Basty bet
Ауылдықтар кәсібін бастайтын күн де жақын
Қарапайым заттар экономикасы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында да атап өтті. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы жұмыс тобын құрып, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беру, жұмыссыздықты азайту арқылы тұрғындарының табысын жақсарту мақсатындағы облыс басшысының пилоттық жобасы Үкіметтен, Президентімізден де қолдау тауып, бүгінгі таңда нақты іс үстінде.
Жобаның бағыттары: үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану; үй ауласындағы мал мен құстың өнімділігін арттыру; аула сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жемшөп, жайылым мәселесін шешу; қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қолбайлау болып отырған мәселелерді кооператив арқылы шешу; ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру. Одан күтілетін нәтижелер: облыс бойынша 131 мың отбасы, 600 мыңнан астам адам айына орта есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылады. Бұл қазіргі табыс деңгейінен 4 есе артық; өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыздар санатындағы 68 мың жамбылдық жеке кәсіпкер санатына қосылады; жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 34 пайызға артады; ет пен сүт өңдейтін кәсіпорындар жүктемесі 30 пайызға ұлғаяды.
Аталған пилоттық жобаға біздің ауданнан Ақтөбе ауылдық округі таңдалған болатын. Ол туралы бұған дейін де талай рет жаздық. Бұл жолы пилоттық жоба туралы мақаламызды жазу үшін Ақтөбе ауылдық округіне арнайы барып, ауылдық округ әкімі мен жобаға қатысатын бірқатар тұрғындармен кездесіп, әңгімелестік.
Арабхан Заппаров, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі:
-«Қарапайым заттар экономикасы жобасы» бойынша ауылдық округтен бүгінгі таңда нақты 196 азамат 795,4 млн теңге несие алуға ниет білдіріп отыр. Оның ішінде бесеуі 30,1 млн теңгеге кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлауда. Яғни, екеуі жылыжай соғуды, біреуі наубайхана, біреуі кондитерлік цех, біреуі ағаш өңдеу цехын ашуды мақсат етіп отыр. Қалған 191 азамат мал бағытында несие алмақ. Атап айтқанда, 367 бас ірі қара малы, оның 362-і ет бағытында, 1500 бас қой, 897 бас жылқы малын алу жоспарда бар.
Асқар Тұрсынәліұлы, Жаңаталап ауылының тұрғыны:
-Ауылдардағы үйлерді басқа банктер кепілге алмайды. Тек осы жоба аясында «Тараз» АӨК арқылы ғана кепілге жаратып отыр. Сондықтан, үйімізді кепілге алып, төмендетілген пайызбен несие алып, өз кәсібімізді ашуға мүмкіндік бергені үшін біз қуаныштымыз. Облыс басшысының өзі ауылымызға келіп, жобаны егжей-тегжей түсіндіріп, бізбен үш сағаттай әңгімелесті. Аудан басшылары да әрбір ауланы аралап, түсіндіріп, нақты көмек көрсетті. Ауылдық округ әкімі Арабхан Расылханұлы мен кооператив төрағасы Зайыр Сұлтанмұратов, кәсіпкерлік палатасының басшысы, тағы да басқа тиісті мекеме басшылары ауыл тұрғындарына барын салып көмек көрсетті. Кәсіпкерлікті мен өз басым бірінші рет ашып отырғандықтан, бейтаныс жағдайлар көп кездесті. Алайда осы азаматтардың ақыл-кеңесінің арқасында бәрі де оңды шешіледі. Бүгінгі таңда барлық құжаттарымыз дайын. Тек қаражатты күтіп отырмыз.
Менің отбасымның жоспары – наубайхана ашу. Бұл біздің бұрыннан арманымыз еді. Енді арманымызға қол жеткізудің сәті түсіп тұр. Алла қаласа наубайханамызды ашып, 2000-нан астам тұрғыны бар ауылдық окург тұрғындарын сапалы, қолжетімді бағамен бөлке нанмен қамтамасыз етеміз. Әрі қарай бөлке наннан бөлек түрлі нан өнімдерін де пісіреміз деген жоспарымыз бар. Мен өзім ауылдық мәдениет үйінде қарауыл болып жұмыс істеймін. Жолдасым «Бәйтерек» балабақшасында тәрбиеші. Төрт ұл, бір қызымыз бар. Ұлдарымыздың алды студент, отбасылы. Қалғаны – оқушы. Қолымда үйленген баламыз бірге тұрады. Сондықтан бұл кәсіп біздің отбасылық бизнесіміз болады.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен әңгімелескенде: «Мен Президентімізге сіздер еңбек етеді деп уәде еттім. Мен сіздерге сенемін. Еңбек етіңіздер!» деген еді. Үкімет осындай мүмкіндік беріп отырғанда тек қана еңбек етуіміз керек. Сонда ғана нәтиже болады. Жатыпішерліктен құтылуымыз керек.
Жобаны халыққа түсіндіріп, ыстық-суығына шыдап, халық үшін еңбек етіп жатқан облыс, аудан басшыларына алғысымды білдіремін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Серік Қожағұлов, Ақтөбе ауылдық оругінің тұрғыны:
-Мен өзім «Жаңаталап» балабақшасында қарауылмын, ал, келіншегім аула сыпырушы. Бүгінгі таңда жолдасым декреттік демалыста. Бір ұл, бір қызымыз бар.
Жоба аясында сүт бағытында бес бас сиыр алып, сүт өндірумен айналыссақ дейміз. Мүмкіндік болса, мал басын тағы да көбейтетін боламыз. Ата-анамыздың қолында бірге тұрамыз. Сондықтан келешекте ата-анам, жолдасым барлығымыз осы кәсіппен айналысып, жағдайымызды көтеретін боламыз.
Құжаттарымызды дайындау барысында Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары көп көмек көрсетті.
Енді, есеп шотымызға қаржы түссе, таңдап жүріп, сүтті сиыр аламыз. Бұл жобаның нәтижесінде халықтың жағдайы едәуір жақсарады деп сенемін.
Иә, бұл ауыл тұрғындарының лебізі, қуанышы. Жалпы, пилоттық жобаға өздерінің ауылдық округі таңдалғаны да ерекше қуануда.
Ауыл тұрғындары қаржысын алып, кәсіптерін бастайтын күн де алыс емес. Біз тек қана сәттілік тілейміз.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»