Basty bet
Көрерменмен онлайн жүздесуде
Қазіргі төтенше жағдайға байланысты көпшілікке мәдени қызмет көрсететін мекемелердің есігі уақытша жабылғаны белгілі. Алайда, өнер адамдары үйде отырып та елдің көңілін көтеріп, рухани азық беруден қалыс қалған жоқ. Мәселен, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының қызметкерлері әлеуметтік желілер арқылы көрермендеріне өз өнерлерін көрсетуде.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының жұмысы әлемде коронавирустың таралуына және карантин режімінің енгізілуіне байланысты көптеген шектеулерді ескере келе, барлық іс-шараларды онлайн түрде өткізуге көшірілді. Аудандағы барлық ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының мамандары сәуір айында онлайн өткізетін іс-шаралар жоспары жасалынып, оны жүзеге асыруда.
Жамбыл облысы аумағында 2020 жылдың 9 сәуірінен бастап карантин режімі енгізілуіне байланысты аудан орталығында, барлық ауылдық округтерде шектеулерді аудиожазба арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты Жетітөбе ауылдық округі Қоңыртөбе және Шыңбұлақ ауылдық клубтарының мамандары әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және жалғызбасты аналарға азық-түлік пен медициналық бетперделер таратты.
Көрермендер әлеуметтік желідегі аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының фейсбук парақшасында «Жуалы» халық театрының ақыны Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты спектаклін 7 сәуір күні онлайн тамашалады. Спектакльдің режиссері Ерболат Қаттебеков.
Ал, 10 сәуір күні «Ақылды ата-ана, шебер мұғалім, тәрбиелі орта, табысты бала» жобасының жүлдегерлері «Жаңабаевтар» халықтық отбасылық ансамблі онлайн концерттік бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар, 14 сәуір күні «Текті сөздің төресі – терме!» атты концерттік бағдарлама онлайн ұсынылды. Концертте «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің жетекшісі Мәлік Мықтыбеков пен Гүлнар Кашкеева күйші Әбдімомын Желдібаевтың ел арасында кең танылған «Ерке сылқым» күйін, Есенқұл Жақыпбековтың «Бақ пенен қызыр қонса да…», «Жанқисса» термелерін орындады.
Талай батырлар мен ақындарды, генералдар мен өнер жұлдыздарын дүниеге әкелген Жуалыдай қасиетті өлкенің тумалары Мархабат Мықтыбеков, Нұржан Тұтов 13 сәуір күні ән мен жырдан шашу шашып, туған жеріне ыстық ықыласын жеткізіп, жұртшылықтың амандығына тілектес екендіктерін білдірді.
Биылғы жылы елімізде аталып өтілетін даталардың бірі ақын, философ, композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай жас буынның «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты көркемсөз оқу байқауын барлық ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың мамандары онлайн өткізуде. Атап айтсақ, Қошқарата ауылдық мәдениет үйінен Аяжан Мұстафа, Қоңыртөбе ауылдық клубы жанынан құрылған «Қауырсын» көркемсөз оқу үйірмесінің мүшесі Д.Пахомов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Тамила Магамадова, Бақалы ауылдық мәдениет үйінің маманы Шыңғысхан Ералиев, Ертай ауылдық клубынан Шолпан Сарғалтақ, Қосбөлтек ауылынан Ұлданай Байұзақ ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқап, көрерменнің көңілінен шықты.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұжымы күрделі уақытта бәріміз бірге екенімізді көрсетеу мақсатында «Біз үйдеміз, біз біргеміз! #үйдеболыңыз# Жуалы хэштекпен үйде отырған мәдениет қызметкерлерінің карантиндегі суреттерінен слайд жасаланып, әлеуметтік желіге салынды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай сын сағаттарда бірге екенімізді танытып, тұрғындарға өнерімізді паш ететін боламыз. Үйде отырған әрбір адамның уақытын тиімді пайдалану мақсатында қашықтықтан жұмыс істеп, көрермендермен онлайн қауышамыз. Бұл ретте, Ербол Бекжановтың «Берекең кетсе…» спектаклі, «Ерте, ерте, ертеде…» атты мектеп оқушыларының қатысуымен ертегі айтуы, «Бөкейтау» халықтық вокальды аспапты ансамблінің концерті, жалпы денсаулық туралы және «Ертеңіңді ойласаң, есірткіге жолама!» атты жастарға есірткінің зияны туралы әңгімелерді ұсынатын боламыз. Сондай-ақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Ата-бабамыздың өнегесі – ұрпаққа аманат» атты ауданда тойбастар, бесік жыры, жарапазан, бата, халық әндерін, терме айтатын ата-әжелердің өнерін біздің ұжымның әлеуметтік желідегі парақшасынан тамашалайтын боласыздар.
Бірлігі бекем ел бәрін жеңеді. Тосыннан келген індетті ынтымағымыздың, бірлігіміздің арқасында жеңіп, бір-бірімізбен қауышып, әлі де өнерімізді көрермендерге паш ететінімізге сенемін. Сабырлық танытып, үйде болып, онлайн концертті тамашалаңыздар.
Қайсар Асылбеков,
аудандық халық шығармашылығы және
мәдени демалыс орталығының директоры