Basty bet

Темекі тартқаның – өзіңді құртқаның…

Бүгінде қазақ ұлтының денсаулығын барынша тұншықтырып отырған бір дерт бар. Ол – никотинге тәуелділік. Бұл осы күнгі ғана емес, келешек ұрпағымыз үшін де қауіпті қатер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне жүгінсек, жер шарындағы халықтың 1 миллиард адамы темекіге тәуелді. Ал, жылына қаншама адам темекі зардабынан туындаған аурулардан өмірін қияды.
Елімізде мектеп жасындағы балаларға ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатуға болмайтындығы туралы заң болғанымен, бұл тәртіптің сақтала бермейтіндігіне жасөспірімдердің темекі шегуінің өзі үлкен дәлел болмақ. Бұл жөнінде мамандар «заңды күшейту керек» немесе «балалардың темекіге үйір болуы оның бағасының қымбаттығы да» шошытпайтын сияқты.
Ересек шылымқұмарлардың көбі “11,12 немесе 13 жастан бастап шегіп жүрміз” дейді. Мектеп оқушыларына жүргізілген соңғы зерттеулерге қарағанда, «балабақша жасынан дәмін таттық» дейтін дәлелдер бар. «Балалық шығар» деп «ұзын арқан, кең тұсауға» салғанмен мектепте «Саламатты өмір салтын» насихаттайтын мұғалім де, үйде жаман қылық, жат істерден тыятын ата-ана да темекінің алдында дәрменсіздік танытуда. Шет елдерден мысал іздеудің қажетті шамалы. Өйткені, өзіміздің мектеп оқушылары мұғалімдерінің көздерін ала бере шылым тартады.
Темекі – адам өліміне себеп болса да, тұтынуға рұқсат етілуі заңдастырылған жалғыз қауіпті өнім. Темекінің құрсауында қалғандардың үштен бірі, кейде тіпті, тең жартысы ажалынан 15 жыл бұрын жантәсілім етеді.
Темекі – адам ағзасы үшін ойлап тапқан ең зиянды дүние. Шылымның түтінінде 30-дан астам улы зат бар. Темекінің 1-2 қорабында никотиннің адамды өлтіретін өлімдік мөлшерлі у болады. Никотин уын қабылдаған адамды өлімнен құтқаратыны зиянды заттардың ағзаға бірден емес, біртіндеп енуі. Темекі түтініне ерекше иіс пен дәм беретін, адам зәрінің құрамына кіретін урина дейтін химиялық қоспа бар. Никотин – темекіде және басқа өсімдіктердің құрамында болатын алкалоид шылым шеккен кезде ағзаға бірден сіңіп кетеді. Өз кезегінде бұл химиялық элемент жүйке жүйесіне қоздыру әсерін береді және мүшелердің салдану қауіпін тудырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, темекі тарту зардабынан жыл сайын 5 миллион адам қайтыс болады. 2027 жылы темекі зардабынан қайтыс болатындар саны 10 миллионға жетеді деген болжам бар. Соңғы уақыттарда темекі тартатындар арасында көмейдің қатерлі ісігі 6-10 есе, өңештің ісігі 2-6 есе жоғары көрсеткіш көрсетуде. Бір түйір темекі тартқан адам 0,4-3,5 мг никотин қабылдайды да өз өмірін 15 минутқа қысқартады.
Статистикалық мәліметке жүгінсек, елімізде темекінің салдарынан жабысқан дерттің кесірінен жылына 25 мың адам дүниеден өтетін көрінеді. Жасөспірімдерді жалған сақтандырған болып «Темекі – ересектердің таңдауы» дейтін ұрандар тастайды. Бұл ұран қайта жасөспірімдерді тез «ересек» болуға үндейтін тәрізді.
Қазіргі таңда елімізде темекіге қарсы заңдар қабылданып, қоғамдық орындарда темекі шегуге шектеулер қойылуда. Бұл – халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Дегенмен, әрбір адам ең алдымен өз денсаулығы үшін өзі жауапты екенін ұмытпауы керек!

Зоя Бердихожаева,
аудандық орталық емхананың
психиатр-нарколог дәрігері

Таңдаулы материалдар

Close