Basty bet
Немқұрайдылық танытудан аулақ болайық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді. Ел Президентінің төрағалығымен өткен бұл жиынды теледидардан көріп, ондағы айтылған пікірлермен терең танысып шықтым. Жиынның басында Мемлекет басшысы дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін, өкінішке орай, төтенше жағдай режімі тоқталғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кеткенін жеткізді.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысының күрделі жағдай жөніндегі айтқан пікірлерін медицина саласының ардагер маманы ретінде қолдаймын. Себебі, алғашқы індет жұқтырған адам анықталған сәттен бастап мемлекетімізде жасалған іс-шаралар, қолға алынған шектеулер өз нәтижесін бергені анық. Мәселен, наурыз, сәуір айларында әр облыста індетті жұқтырғандар саны 100-ге де жетпейтін. Тек қана Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында індеттің таралуы шарықтап, жұқтырушылар қатары көбейіп кетті. Дәл осы кезде еліміздегі төтенше жағдай режімінің қатаңдатылуы індетті ауыздықтауға елеулі әсер етті.
Ал, карантин режімі жеңілдетілген сәттен бастап жағдай ушығып, күніне ондаған адам індетті жұқтырып тіркеліп жатты. Тіпті, коронавирустан көз жұмған адамдардың саны да артты. Бұл дегеніміз, халықтың босаңсып, індетті жоқ деп, мойындамаушылардың қатарының көптігінен, немқұрайдылық танытудан, сақтық шараларын қолға ұстанбауының салдарынан туындап отыр. Сонымен қатар, бүгінгі індетті жұқтырушылардың саны 20 мыңнан асуы Мемлекетіміздің Бас санитарлық дәрігерінің айтқанына құлақ аспай, той-думанды өткізуді жиілетудің, салғырттықтан болып отырғаны бесенеден белгілі.
«Денсаулық – зор байлық» демекші, бүгінгі күні денсаулығымыздың маңыздылығын ұмытпауымыз керек. Мемлекет тарапынан түскен тапсырмаларды дер кезінде орындап, сақтық шараларын қолға алу керек. Бұл әсіресе облыс және аудан басшыларына қатысты. Індет дендемей тұрғанда халқымыздың амандығы үшін қайта қатаң карантин режімі қолға алынғаны дұрыс. Бәріміз осыған бағынуымыз керек. Өз-өзімізді оқшаулап, той-томалақты азайтып, медициналық бетперде тағып, қолымызды қайта-қайта жууды ұмытпағанымыз абзал. Жақындарымызға жанашыр болайық. Әрбір сақтық шаралары отбасынан, ұжымнан басталады. Ұжымдағы басшы қарамағындағы жұмысшылардан тазалықты, сақтық шараларын талап етсе, ал отбасындағы үйдің үлкені жанұя мүшелерінің денінің саулығын ойлауы керек.
Бүгінгі күні біз қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отырмыз. Алайда, осындай қиын-қыстау кезеңде сабыр мен бірлігімізді ұмытпағанымыз абзал. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ, жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал, науқастанып қалғандар сары уайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлантаза айығып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның барлығы мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірімен денсаулығын қорғауға арналған», деді өз сөзінде.
Иә, мемлекет үшін адам мен оның амандығы қашанда маңызды. Сол себепті, Мемлекет басшысы қатаң карантин режімін енгізу мәселесі бойынша ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырып отыр. Бұл шаралар індеттің таралуын болдырмай, оны жеңуге септігін тигізетініне сенімім мол. Осындай қатаң шараларды сақтаған жағдайда ғана біз індетті жеңіп, қайта қалыпты өмір сүру қалпымызға оралатын боламыз.
Сейітхан Жұмашев,
аудандық қоғамдық
кеңестің төрағасы,
денсаулық сақтау
саласының ардагері