Кеше аудандық мәдениет үйінде №1 мектеп-гимназияның ата-аналарына арналған жалпы ата-аналар жиналысы болды.
Оған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық прокуратураның прокуроры Елдос Ахметов, ауданның бас имамы Асхат Ақмамбетов, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, «Жастар денсаулық орталығының» психологы Венера Сейтаева, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар қатысты.
Жиынды ашқан Анар Садыққызы ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой-пікірімен бөлісіп, қатысушыларды өз ойларымен, ұсыныс-тілектерімен бөлісуге, белсенділікке шақырды.
-Құрметті жиынға қатысушылар және ата-аналар! Ұрпағымызды саналы, саламатты, дені сау, рухы биік етіп тәрбиелеу үшін ата-ана мен ұстаз арасындағы байланыс тығыз болуы шарт. Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.
Бала тәрбиесін ата-әжеге емес, әлеуметтік желіге, интернетке табыстаудың зардабын ең алдымен ата-ана тартады. Заманауи технологияның мүмкіндігі күн санап түрленіп жатқан ХХІ ғасырда осы мәселеге мән беретін кез әбден жетті. Бауыр етіміз бассыздыққа бармасын, ала жіптен аттамасын десек, оларға алдымен өзіміз үлгі болуымыз қажет. Заң күшеюін күшейеді ғой, бұдан бұрын балаға барынша көп көңіл бөлу маңызды, – дей келіп А.Ахметова алғашқы сөз кезегін №1 мектеп-гимназияның директоры Эльмира Әбішоваға берді. Э.Әбілқызы «Мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара ықпалдастығын арттыру» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты көптеген қажетті мағлұматтар берілді.
-Ата-ананың өмірде көрген қызығы мен жақсылығының ең бағалысы – ол перзенті. Баланың бойында туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады.
Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол.
«Тәрбиелік – адам етеді, тәрбиесіздік – надан етеді» деген халық тағылымы бар. Тәрбиенің сан-салалы қырлары бар десек, ата-ана өз ұрпағының жан-жақты болып өсуіне ықпал ете білуі қажет. Бала мектепке келгенге дейін ақыл-есі кіріп, үлкен-кішімен қарым-қатынас жасау, өзара сыйласудың әліппесін отбасынан алып келеді.
Ұлы педагог В.А.Сухомлинский: «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқылы ғана мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақыт беруі мүмкін» деген.
Ал, А.С.Макаренко: «Тәрбие – баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек» дейді,- дей келіп баяндамашы бала тәрбиесіндегі негізгі қағидаларға тоқталды.
-Баланы жас кезінен бастап сыйлап, қадір-қасиетін, ар-намысын бағалап, дұрыс сөйлесіп, дұрыс қарым-қатынас жасаған абзал.
Әдепсіз сөз, дөрекі айқай – тәрбиедегі жаман әдіс. Бала оған үйреніп кетеді. Соған қарай дөрекілікке бой алдырады.
Өзің баланы сыйламай тұрып, одан өзіңе ілтипат, құрмет көрсетуін талап етудің өзі ұят.
Баланы ешқашан қорқытып жұмсамаңыз.
Баланы жетістіктері үшін мақтаңыз.
Балаға еңбекқор, батыл, ақылды, тапқыр, ұқыпты, сүйікті, керекті дегендей сөздерді жиі айтыңыз.
Өз балаңызға сеніңіз. Сіздің сеніміңіз баланың жағымды істерін жүзеге асыруға көмектеседі.
Баланы жақсы көріңіз, баланы құшақтап, мақтауды ұмытпаңыз.
Ата-ана балаға сөзден гөрі, өзінің іс-қимылымен, сөзімен, жасап жатқан тірлігімен баласына үлгі көрсетіп жүруді ұмытпасын. Айтқан ақылыңыз қаншалықты дұрыс болғанымен, өз өнегеңіз, әдет-қылығыңыз керісінше болып жатса, жалаң ақылдан еш нәрсе шықпайды,- деді Эльмира Әбішева.
«Ата-аналардың бала смартфонын бақылауда ұстауы және бос уақытын тиімді ұйымдастыруы» тақырыбында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрбол Абдубаитов баяндама жасады.
Баяндамашы ата-аналарға бала телефонына бақылауды қалай орнатуға болатынын түсіндірді. Және оны жүзеге асыру баптаулары ата-аналар чатына жіберілетінін жеткізді.
Сонымен бірге, ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға шақырды.
Сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев өзінің балалық шағына шегініс жасап, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
-Біздің бала кезімізде ата-ананың, ұстаздың бір ауыз сөзі балаға заң еді. Ал, мектеп директорының сөзі біз үшін де, ата-анамыз үшін де заң болатын.
Ата-ананы, ұстазды, үлкендерді сыйлап, құрметтеуден біз жаман болған жоқпыз.
Тектілік, тәрбие бұл балаға ата-анасынан, ата-әжелерінен берілетін дүние. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Тәрбие – отбасынан басталады.
Қазір үкімет тарапынан жас ұрпақтың тәрбиелі, білімді болуы үшін бар жағдай жасалған.
Кешегі 2005 жылға дейін елімізде жағдай қандай қиын еді?
Қазір балабақшалар бар. Балабақшада барлық жағдай жасалуда. Мектептеріміз, жоғары оқу орындарымыз қандай?! Ауылда жастарға спортпен, өнермен айналысуға жағдай жасалуда.
Бізге енді тек қана балаға уақыт бөліп, дұрыс бағыт-бағдар беріп, қадағалап отыру керек,- деген ойын білдірді ардагер.
Сөз кезегі ауданымыздың имамы Асхат Ақмамбетовке берілді.
Имам ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, жауапкершілігі жайлы айтты.
-Бала мектепте негізінен білім алады. Ал, тәрбиенің іргетасы отбасында қаланады. Кез келген ата-ана баласына имани тәрбиеден артық ештеңе берген емес. Яғни, балаға жасаған материалдық жағдай, дүние-мүлік маңызды емес. Сондықтан ұлтжанды, елім, жерім деген патриот, мейірімді, мейірбанды, ізетті, ілтипатты ұрпақ тәрбиелеу – ата-ананың міндеті.
Жүсіп Баласағұн бабамыз «Ана сүтімен біткен мінез, сүйекпен кетеді» дейді. Жақсы сөз сол сөзді айтушының тұла бойынан табылса ғана жүрекке жетеді.
Абай атамыздың әжесі Зере апамыз баласын дәретсіз емізбеген. Бұл дегеніміз – анамыздың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі, имандылығы. Ата-бабамыздың тәрбиесін ұрпағымыздың бойына сіңіру үшін оны бірінші өзіміз жақсы білуіміз керек.
Мұхамед Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай бір үлгісі бар.
Бір күні бір бала біреудің бау-бақшасына барып, алма ағашына тас лақтырып, жемісін жерге түсіріп, алып жейді. Сонда алмаағашының егесі баланы жетектеп, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіпті. Жолда келе жатып баланың бойында енді не болар екен деген үрей болады.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баланың басынан сипап, «балапаным, сен неге тас лақтырдың?» деп сұрайды. Бала:
-Қарным аш. Сондықтан лақтырдым,- дейді.
Пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)
-Сен бұдан былай жерге түскенін же, тас лақтырма,- деп Алладан баланың қарнын тойдыруын сұрапты. Яғни, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бала тәрбиесінде жақсы, жылы сөйлеуді, балаға жәй сөзбен дұрыс емес екенін түсіндіріп, үнемі балама жолын көрсету қажет екенін айтқан.
Сонымен бірге бала тәрбиесінде мейірім мен сүйіспеншілікті; баланың ойын тыңдай білуді; бала үшін дұға ету керектігін айтқан.
Баламыз жақсы болсын десек, өзіміздің сөзімізге ісіміз сай болсын, үлгі бола білейік. Баламызды, айналамызды жамандықтан сақтап, қорғап жүру – бәріміздің міндетіміз,- деді ауданның бас имамы Асхат Ақмамбетов.
Бұдан соң мектеп психологы Айнұр Беспай кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг пен кибербуллингтің алдын алу туралы баяндама жасады.
Ал, психолог Мира Өскенбаева отбасындағы жанжалдың бала психикасына кері әсері жайлы түсіндірді.
Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылады.
-Ауданда соңғы уақытта орын алған өкінішті жағдайларды өздеріңіз білесіздер. Яғни, жасөспірімдер арасында өз өзіне қол жұмсау орын алды. Бір бала пойыз қағып қайтыс болды. Бір-біріне суық қару кезену дерегі бар. Түнгі 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз көшеде жүру дерегі де көбейіп келеді. Кісінің ала жібін аттау дерегі де бар. Кәмелет жасқа толмаған жас қыздар арасында ерте жүктілік те орын алуда. Бұл жағдайлардың бәрі тәрбиені тым босаңсытып алғанымызды білдіреді.
ХХІ ғасыр – ақпарат ағынының ғасыры. Балалар көп уақытын интернетте өткізіп отырғаны жасырын емес. Бала тәрбиесімен интернет айналысып кетті. Ал, интернеттің пайдасынан зияны көп. Интернетте бала кіммен және не туралы сөйлесіп отыр? Ата-ана баланы дұрыс қадағаламаудың салдарынан көптеген балалар интернеттегі белгісіз біреулердің, қаскөйлердің жетегінде кетіп, түрлі жағдайларға душар болуда.
Қазақта «Не ексең, соны орасың» деген нақыл сөз бар. Бала жақсы болса, оның қуанышын көретін бірінші ата-ана, жаман болса да күйігін тартатын ата-ана. Одан кейін қоғам. Сондықтан бауыр еті балаларыңызға көңіл бөліңіздер. Балаларды кітап оқуға баулыңыздар. Кітап оқу арқылы баланың тіл байлығы артып қана қоймай, сауатты, парасатты болып есейеді.
Түрлі спорттық, өнер үйірмелеріне беріңіздер. Бала осындай жақсы дүниелерді үйрену арқылы өзінің жанына жақын бағытты таңдап, сол арқылы өзін дамытады.
Баланы еңбекке баулуымыз қажет. Еңбек наданды да адам етеді.
Қазақта «Ұл тәрбиелей отырып рухыңды, қыз тәрбиелей отырып ұлтыңды тәрбиелейсің» деген аталы сөз бар. Бала тәрбиесі – бұл өте жауапты ұлы іс. Заманға сай болған жақсы. Бірақ, барлығы өзінің орнымен, өзінің жолымен болғанда ғана ұтылмаймыз,- деді Анар Садыққызы.
Жиын соңынан жиынға қатысушылар ата-аналармен жеке қабылдау жасады.
Айта кететін жағдай – мұндай ата-аналар жиналысы ауданда барлық мектепте арнайы бекітілген кесте бойынша өтеді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»