Basty bet
Ұстаз болу – жүректің батырлығы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 27 желтоқсанында “Педагог мәртебесі туралы” Заң жобасына қол қойды. Ұзақ жылдар бойы мұғалімдердің күткен арманы орындалды, ұстаздар құқығы кеңейтілді. Жүктемелерін азайтты, қосымша жұмыстардан босатты. Жалақылары біртіндеп көбеюде. “Шебер педагог”, “Үздік педагог” боласың ба, енді оның бәрі педагогтің өзіне байланысты деп көрсетілген Заңда.
Бұрын 40-50 жыл жұмыс істеп, қанша тер төгіп жас буынды тәрбиелеген ұстаздар, ең болмаса оқу министрлігінің «КСР оқу-ағарту ісі үздігі» деген белгісін омырауына таға алмай зейнетке шыққаны қаншама. Педагогтерге Үкімет бетбұрыс жасады. 2019 жылдың Тамыз кеңесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, бірнеше мұғалімді “Құрмет” ордені, “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат” медальдарымен марапаттады. Заңда “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” атты мемлекеттік награданың жаңа түрі белгіленді. Келешекте талай педагог осы атаққа ие болады деген үмітіміз бар.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды, енді елімізде білікті педагогтардың саны мен сапасы артары сөзсіз. Бұған аудандағы ұстаздар қауымы да үлкен сенім артуда. Солардың қатарында аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның жоғары санатты мұғалімі Ұлбосын Сванбаева да бар.
Ұлбосын Рысбайқызы 1966 жылы Ақбастау ауылында туған. Жамбыл педагогикалық институтын сызу, сурет, еңбек пәні бойынша бітірген. Қазіргі таңда №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда көркемөнер, графика және жобалау пәні мұғалімі, жоғары санатты ұстаз. Ол өзінің еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында көптеген алғысхаттар мен жүлделерге ие болған. Он саусағынан өнер тамған ұстаз оқушыларының өнерге, өзіне деген сенімді көзқарасын дамытып, біліктілігін арттырып шығармашылыққа баулиды.
-Мен ұстазбын, мәртебелі мамандық иесімін. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» демекші, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Менің бұл мамандықты таңдауыма себепші болған менің үлгі тұтқан ұстазым, сынып жетекшім, қазіргі таңда құрметті зейнеткер – Момбаева Нәзипа апайым. Ұстазын ұлық тұтқан киелі халықтың ұрпағымыз. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы.
Егеменді еліміздің өркениетін жетелейтін білімнің бастауында мектеп пен ұстаз тұрады. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын мұғалімдікі»- деген алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев ұстаз мәртебесін сол кезде-ақ асқақтатып кеткен. Содан бері қанша уақыт өтсе де, бұл асыл сөз өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Себебі, мұғалім мәртебесі – қоғам мәртебесі.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңда педагог өзінің кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткерлік шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге міндетті екендігі айтылады. Бұл мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, білім саласының одан әрі дамуына жол ашады. Және бұл Заңда мені ең бастысы жүктеменің азайтылып, балаларға тек мұғалім ғана емес, ата-ана да жауапты болатыны қуантты, -дейді білікті ұстаз Ұлбосын Сванбаева.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген ол халық даналығын басшылыққа алып, жас ұрпақты сәндік-қолданбалы қолөнерінің тұнығынан сусындатып, халық шеберлерінің шығармаларымен таныстырып, өнерге қанат қақтырған шәкірттері көптеген ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
«Оқушыларды шеберлік шыңына жетелеп, дұрыс бағыт сілтеу, ұлттық қолөнерге баулу – басты мақсатым» дейді өз сөзінде білікті ұстаз.
-Әрбір ұстаз өз жұмысына тыңғылықты дайындықпен, құштарлық сезіммен кіріссе, еңбегіне қарай жемісін көреді. Педагогикалық әдепті бойыңызға сіңірсеңіз кез келген ортада еркін жүресіз, педагогтің мәртебесін көтересіз.
«Әрбір ұстаз – білікті маман, әрбір оқушы – ойшыл тұлға» деген қағиданы ұстанамын, – дейді жоғары санатты мұғалім.
Бәсекеге қабілетті, заманауи, білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Еңбектің еленгені қашанда адамды қуантады. Ұстаздар қауымының қоғамда мәртебесі артып, мерейі үстем болса, нұр үстіне нұр болмақ.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»