білім сапасы 97,5 балды құрады
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Білімнің салтанат құруы, аса білімдар адамдар ғана, білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жете алады» деген болатын. Рухани жаңғырудың басты факторы саналатын сапалы білімнің іргетасы мектеп қабырғасында қаланады.
Мектеп бітірушілердің білімін сынға салатын Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл елімізде он алтыншы рет өткізілуде. Бұл – әрбір мектеп бітіруші үшін жауапты әрі ең маңызды сәт.
Биылғы оқу жылында ҰБТ басқаша форматта ұйымдастырылды. Яғни, бұған дейін мектеп бітірушілер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қаңтар, наурыз айларында тапсырды. Қаңтар, наурыз айларында өткен ҰБТ-дан шекті балдан жоғары балл жинап, бұл жолы төмен балл жинап қалған түлектер уайымдамай-ақ қоюына болады. Себебі, алдындағы ҰБТ-дан алған сертификаттары жарамды.
Жалпы, 2018-2019 оқу жылында білім бөліміне қарасты 29 орта мектептен 791 оқушы мектептің толық курсын аяқтады. Оның ішінде 756 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген.
23 маусым күні бірінші лекте 29 орта мектептен ҰБТ-ға ниет білдірген 398 бітірушінің 394-і қатысса, 25 маусым күні екінші лекте 358 бітірушінің 356-ы қатысты.
Екінші лекте ең жоғарғы балл – 138 (№1 мектеп-гимназияның бітірушісі Әмина Мұратаева) болды.
Бірінші лек қорытындысы бойынша ауданның орташа балы – 97,6 болса, екінші лекте – 97,4 балды, екі лектің қорытындысы бойынша 97,5 балды құрады.
Екі лектің қорытындысы бойынша 100 балдан жоғары алғандар саны – 427, шекті деңгейден өтпегендер саны – 84 .
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу барысында тест тапсырушы түлектердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау, жедел жәрдем, өрт сөндіру, электр жарығын беруші қызметкерлерден және білім бөлімінің қызметкерлерінен бекітілген кезекшілік жұмыс атқарды. Ешқандай құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайлар орын алған жоқ. Тест тапсырушы түлектерді тасымалдау, тамақтандыру, тұратын орынмен қамтамасыз ету ата-аналардың өз жауапкершілігінде болды.
Барлық мектеп бітірушілерге ақ жол! Аңсаған армандарына қол жеткізіп, өмірден өз орындарын табуларына тілектеспіз!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»