Basty bet

Қарт әжейге көмек көрсетілді

Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып, бай болудың қажеті шамалы. Ең бастысы, мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып, оған күлкі сыйлауы мүмкін, ал біреулер қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. Қазақта «Кең болсаң – кем болмайсың» деген нақыл бар. Мұның астарына үңілсеңіз, адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзейді. Яғни, «Атымтай Жомарт» атанып, мұқтаж жандарға көмектесіп, кең болғанда төрт құбылаңыз тең болады деген сөз.
Міне, сондай игі істің біріне Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің аппараты ұйытқы болды. Нақтырақ айтатын болсақ, Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің қабылдауына Бәйтерек көшесінің тұрғыны Наталья Колесникова өтінішпен келген болатын. Ауыл тұрғыны үйінің іргетасына жөндеу жұмыстарын жүргізіп беру туралы өтінішін айтып, көмек сұрайды.
Ауыл әкімдігі өтініш иесінің мәселесін жіті қарап, оған көмек көрсететінін жеткізеді. Осыдан кейін ауыл әкімшілігі демеушілер тауып, ауыл тұрғынының өтінішін орындап, үйдің іргетасына жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруге өз үлестерін қосты. Қайырымды іске жүрегінде иманы бар азаматтар – Елубай Құдарыв пен Оңғар Ахметов өз үлестерін қоса білген.
Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар – кез келген қоғамның негізгі тірегі.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» дегендей, қайырлы істің ұршығын иірген жерлестеріміз нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсете білді. Халқымыздың қанына сіңген игі қасиеттің сауабы қашанда мол болады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осындай игі іске ақпараттық қолдау білдіріп, олардың әрбір ізгілікке толы әрекетін үлгі ретінде насихаттау керек. Ауыл тұрғыны Наталья Колесникова әкімдік қызметкерлеріне алғысын білдірді.
– Әлем қайырымсыз адамдардан тұрмайды. “Қарттық жеңіп, баспананың іргетасын жөндеуге күш-қуатым жетпей отырған шақта маған қолдау білдіріп, мейірімін танытқан әкімдік қызметкерлеріне және демеуші болған азаматтарға айтар алғысым мол. Кең пейілді халқыма да ризамын. Баршаңызға екі дүниенің бақытын нәсіп етсін!, – деген ауыл тұрғыны, қарт әжей өз толқынысын жасыра алмады.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close