Жайма-шуақ жаз айы аяқталып, қоңыр күз де келіп жетті. Оның арғы жағында кәрі құда – қыс қылышын сайлап, қыр астында тұр. Бұл дегеніміз – қыстың қытымыр аязына дайындықты тағы бір пысықтап, отын-суыңды сайлай беру керек деген сөз.
Иә, осынау жауапты жылыту маусымын абыроймен атқару – аса маңызды іс. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынуы қажет. Осы ретте біз «ауданның қысқы жылыту маусымына дайындығы қандай? Жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер қыстың қамын жазда ойластырды ма?» деген секілді сауалдарды нысанаға алып, саралап көрдік.
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының мәліметтеріне қарағанда, қысы қатал болып келетін біздің ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар күн ілгері, жаз айларынан басталған. «Қыс шанасын жаз сайлайтын» Жуалы халқы да маңызды кезеңге тыңғылықты дайындық үстінде. Табиғи газ тартылмаған таулы өңірдің тұрғындары отын-суын қамдауға қазірден бастап кірісуде.
– Аудандағы бюджеттік нысандарды, жылу беру қазандықтарын және электр жүйелері мен табиғи газ құбырларын қысқы жылыту маусымына сапалы дайындау жөнінде іс-шаралар әзірленген. Аталған мақсатта барлығы 188 302,5 мың теңге қаражат жоспарланып, бекітілген.
Биылғы жылыту маусымына аудан аумағында орналасқан 45 білім беру, 26 мектепке дейінгі тәрбие ошағы, 47 денсаулық сақтау, үш спорт, 46 мәдениет мекемесі, бір «Жуалы» көпсалалы колледж және «Жуалы су» мекемесінің жалпы 169 мүліктік нысаны кіреді. Бүгінгі күнге барлық нысандарда дайындық жұмыстары аяқталуда. Олардың ішінде 37 нысан қазандық арқылы жылытылады. Оның 9-ы көмірмен, 28-і табиғи газды пайдаланады, – дейді Асхат Базарбайұлы.
Ауданның білім беру саласындағы 45 білім ошағының 39-ы – мектеп, біреуі – шағын орталық, біреуі – психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 4-уі – мектептен тыс мекемелер, яғни үш өнер мектебі, бір аула клубы. Білім мекемелерінің 28-і қазандықтар арқылы жылытылса, оның 9-ы тас көмірмен, 19-ы табиғи газбен жылытылады. Жалпы 30 нысан табиғи газды, 15 нысан тас көмірді пайдаланады.
Білім беру мекемелерін отынмен қамтамасыз ету мақсатында 2 365,0 тонна тас көмір сатып алуға 35 754,0 мың теңге қаржы қарастырылып, конкурс нәтижесінде «Байдалиев» ЖК мердігер болып анықталды. Жоспарланған 2 365 тонна тас көмірдің бүгінгі күнге жеткізілгені 1 117 тонна, яғни 47 пайыз. Ал 2020-2021 жылдарға табиғи газға 41 811,8 мың теңге қаржы қарастырылған.
26 балабақша бүгінде ауылдық округ әкімдіктерінің теңгерімінде, олардың 19-ы табиғи газды, жетеуі тас көмірді пайдаланады.
Мәдениет саласында барлығы 46 нысан бар. Оның ішінде бір аудандық орталық кітапхана, бір аудандық тарихи-өлкетану музейі, бір ауылдық балалар кітапханасы, 23 ауылдық кітапхана, 8 мәдениет үйі мен 12 ауылдық клуб халыққа қызмет көрсетеді. Бір нысан орталықтандырылған қазандықпен, 26 нысан табиғи газбен және 19 нысан тас көмірмен жылытылады.
Мәдениет мекемелерін отынмен қамтамасыз ету мақсатында табиғи газға 3 377,0 мың теңге жоспарланған. 2 400,0 мың теңгеге 179 тонна тас көмір сатып алуға «Ақерке» ЖК мердігер болып анықталып, көмір толықтай жеткізілген.
Денсаулық сақтау саласында 47 медициналық мекеме бар болса, оның біреуі орталықтандырылған қазандықпен (табиғи газбен), 41 нысан дербес пешпен, соның ішінде 23-і табиғи газбен, 18-і тас көмірмен жылытылады, бес медициналық мекеме ғимаратсыз. Қысқы жылыту маусымында барлығы 42 медициналық мекемеге жылу беріледі.
Жылыту қазандығын (пеш) ауыстыруға 8 000,0 мың теңге, дәнекерлік, әктеу және сырлау жұмыстарына 600,0 мың теңге қаржы қаралған.
Денсаулық сақтау мекемелерін отынмен қамтамасыз ету мақсатында табиғи газға 6 000,0 мың теңге қаржы қаралған. 164 тонна тас көмір сатып алу жоспарланып, 3 608,0 мың теңге қаржыға «ABI Group» ЖШС мердігер болып анықталып, 15 қыркүйекке дейін жеткізу жоспарлануда.
Денешынықтыру және спорт саласындағы №12, №13 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ, №12 спорт мектебіне қысқы жылыту маусымына көгілдір отын сатып алуға 1 400 000 теңге, дизель отынын сатып алуға 50 000 теңге қаражат бөлінген.
№13 спорт мектебіне 2020-2021 жылғы қысқы жылыту маусымына көгілдір отынға 379 000 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Мекеме көгілдір отын тұрмыстық пеші арқылы жылытылады. Тұрмыстық пеш тексеруден өткізу, жылыту және жылу беру маусымына ыстық сумен жабдықтау жүйесін қысым сынағынан өткізу және жылыту жүйесін тазарту жұмыстарын жүргізу тамыз айында аяқталған. Тұрмыстық пеш бөлмесі ішкі және сыртқы аумағы тазартылып, ақталып, сырланды.
2020-2021 жылдардағы жылыту маусымына аудан тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында 4 700 тонна тас көмір алу жоспарланған. Бүгінгі күнге жеткізілгені – 890 тонна, яғни 18,94 пайыз.
Аудандық электр желілерін тарату мекемесінің теңгерімінде тұрған электр желілерінің ұзақтығы 381 шақырымды құрайды, тәуліктік орташа электр қуатының көлемі 97 077 кВт сағат берілуде. Жалпы өлшеу құралдары жеке тұлғалар бойынша 9869 тұтынушыға орнатылған, заңды тұлғалар бойынша 515 тұтынушыға орнатылған. Түрлі кернеудегі әуе желілері мен қосалқы станцияларда ағымды және күрделі жөндеу жүргізілуде.
Табиғи газ құбырлары мен станцияларында да қыс жағдайында жұмыс істеуге дайындық жүргізілуде. Ауданда газ құбырының жалпы ұзақтығы 353,7 шақырымды және тәуліктік газ тұтыну көлемі 150 000 текше метрді құрайды, екі дана газ тарату пунктінде және 73 шкафты реттеу пунктінде ағымды жөндеу жұмыстары атқарылған. Одан бөлек, 2 750 метр газ құбыры сырланған. Үйлік өлшеу құралдары жеке тұлғалар бойынша 8 052 тұтынушыға орнатылған, ал заңды тұлғалар бойынша 235 тұтынушыға орнатылған.
Аудандық газ мекемесінің мәліметінше, бюджеттік мекемелердің табиғи газға ағымдағы қарыздары барлығы 2 700 000,0 теңгені құраса, аудандық электр желілерін тарату мекемесіне мекемелердің электр энергиясына ағымдағы қарыздары барлығы 4 682 512,51 теңгені құрайды. Бүгінде коммуналдық қызметтердің қарыздары өтелуде.
Байқағанымыздай, бір жылғы қыс басқа жылдың қысына сәйкес келе бермейді. Дегенмен, соңғы жылдары жаз аптап ыстық болғанымен, кейде қыстың басы мен ортасы жайлы өтіп, соңы қытымыр аязға ұласса, кейде керісінше болып жүр. Қалай дегенмен, қаһарына мініп келетін қыстың аязды күні алыс емес екенін ескерсек, оған дайындықты бүгіннен бастаған жөн.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»