Basty bet
Болашақ бағдары – Робот техникасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлгі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында еліміздегі цифрландыру мәселесінен де айналып өтпеді. Президент”Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет” деп Қазақстанның Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуы тиіс екенін атап өтті.
ХХІ ғасыр жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры болғандықтан, компьютерлендіру процесінде әлемдік білім кеңістігіне ену қажеттілігі тұр. Технологияның күн сайын үздіксіз дамып, өзгеріп, жаңарып жатқан ақпарат заманында өмір сүру күрделі дайындықты талап етеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы – ұлтымызды айрықша жаңашылдыққа бастайтын нақты жоспар.
Осы ретте, ауданымызда мектептерде ІТ-сыныптар мен “Робототехника” сыныбы ашылғанына бірнеше жыл болды. Бұл жаңашылдық ұстаздармен бірге оқушыларға да тың серпіліс әкелді. Мұғалімдер біліктілігін арттырып, жаңа дүниені оқушыларға меңгертуге күш салды. Осы жұмыстың бүгінгі нәтижесі қандай, балалар қаншалықты бұл сыныптарда жаңа дүниені үйренуде.
Міне, осы сұрақтар аясында №15 мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Нұрлыхан Мейірханмен аз-кем сұхбаттасып, оқушылардың да пікірін білген едік.
Аталған білім ошағында ІТ-сынып 2019 жылы ашылса, “Робототехника” үйірмесі келесі оқу жылында оқу үдерісіне енгізілген. Қазіргі таңда 7-8-9 сынып оқушылары аптасына бір рет үйірмеге қатысады. Жалпы, үйірмеге мектептегі 60,70 оқушы қамтылады. Бір күні өтетін қосымша сабаққа кем дегенде 10-12 бала келеді.
-ІТ-сыныптың бір бағыты – “Робототехника” болып саналады. Бүгінде бұл сала 3 сыныптың оқулығына енгізілген. Алғашында мектепте ІТ-сыныптар ашылмай тұрып, өз қаражатыммен роботтар сатып алып, аптасына бір рет балалармен сабақ өтетінмін. Кейіннен жаңа оқу жылында аталған сыныптар ашылғанда қатты қуандық. Курстан өтіп, өзіміз бірінші кезекте білімімізді арттырдық. Оның пайдасы да болды, – дейді Нұрлыхан Әмірханұлы.
Оның айтуынша, оқушылар тікелей роботтармен жұмыс істегендіктен бірінші кезекте қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігі үйретіледі. Мектепте “Робототехника” қосымша үйірме ретінде өтілетіндіктен мұнда балалардың ойлау және шығармашылық қабілеті артады екен. Оқушылар өзара пәнаралық байланысты да жақсы меңгеріп, ұштастыра алады. Роботты еркін құрастырып, оның бағдарламасын жасауды жетекшісімен бірге меңгереді. Бала қателіктерден қорықпайды және қиындықтармен күресуге үйренеді. Өйткені, робототехника қызықты әрі тартымды іс.
-“Робототехника” үйірмесінде алты робот, 3D-принтер, ноутбуктер, интерактивті панер бар. Роботтар екі қораптан тұрады. Яғни, негізгі және қосымша бөлшектерден. Оқушылар бұл бөлшектерді ажырата алады. Әрқайсысының қолдану аясын үйренеді. Балалар үшін ең қызықты сәт – роботтардың қимыл-қозғалысқа түскен уақыты. Қыздар үй шаруасына керекті роботтар жасаса, ұлдар әдеттегідей ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырады. Бүгінгі таңда біз роботтарды тек үйірмеге ғана емес, өзге пәндермен де сабақтастырып қолданудамыз. Өйткені, оның қолдану аясы кең. Апталықтар өткізіп, түрлі іс-шараларда да пайдаланудамыз.
Өткен жылы облыста Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұлттық нақышта байқау ұйымдастырылды. Байқаудың “Қыз қуу”, “Арқан тартыс” секілді кезеңдерінде оқушылар жүлделі орындардан көрінді. Бұл біз үшін жаңа дүние болды. Заманауи дүниені ұлттық құндылықтарымызбен байланыстыруға болатындығын білдік. Жалпы ауданымызда жыл сайын байқаулар ұйымдастырылды. Онда тәжірибе алмасып, балалардың мүмкіндігін көрдік. Сонымен қатар, мектепішілік “Робототехникада ұлттық ойындар” атты сыныптан тыс іс-шара өткізіп, онда балаларды ынталандыру мақсатында статуетка жасап, марапаттадық, – дейді ол.
Нұрлыхан Әмірханұлының жетекшілігіндегі балалар түрлі байқаулардың жеңімпазы. Мәселен, Бауыржан Ормахан аудандық, облыстық “Зерде” зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсында І, ІІ орыннан көрінген. Сонымен қатар, Адай Уәлихан, Нұрдәулет Бақтиярұлы, Мейірлан Жадырабек және Дарын Қабарбек – аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы.
Ұстаз бен шәкірттерінің ендігі мақсаты – халықаралық жарыстарда бақ сынап, жеңіске қол жеткізу.
Ал, балалардың роботтарға деген қызығушылығы жоғары. Бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге дайын. Оны біз олардың айтқан ойлары мен пікірлерінен аңғардық.
-Үйірмеге қатысқаныма көп болмады.
Информатика, математика, тарих пәнін сүйіп оқимын. Қазір барлық сала компьютермен байланысты. Үйірмеде 3D-технологияны компьютер арқылы жасап, 3D-принтердің қызметін үйрендім. Біз “3D-принтермен инновациялық протез аяқ даярлау” атты жоба жасадық. Себебі, жүгіріп, ойнап, өз аяқтарымен жүргісі келетін балалар бар. Бірақ, оған мүмкіндігі жоқ. Ал, протез аяқтардың бағасы қымбат. Мен осындай мұқтаж балаларға қолжетімді протез аяқтарды ойлап тапқым келеді.
Болашақта осы пәнді тереңінен оқып, үлкен компания ашу да арманымның бірі. Бос кезімде ғаламтордан әлемде ЗD-принтер арқылы көп нәрсе жасауға болатындығы туралы ақпарат көп оқимын. Мәселен, бұның көмегімен зымыран ұшыруға болмаса Германиядағы дәрігерлер секілді ота жасауға болады екен. Міне, біз қазірден роботтарды құрастырып, жаңа жоба жасауды меңгергеніміз ертеңгі күнімізге керек, – дейді 6 сынып оқушысы Бауыржан Ормахан.
Ал, Адай Уәлихан, Нұрдәулет Бақтиярұлы, Мейірлан Жадырабек және Дарын Қабарбек 8 сынып оқушылары. Олар үйірмеге 5 сыныптан бастап бірге қатысады. Жарыстарға да бірге барып, бірге 3D-принтермен түрлі дүниелер жасаған. Олар роботтарды құрастыруды, бағдарлама жасауды жақсы меңгерген. Жетекшісі де оқушыларына сеніммен қарайды. Олар “болашақ технология заманы” дейді. Сондықтан болашақта мамандықтарын осы саламен байланыстыруға ниетті.
“Нұрлыхан ағай бізге робот құрастырып, бағдарлама жасауды үйретті. Ал, жарыстарда өзге қатысушылардан тәжірибе алмасып, өзімізге керектіні аламыз. Бізге роботтың бағдарламасын жасау – ең қызықты кезең. Арамыздағы Адайдың идеялары жақсы. Өз ойымен роботтарды жақсы жасайды. Ал, бағдарламаны үшеуміз жасаймыз. Төртеуіміз топқа бөлініп, жарыстарда бірге бақ сынаймыз. Кейде екіге бөлініп, байқауларға дайындаламыз. Көбірек ізденіп, терең білім алуға тырысамыз ” дейді олар.
Міне, мектепте тереңінен алған білімін болашақта мамандығымен ұштастыруға ниетті осындай өскелең ұрпақ бар да еліміз дамуға жол бастайтыны хақ. Болашақ ІТ мамандары да мектеп қабырғасынан тәрбиеленуде.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»