Basty bet

Қаржыландыру әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді

2023-2025 жылдарға арналған бюджеттік параметрлердің болжамын қалыптастыру елдегі саяси және әлеуметтік өзгерістер жағдайында жүзеге асырылды. Республикалық бюджет жобасында Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған міндеттері көрініс тапты деп айта аламыз.
Тұтастай алғанда, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстары Үкімет белгілеген еліміздің жалпыұлттық басымдықтарына сәйкес келеді және әлемдік экономиканың құлдырауы жағдайында экономиканы қалпына келтіруге, мемлекет қызметінің инклюзивті тұғырнамасын қалыптастыруға, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының әл-ауқатын арттыруға негізделген.
Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті және оның шығыстарын толық көлемде қамтамасыз етеді.
Жоспарлы кезеңде жаңа бюджеттік ережелерді қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін одан әрі өсіре отырып қалпына келтіруге ықпал етеді деп күтілуде.
Республикалық бюджетті қалыптастырудың негізгі бағыттарына және оны қарау барысында депутаттар тарапынан көтерілген мәселелерге тоқталар болсам, біріншіден, елдің орта мерзімді кезеңдегі әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштеріне сәйкес, жылдық ішкі өнім өсімі 4 пайыз деңгейінде бағаланады, мұнай бағасы бұрынғысынша 85 АҚШ доллары деңгейінде және 2023 жылы АҚШ долларының орташа жылдық бағамы 470 теңге.
Әлемдік экономикада экономикалық өсу болжамдары төмендеу жағына қарай қайта қаралатынын және Қазақстанның көрсеткіштері бойынша халықаралық қаржы ұйымдары жылдық ішкі өнімнің орташа 3,4 пайыз деңгейінде өсуін болжайды.
Сонымен қатар біздің ойымызша, мұнай бағасының болжамы бюджет параметрлерін терең талдаусыз есептеу үшін ғана пайдаланылады, ал АҚШ долларының 470 теңге көлемінде жыл бойына сақталуы екіталай.
Сондықтан әлемдік экономикадағы тұрақсыздықты және геосаяси жағдайлардың күтпеген өзгерістерін ескере отырып, елдің әлеуметтік- экономикалық дамуын болжаудың жекелеген параметрлеріне қол жеткізуде тәуекелдерінің бар екендігін ескергеніміз жөн.
Екіншіден, алдағы үш жылдық бюджетте экономиканың нақты секторына жұмсалатын шығындар 2,4 триллион теңгеден 1,7 триллион теңгеге дейін қысқаратынын ескеретін болсақ, мемлекеттік қолдауды қажет ететін стратегиялық бағыттардың мақсаттарымен түпкілікті нәтижелеріне жету ықтималдылығы қаншалықты деген сұрақ туындайды.
Бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, нақты секторды қаржыландырудың басқада көздерін қарастыру қажет. Мысалы, бюджет қаражатына балама ретінде экономиканың нақты секторын дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік құралдарын пайдалануға болады деп есептейміз.
Үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мемлекеттік кепілдікпен қарыздарды тарту фактілері орын алуда, олар бойынша қайтару және қызмет көрсету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі және тиісінше мемлекеттік борыш болып табылады.
Мысалы, «Қазавтожол» А Қ ұлттық операторының қарызды өтеу және қызмет көрсету бойынша міндеттемелерді орындауы үшін 2023 жылы 94 миллиард теңгеден 2025 жылы 178 миллиард теңгеге дейін қаражат көлемі жоспарланған, яғни өсім екі есеге жуық.
Негізінен ішкі көздерден қарыз алуға қарамастан, қарыздарды өтеуге және оларға қызмет көрсетуге арналған шығыстардың өсуі байқалады, олар 2023 жылы шығыстардың жалпы көлемінің 20,5 пайызын құрайды.
Осы шығыстардың өсуін барынша азайту үшін әрбір қарыз алу орындылығы, оның көлемдерінің негізділігі, уақтылы игерілуі және мәлімделген нәтижелерге қол жеткізу басты мақсат болуы тиіс.
Төртіншіден, әрбір салынған теңгеден әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалау мәселесі өзекті болып қалады. Инвестициялық жобалар, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша барлық шығыстар оларды жоспарлаудан бастап аяқталғанға дейін бағалануы тиіс.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда мемлекеттік органдар бағалауды нақты тәсілдер мен өлшемдерсіз жүргізеді. Негізгі көрсеткіштер тек салықтар мен жұмыс орындары. Басқадай салалық әсерлер де қамтылмауда.
Мәселен, Индустрия ж ә н е инфрақұрылымдық даму министрлігі 23 бюджеттік инвестициялық жобаның тек 17-сінен ғана күтілетін әлеуметтік- экономикалық нәтижені бағалады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша да сақтандыру сыйақыларын субсидиялау бойынша экономикалық тиімділік көрсетілмеген. Сондықтан экономикалық және әлеуметтік әсерлерді болжамды бағалау нақты өлшенетін көрсеткіштерді ескере отырып жүргізілуі қажет. Сонда ғана салынған қаражаттың тиімділігі артады.
Бесіншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалардан гөрі «Барлық азаматтарға түсінікті ықшам ұлттық жобаларға» көшу қажеттігі туралы айтқан болатын. Алайда бастапқы кезеңде ұлттық жобаларды іске асыруда және кезінде оның негізгі мақсатына жету барысында кемшіліктер орын алуда. Мысалы, «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары су құбырларын салусыз жоспарланған. Сол сияқты 2021-2025 жылдарға жоспарланған автожолдарға көзделген 40 инвестициялық жобаның 19-ына қаржы қаралмаған.
Ауыл шаруашылығы жөнінде қабылданған ұлттық жобаның АӨК дамыту жөніндегі бұрын іске асырылған мемлекеттік бағдарламалардан мүлдем айырмашылықтары жоқ деуге болады. Сонымен қатар дене шынықтыру мен спортты дамытуға 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы әлі әзірленбеген.
Алтыншыдан, бүгінгі таңда әкімшілік ету барысында шығындарды тиімсіз жоспарлау фактілері орын алуда, нәтижесінде қаржылық заңбұзушылықтар байқалады. Мәселен, Мемлекет басшысының бұқаралық спортты белсенді дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін биылға «ArtSport» бағдарламасына 24,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл ретте ақпараттық мамандандырылған портал іске қосылмады, қаржыландыру тетігі соңына дейін пысықталмады. Нәтижесінде бірқатар өңірлерде көрсетілген қызметтер үшін үлкен берешек қалыптасты. Сондықтан бүгінгі таңда әкімдіктердің жеткізушілер алдындағы берешегін Үкімет резерві есебінен өтеу мүмкіндігі қарастырылуда.
Алдағы 2023 жылы 23,1 миллиард теңге сомасына «ArtSport» бағдарламасын қаржыландыруды жалғастырды. Осы бағдарламамен қалыптасқан жағдайдың қайталануын болдырмау үшін оны қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау қажет деп санаймыз.
Жалпы республикалық бюджет жобасы Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес келеді және елдің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп сенеміз.

Серікбай ТұРЫМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Таңдаулы материалдар

Close