Basty bet

Жаһандық жолайрықтағы Қазақстан

Уақыт жылдам. Міне, 2023 жыл да аяқталды. Шүкір, ел тыныш. Тұрақтылық бар. Әр министрлік жылдағы дәстүрге сай өз жұмыстарын қорытындылап, есебін беріп жатыр. Бұл істелінген жұмыстардың нәтижесі, алдағы жоспардың бағыты да айқын. Рас, қос алып мемлекеттің ортасында орналасқан Қазақстанның географиялық артықшылықтары бар. Сондықтан да ең алдымен бізге көлік-логистикалық әлеуетті дамыту қолайлы. Бұл – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың да тапсырмасы.
–Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс»,- деді ел Президенті халыққа Жолдауында.
Сондықтан қазіргі таңда елімізде автомобиль, теміржол, әуе және теңіз салаларын қамтитын бірқатар ірі көлік жобалары жүзеге асырыла бастады. Көңіл қуантатын нәтиже бар. Мысалы, 11 айда Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 895 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9 пайызға артық. Оның ішінде транзиттің үлесі 29 млн тоннадан асып, 21 пайызға өсті. 2023 жылы теміржол саласында бірнеше ірі мегажоба жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, қарашада Алматы торабын айналып өтетін (74 км) және Дарбаза – Мақтаарал (152 км) теміржол желілерінің құрылысы басталды. Біріншісі жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа қысқартып, Алматы теміржол торабын 40 пайызға жеңілдетсе, екіншісі Орталық Азия бағытында өткізу қабілетін 10 млн тоннаға арттырады. Бұдан бөлек, желтоқсанда ұзындығы 272 шақырым болатын Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк айналымын қосымша 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алдағы үш жылда республикада 1 300 шақырымнан астам жаңа теміржол салынады.
Жол саласында да сапалы жұмыс бар. Биыл жөндеу-құрылыс жұмыстары республикалық және жергілікті маңызы бар 10,7 мың шақырым көлік жолдарын қамтыды. Үш ірі жоба Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, «Қандыағаш – Мақат» және «Үшарал – Достық» аяқталды. Сонымен қатар құрылысы ұзаққа созылған 6 жоба бойынша, яғни «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Меркі – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахан» бағыттарында жұмыстар қарқынды жүргізілді. Олардың бойында елдімекендерді айналып өтетін жолдардан басқа 923 шақырымға көлік қозғалысы ашылды.
Қазақстанның теңіз инфрақұрылымын дамыту үшін бірқатар маңызды жобалар пысықталды. Ақтау портында контейнерлік хаб құру, айлақтарды реконструкциялау, сондай-ақ жүк тиеу жабдықтарын жаңарту жоспарланып жатыр.
Құрық портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлескен астық терминалы іске қосылды.
Сондай-ақ, трансшекаралық Ертіс өзенінің транзиттік әлеуетін арттырып, Ресей – Қазақстан – Қытай жаңа дәлізін құру жоспарлануда. Әңгіме Семей қаласында жаңа жүк тасымалы шлюзі, Тұғыл ауылындағы өзен порты және Қытай шекарасына дейін теміржол салу туралы болып отыр.
Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының өз бөлігін дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. 11 айда аталған бағыт бойынша Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 2,5 млн тонна жүк өткізілді – былтырмен салыстырғанда 107 пайызға өсті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәлізі бойынша биыл алғаш рет қазақстандық мұнай тасымалданды.
Президент халыққа Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарық бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек» дегені белгілі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауыл аманаты» атты ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын ауқымды түрде іске асыру басталды. 2023 жылы бұл мақсатқа 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 17 мың шағын несие беру жоспарланып отыр, бұл 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жалпы бүгінде шамамен 69,4 млрд теңге сомаға 11,3 мың шағын несие берілді.
Бүгінгі таңда жоба аясында еліміздің барлық облысында жеке қосалқы шаруашылықтарды, шаруа және фермер қожалықтарын, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Қазақстанның мал шаруашылығы саласы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы жылдың 11 айында өнім өндіру көлемі 3,3 пайызға артып, 3,8 трлн теңгені құрады. Ірі қара мал басы 2,9 пайызға (9 млн бас), ұсақ мал басы 4 пайызға (23,6 млн бас), жылқы 8,3 пайызға (4 млн бас), түйе 5,3 пайызға (277,6 мың бас), сондай-ақ құс 9,5 пайызға (54 млн бас) өсті.
Қысқасы, үкіметте экономика, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда қарқынды жұмыс бар.
Келер жыл да нәтижелі болсын дейік.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close