Basty bet
Мерекені ерекше қарсы алады
Наурыз мерекесі – елімізде атап өтілетін мерекелердің төресі. Халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін бұл мейрам салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастыруда маңызы зор. Ұлыстың Ұлы күнін тек қазақ халқы ғана емес, Азияның өзге де көптеген елдері ерекше құрметпен қарсы алады. Сондықтан да Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл мейрамды Халықаралық мереке ретінде белгілеп, оны үш күн бойы тойлау жөнінде шешім шығарған еді. Көпұлтты мемлекетіміздегі түркітілдес ағайындардың әрқайсысы Наурызды өз салт-дәстүрлеріне сүйене отырып қарсы алады. Яғни, жаңа жылдың бастауы болған көктем мерекесін әр ұлт әрқалай тойлайды. Осы орайда, әзербайжан ұлтының өкілі, Көлбастау ауылының тұрғыны Гүльшан Исмаилқызымен кездесіп, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін қалай қарсы алатыны жөнінде әңгімелескен едік.
Оның ата-анасы 1938 жылы Әзербайжанның Қазақстанға Сталиннің кезіндегі репрессия жылдары жер аударған.
Гүльшан апай осында туып-өсіп, отбасын құрған.
Гүльшан Исмаилқызы 1986 жылы Тагир Металимовқа тұрмысқа шығады. Екеуі бес ұл-қыз өсіріп, олардан сегіз немере сүйіп отыр. Гүльшан Металимова үй шаруасындағы, көпбалалы ана. Отбасындағы екі үлкен қыздары ұстаз болып жұмыс жасайды. Ал кіші қызы сұлулық салонында жұмыс істейді. Екі ұлының жеке кәсіптері бар.
Бұл кәсіп отағасы Тагир Металимовтан бастау алған, оның үлкен жүк көліктері бар. Бүгінде бұл кәсіпті оның екі баласы жалғастыруда. Отбасындағы барлық балалары өз алдына отбасы құрған.
-Әзербайжан халқы да Наурызға дайындықты мерекеден бірнеше апта бұрын бастайды. Бірінші қадам – мерекелік дастарқанның ажырамас атрибуты – бидайдың тұқымын өсіру. Жергілікті халықтардың наным-сенімі бойынша, көктеп шыққанда бидай көктем мен құнарлылықтың, береке мен бірліктің белгісі. Бидай тұқымын базардан сатып алуға болмайды, оны өз үйінде өсіру керек. Бұл молшылық пен гүлденудің белгісі дейді. Оны өсіру соншалықты қиын емес. Бидай дәндерін табақшаға жайып, жұқа дәкемен жауып, содан кейін үнемі сумен шашыратып суғару керек. Екі аптаның ішінде өсіп, жасыл өскіндерімен қуантады.
Дәл Наурызда барлық дәстүрлі әзербайжан тәттілері дайындалады. Атап өтсем шекербура, пахлава, бадам-бура, мутаки, курабье бәрі мерекелік тәтті дастарқанның сәнін келтіреді. Тәттілерді дайындау процесі бірнеше күн бұрын басталады.
Наурыз мейрамының алдындағы төрт сейсенбіде аулада – тонғалда от жағу әдетке айналған. Жан мен тәнді тазарту үшін «бәленім осы отта жансын» деп оттың үстінен жеті рет секіру керек. От кірден тазартады, қара күштерден қорғайды және ескі жылда болған барлық жамандық осы оттың жалынында жанып тұрады деп саналады,- дейді Гүльшан Металимова.
Сондай-ақ, әзербайжандардың дастарқанында жеті азық-түлік болуы керек екен. Үстелдегі сиқырлы жеті өнім символдық сыйлыққа айналады, ол отбасының мол өніміне қамқорлық жасауы керек. Сондықтан мерекелік дастарқанда аты «с» әрпінен басталатын жеті азық-түлік тұрады. Олар – су-су, сэмени- жақсы тұқым, сумах, сюд-сүт, сэбзи-көк, сиркэ – сірке суы.
-Баяғыда Наурыз мейрамының алдындағы түнде әр отбасы үйінің төбесіне шығып, отбасында қанша адам тұрса, сонша алау жағылатын. Біздің кезімізде алаулар шыраққа ауыстырылып, бүгінде олар отбасы мүшелерінің санына қарай мерекелік дастарқанда жағылады. Бұл дәстүрдің символдық мәні бар, өйткені шырақ адамды зұлым рухтардан қорғайтын от болып табылады. Сондай-ақ, бұл шырақтарды сөндіруге болмайды, өйткені олар өздері соңына дейін жануы керек. Сонымен қатар, наурызда жұмыртқаларды бояп, олармен мерекелік дастарқанды безендіру дәстүрге айналған. Ең танымал түс – жасыл, ол жаңа өмірдің оянуын білдіреді.
Наурыз мерекесінің мерекелік дастарқанның патшасы – палау. Онымен мереке аяқталады. Оған туыстар мен достар жиналады. Ол дәстүрлі рецепт бойынша әртүрлі гарнирлермен – ет, тауық немесе балықпен дайындалады. Тәтті палауға кептірілген жемістер қосылады. Мысалы, кептірілген өрік, шие, алхоры және мейіз қосамыз.
Бұл мерекеде біз көптеген игі істер жасап, дәм-тұзды бөлісу дәстүрге айналған. Осындай әдет-ғұрыптардың бірі «Наурыз пайы» деп аталады, яғни Наурыз мейрамы – мерекелік тәттілер, сямяндар, шырақтар науаға салынып, көршілері мен дос-жарандарға жіберіледі. Науаны бос қайтару әдетке жатпайды, өйткені бұл жағдайда аңыз бойынша үй өзінің байлығын жоғалтуы мүмкін. Сондықтан, тағамды басқа тағамдармен немесе сыйлықтармен толтырып қайтарады. Мұндай сыйлықтар тек әзербайжандарға ғана емес, басқа ұлт өкілдеріне де Наурыз мерекесінің қуанышын бөлісу үшін жасалады. Әрине Наурыз мерекесі көрші-қолаңмен өтеді. Біздің көршілермен қарым-қатынасымыз жақсы. әрбір мерекеде бір-бірімізді құттықтап тұрамыз, -дейді Гүльшан Металимова.
Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі, бүкіл табиғат жанданып, бәрі жаңарады, жаңа үміттер туады. Шығыстағы барлық халықтардың ең үлкен мерекесі. Наурыз – бірліктің, татулықтың, мейірімділік пен бақыт мерекесі. Ендеше осы Наурыз мерекесінде барлық жамандықтар артта қалсын. Барша қазақстандықтарға жақсылық тілейміз!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»