Basty bet

Қайсар жүрек

Батырға оқ дарымайды

Олар өз тағдырын таңдаған жоқ, олар үшін таңдауды соғыс жасады. Кәмелеттік жасқа енді тола салысымен, 1942 жылы майданға жуалылық балаң жігіт Бейсенбек Сафинов та аттанды.
Бейсенбектің өмірі майданға «дейін» және «кейін» болып бөлінді. Дегенмен, “кейіні” болмай да қалар ма еді? Дегенмен тағдыр үш мәрте жарақат алғаннан кейін оның пешенесіне өзі туған Бурное ауылына оралуды жазды.
Қан майданға кіріспей тұрып, Сафинов алты ай Алматы жаяу әскерлер училищесінде соғыс өнерінің қыры мен сырын үйренді, ал өзінің алғаш жауынгерлік қадамын 1942 жылғы қыркүйекте Волгоград майданында бастады. Оның үстіне тікелей мағынасында құр қолмен шайқасуына тура келді, өйткені екі сарбазға бір мылтықтан берілді. Бірақ, бұл өжет әрі қайсар қызыл әскерге проблема болып па, тәйірі? Тіптен аяғына оқ тиіп, жараланса да, жаумен қоян-қолтық шайқаста Бейсенбек өзінің алғашқы олжалы автоматына қол жеткізді.
1943 жылғы наурызда сержант Сафиновты 223 полктің 10 пулеметшілер ротасының құрамында Ленинград майданына жіберді. Мұнда бұл кезде кескілескен шайқастар қызып жатқан шақ еді. Неміс әскерлері аты аңызға айналған қаланы қоршауға мүмкіндік алды, бірақ Ладога көлі арқылы қатынас жолы қалды. Ол кейіннен Өмір соқпағы деп аталып кетті. Қазақстандық қызыл әскердің әрі қарайғы майдан тағдыры дәл осы Өмір соқпағымен байланысты өрбіді.
1943 жылғы қазан айында ендігі аға сержант шеніндегі Сафинов 24 дивизияның шаңғышылар батальонының бөлімше командирі болып тағайындалады. Жауынгерлер қоршаудағы Ленинградқа қару-жарақ пен азық-түлік жіберіп отырды, Бейсенбектің басшылығымен жұқа мұздың үстімен бірнеше мәрте барлауға барды.
1944 жылдан бастап Бейсенбек Сафинов взвод командирінің көмекшісі болып қызмет етті, Ленинград майданының кіші лейтенанттар курсында оқыды. Содан соң 56 атқыштар полкіне пулемет бөлімшесінің командирі болып ауысады. Жеңіс күнін жуалылық қызыл әскер Берлинде қарсы алды.
Кейіннен Сафиновты Белорус орманында жасырынып жүрген бандершілердің көзін жоюға жіберді. Бейсенбек ұрыс даласынан 1945 жылғы 25 қыркүйекте оралды. Ерен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Ленинградты қорғауға қатысқаны үшін» медалімен және басқа да наградалармен марапатталды. Бейбіт кезде Бейсенбек Сопынұлы Жуалы аудандық жинақ кассасында инспектор, кейіннен меңгеруші, аудандық қаржы бөлімінде мемлекеттік кірістер жөніндегі аға экономист болып еңбек етті. Еңбектен қол үзбей жүріп, Семей қаржы техникумы мен Алматы халық шаруашылығы институтын тамамдап алды.
Майдангердің ұйымдастырушылық таланты ескеріліп, Сафинов кейіннен Жуалы өңделме жүнді қайта өңдеу фабрикасына кілем тоқу цехының бастығы болып тағайындалды. Еңбек майданындағы табыстары үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болды.
Бейсенбек Сафинов 1983 жылғы сәуір айында 60 жасында өмірден озды. Бірақ ол туралы жарқын естелік оны білетін кісілердің, артында қалған ұрпақтары – сегіз ұл-қызының, 25 немересі мен 31 шөбересінің жүрегінде мәңгіге қалды.
Қайсар майдангер тек туыстарының ғана емес, жерлестерінің де есінде: Бейсенбек Сафиновтың құрметіне аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы көшелердің бірі оның атымен аталады.

Дархан БАЙТУОВ,
журналист.
Алматы қаласы.

Таңдаулы материалдар

Close