Basty bet

Адам жанын емдей білген

Баян Сағынбекова – Қайрат ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, бұрынғы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы орта мектепте білім алып, оқуын жақсы үлгеріммен аяқтайды. Жастайынан бауырларының кішігірім жарақаттарына, сырқатына ем жасап, алғашқы көмек көрсетіп, бала қиялына ерік беріп, өскенде дәрігер болуды армандайды.

Десек те, арман қуған талантты жас Баянның дәрігерлік оқуға түсуіне алғашқыда мүмкіндік болмады. Кейін Жамбыл медициналық училищесіне оқуға түсіп, үздік аяқтап, еліне дипломын қолына алған, жас маман болып оралады.
Әкесі, Берікше – уәдеге берік, адал, қарапайым шаруа адамы болған, медбикенің анасы қазақы тәрбиені бойына терең сіңірген, тазалыққа жаны құмар, мейірімді ақылды жан болғанын жеткізді. Ардақты да аяулы анасы жақында 87 жасында дүниеден озды.
Біздің кейіпкеріміз алғаш еңбек жолын аудандағы терапия бөлімінде бастады. Жұмысты оңай қиын деп бөліп жармады. Осы мекемедегі еңбегі тәжірибелі медбике атануына көмектесіп келеді. Өз ісіне деген сүйіспеншілігі көптеген жанның денсаулығының жақсаруына себепші.
Баян Берікшеқызы – қазіргі таңда кордиолог дәрігердің жанындағы мейірбикелік қызметінде. Жүрегінде ақауы бар жандардың дертіне шипа табуына жәрдемші. Мамандықтың жаманы болмайды. Алайда сан түрлі мамандық иесінің ішіндегі үлкен жауапкершілікті, ептілікті, қырағылықты, талап ететін мамандық ол дәрігерлік. Болашақ дәрігерлерге және мейірбике болуға ниетті жастар ең алдымен мына қағиданы білсе екен, науқас адамның өмірінің әрбір секунды, минуты өте маңызды. Баян Сағынбекова – ізденімпаз, ерік-жігері мықты жан.
Медбике «Медицина қызметкерлері» күніне орай облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталған.
Медицинаның атасы Гиппократ айтқандай: «дәрігердің жүзі жылы, жүрегі батыр, қолы жұмсақ, киімі ұқыпты таза болуы» өте маңызды екендігін жеткізді. Демек, дәрігер болу оқумен шектелмейді, дәрігер болу үлкен өнер, – дейді.
Баян Сағынбекова өмірлік серігі Әнуар аға екеуі Алланың берген ұл-қыздарынан немере сүйіп, өнегелі ата-әже атанып отырған бақытты, үлгілі жандар.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close