Basty bet

Өмір үшін күрескен дәрігерлерге демеу

Дауасыз дерттің алдында кез келген адам дәрменсіз. Ал аурудың жақсысы жоқ. Осындай сын сәттерде ауруханада таң атырып, кеш батырып жүрген ақ халатты абзал жандардың ерлігі – соғыстағы ерлікпен пара-пар. Мылтықсыз майданда міндетінен қашпаған, Гиппократ антына адалдығын, елінің шын патриоты екенін қиын кезеңде дәлелдеп жүрген ел жанашыры да осы дәрігерлер.

Бүгінгінің батырлары саналатын дәрігерлерге демеу ретінде елімізде «Nur Otan» партиясының бастамасымен «Дәрігерлерге мың алғыс!» атты акция ұйымдастырылып, жақсы жаңа бастама басталған болатын. Бұл бастама біздің өңірімізде жалғасын тауып, «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы аудандық орталық аурухананың медицина қызметкерлері мен емделушілеріне, яғни 100 адамға арналған түскі ас, сусын, қымыз жеткізді.
Акцияға партияның мүшесі, жеке кәсіпкер Тейгран Аллахвердиев атсалысып, демеушілік жасады.
-Бүгінгі күні еліміз қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеруде. «Кемедегінің жаны бір» демекші, бұл індетпен барлығымыз бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл күресте, әсіресе, ақ халатты абзал жандардың еңбегі мен ерлігі зор. Олар қашанда құрметке лайықты. Уақытпен санаспай, міндетіне жауапкершілікпен қарап, антына адалдықтарын көрсетіп, еңбек етуде. Сол себепті, оларға демеу ретінде, бірге екенімізді таныту мақсатында осы бастаманы қолдап отырмыз. Қазақ халқы бұл уақытқа дейін талай қиын кезеңдерді осы бірлігіміздің, асыл қасиеттеріміздің, жанашырлығымыздың, бауырмалдығымыздың арқасында өткеріп келеді. Міне, дәл сол асыл қасиеттер сын сағаттарда бір-бірімізге демеу бола білуді қайта еске түсіріп, індетті ауыздықтауға септігін тигізуде. Нұротандықтар өмір үшін күрестегі дәрігерлерге алғыс білдіреді, – дейді Т.Аллахвердиев.
Аудандық орталық ауруханаға атбасын тіреген нұротандықтар түскі асты бас емшібике Гүлнар Сүлеймановаға тапсырды. Жылулықты сезінген ақ халаттылар нұротандықтарға алғысын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close