Basty bet
Кітапхана қоры толығып келеді
Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. 30 жыл ішінде еліміз ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында, халқымыздың ауызбіршілігі мен ерен еңбегінің нәтижесінде биік белестерді бағындырды. Оны әр саладағы өзгерістерден, жетістіктерден де көруге болады. Мәселен, мен 2009 жылы кітапхана меңгерушісі болып жұмысқа кіргенімде оқушыларға оқулық толық жетпейтін еді. Бес-алты балаға бір оқулықтан берілетін. Жетпегенін ата-аналар өздері сатып алып беретін.
2015-2016 жылдан бері оқушыларға оқулық толық жетеді.
2019 жылдан бастап 3-4 сыныптарға (АКТ) «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар» оқулығы қосылды. Оқулық бастауыш білім беру деңгейінің жаңартылған білім мазмұнындағы оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып жазылған.
10-11 сыныптарға «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқулығы қосылды. Мақсаты – жас ұрпаққа мектеп қабырғасынан бастап кәсіпкерлік, бизнес, экономика, менеджмент, маркетинг бойынша қазақстандық және халықаралық тәжірибелерге негізделген базалық білім беру.
Сонымен қатар,11 сыныптарға «Графика және жобалау» оқулығы келді. Окулық жобалау курсын игеруге арналған және пәннің міндетті минималды орташа білім деңгейін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар 2020 жылы мектепке әдебиеттер келді. Қазақ халқының салт- дәстүрлері, ұлттық киімдері, дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы, батырлар жыры, бастауыш сынып оқушыларына арналған анықтамалықтар, ертегілер келді.
Бүгінгі таңда мектеп кітапханасының кітап қоры – 8131. Оның 7436-ы оқулықтар болса, 695-і көркем әдебиеттер. Кітапханамыздың Еркемай Нағашыбек, Шынайы Өмірбек, Ринат Әмірқұл, Аружан Мұхтарқызы, Алдияр Жандарбек, Аяулым Үмбетәлі, Ақбота Лесбек, т.б сынды тұрақты, белсенді оқырмандары бар. Жалпы, мектебіміздің шәкірттері түрлі аудандық шығармашылық тұрғыдағы байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуі кітапқа құмарлығынан деп ойлаймын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына орай 2021 жылдың кітаптарын таңдау бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жалпы халықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясын ұсынып отыр.
Акция аясында оқырмандар арасында іс-шара ұйымдастырдық. Шара барысында 7 сынып оқушылары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласына тақырыптық шолу жасады. Соңынан М.Мақатаевтың, Ы.Алтынсариннің өлеңдерін оқыды. Акция аясындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін!
Ләззат Елеева,
№10 Күреңбел орта мектебінің кітапханашысы