Basty bet
Сайлау – саяси өзгерістердің бастауы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты халыққа арнаған Жолдауында: “Саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндеттерінің бірі. Соңғы екі жылда бұл салада бірқатар елеулі өзгеріс жасай алдық. Осы және басқа да қадамдар қоғамда белсенді қолдау тапты. Бұл бастамалар орнықты, демократиялық даму бағдарымызды нығайтып, саяси жүйемізді сапалық тұрғыдан өзгертеді. Сонымен бірге, азаматтарымызды мемлекет басқару ісіне барынша тартуға оң ықпал етеді. Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін одан әрі арттыру. Сондықтан саяси реформалар жалғасады. Мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз. Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы. Азаматтарымыз бұл ұстанымды қолдап отыр. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Бұл – менің былтырғы Жолдауымда айтылған саяси реформаның негізгі мәселесі. Осы шешім ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы азаматтар пилоттық режімде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады” деп атап өткен болатын.
Президент биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейту, сондай-ақ үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтып, мәслихаттардың ықпалын арттыру мақсатындағы өзгерістерге халық куә.
Осы ретте аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нүрзия Алтыбаевамен 2023 жылы атқарған жұмыстары мен үстіміздегі жылға арналған жұмыс жоспары туралы сұхбаттасқан едік.
-Нүрзия Бақтыоразқызы, аудандық аумақтық сайлау комиссиясына қарасты қанша сайлау учаскесі бар және оларда қанша комиссия мүшесі бар?
-Жуалы ауданындағы сайлау жүйесі келесі комиссиялардан құралған – аудандық аумақтық сайлау комиссиясы, облыстық бірмандаттық округтік сайлау комиссиясының саны – 1, аудандық бірмандаттық округтік сайлау комиссияларының саны – 13, учаскелік сайлау комиссияларының саны – 39. Жалпы – 54 сайлау комиссиялары құрылған.
Сайлау учаскелерінің саны – 39. Мектептерде – 36, аудандық орталық ауруханада – 1, медициналық пунктте – 1, әскери бөлімде – 1.
Барлық комиссия мүшелерінің саны – 306. Оның ішінде аудандық комиссияда– 7, округтік комиссияларда – 70, учаскелік комиссияларда – 229.
Сапалық құрамы: комиссия мүшелерінің 145-і ер, 161-і әйел. Білім деңгейі бойынша жоғарғы оқу орнын бітірген 196 комиссия мүшесі, арнаулы орта оқу орнын бітірген 62 комиссия мүшесі, орта білімді 48 комиссия мүшесі аяқтаған. Ұлты бойынша: қазақ – 303, неміс – 1, авар – 1, қырғыз – 1.
Сайлау комиссиясының мүшелері түрлі партиялар мен қоғамдық бірлестік, қорлардың және аудандық сайлау комиссиясының ұсынысымен ұсынылған азаматтар.
-Елімізде болған саяси өзгерістердің бірқатары Мәжіліс, Сенат және мәслихат сайлаулары екенін де айта кету керек. Өткен жылы қарашада республикалық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау науқаны пилоттық режімде өтті. Бұл саяси өзгеріс алдағы уақытта әрі қарай жалғасын таппақ. Осы ретте өткен жылы ауданда өткен сайлаулардың барысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
-2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау барысында Жуалы аудандық мәслихатының депутаттығына жалпы 47 кандидат ұсынылды. Оның ішінде, сайлауға дейінгі кезеңінде 9 кандидат өз еркімен депутаттыққа үміткерліктен бас тартып, 38 кандидат сайлауға түсті. Сайлау нәтижесінде 13 кандидат Жуалы аудандық мәслихатының депутаттары болып сайланды.
Сайлау қорытындысы бойынша сайланған аудандық мәслихат депутаттарының сапалық құрамына келсек, 13 депутаттың 11-і ер азамат, 2-і әйел. Ұлттық құрамы бойынша: қазақтар – 12, әзірбайжан – 1. Жастық бөлінісі бойынша: 35 жасқа дейін 3 депутат, 35-60 дейін 10 депутат. Депутаттық корпустың орташа жасы 47 жасты құрады.
Білімі бойынша: барлығы жоғары білімділер. Олардың ішінде: 1 инженер, 4 экономист, 4 оқытушы, 2 медицина саласының қызметкері, 1 құрылысшы, 2 басқа да мамандық иелері бар.
2023 жылы өткен ауыл әкімдерінің сайлауы туралы айтсам, 2023 жылы 4 маусымда Ақсай және Қошқарата ауылдық округтері әкімдерін, 6 тамызда Билікөл және Нұрлыкент ауылдық округтері әкімдерінің тікелей сайлауы өтті.
Жуалы аудандық сайлау комиссиясы Жуалы ауданы әкімінің сайлауын Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы конституциялық Заңының (өзгерістер мен толықтыруларымен) 113-1-113-11-баптарында көзделген талаптарына сай 2023 жылғы 5 қарашада өткізді.
Жуалы ауданы әкімдігіне жалпы 9 кандидат ұсынылды, оның ішінен, 1 кандидат «AMANAT» партиясынан ұсынылған, өзін-өзі ұсыну тәртібімен 8 кандидат ұсынылды. Тіркеуге дейін 3 кандидат өздерінің өтініштері бойынша ұсынылымнан алынып тасталынды, 1 кандидат бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы талаптарға сай келмегеннен тіркеуден бас тартылды және 1 кандидат бойынша тіркеу үшін қажетті құжаттарды толық ұсынбауына байланысты кандидат ретінде тіркеуден бас тартылды. 1 кандидат тіркеуден кейін өз еркімен аудан әкіміне үміткерліктен алынып тасталуын сұрады.
Нәтижесінде, сайлауға 3 кандидат түсті.
Жуалы ауданы әкімінің сайлауындағы кандидаттарға дауыс беру нәтижелері бойынша келесідей белгіленді:
Булекбаев Нұржігіт Әбдіұлы үшін сайлаушылардың 1505 дауысы берілді.
Мұртаза Жалғас Әлижанұлы үшін сайлаушылардың 16520 дауысы берілді.
Мырзалиев Жәнібек Амангелдіұлы үшін сайлаушылардың 1158 дауысы берілді.
«Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны 289-ды құрады.
Сайлау қорытындыларымен: Жуалы ауданының әкімі болып – Мұртаза Жалғас Әлижанұлы сайланды.
-Аудан әкімін сайлау қоғам тарапынан қызығушылық тудырып, халықтың саяси белсенділігін сәл де болса арттырып, халық пен билік арасындағы сенім мен байланысты одан әрі нығайтты деуге болады.
Ендігі кезекте 2024 жылы өткен ауыл әкімдерінің сайлауы және алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
-2024 жылғы 11 ақпанда аудандағы Күреңбел және Қызыларық ауылдық округтері әкімдерін сайлауы аталған ауылдық округ әкімдерінің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты аталған ауылдық округ әкімдерін сайлау өтті.
Сонымен қатар 2024 жылы Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Ақтөбе ауылдық округінің және Шақпақ ауылдық округінің әкімдерінің сайлауын өткізуді жоспарлап отыр. Шақпақ ауылдық округі әкімінің өкілеттік мерзімі 2024 жылы 1 тамызда аяқталады. Ақтөбе ауылдық округі әкімінің өкілеттік мерзімі 2024 жылы 26 желтоқсанда аяқталады.
-Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”