Basty bet
Ізінен аңыз ерген – Ілияс Есенберлин
Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 2025 жылы ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» ұйымдастырылуда.
Ауданға қарасты Қызыларық ауылдық округіндегі Сұрым ауылдық модельді кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлт рухының жыршысы Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай «Қазақты әлемге танытқан қаламгер» атты әдеби алаң өтті. Кеш барысында І.Есенберлиннің өмірі туралы қысқаша бейнебаян көрсетіліп, кітапхананың тұрақты оқырмандары Нүркен Ақтай «Сырымнан хабар», Әлия Аманбек «Айшаның сипаты», Аруназ Лесбек «Ғашықтар», Еңлік Тұрдалы «Көшпенділер» романынан үзінді жатқа оқып берді. Мұхамедәлі Қазыбай, Сұлтан Ахметов І.Есенберлиннің «Қаһар» романына негізделген Абылай хан мен Бұқар жыраудың сахналық көрінісін көрермендерге паш етті. Еркеназ Қалдыбай кітапханадағы жаңа форматтағы әдіс-тәсілдердің бірі ашық микрофон әдісін пайдаланып, І.Есенберлин шығармаларындағы «Сүйікті кейіпкерім» тақырыбын ашып, талдап берді. Сондай-ақ «Аяла» би тобы «Өзбек» биін билесе, Қызыларық ауылдық клубының үйірме жетекшісі Е.Жүзбаев «Өзелім», С.Ахметов «Ана туралы баллада» әнін нақышына келтіріп орындады. Кітапхана әдіскері Г.Рустемова «Қазақты тарихы мен қауыштырған қаламгер» атты кітап көрмесіне шолу жасап, әдістемелік құрал және кітап инсталляциясымен таныстырды. Кеш соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қ.Асылбеков қатысқан оқырмандарға алғыс білдіріп, Алғысхатпен марапаттады.
Аида ШӘКІР,
аудандық орталық
кітапхананың қызметкері