Basty bet

Тәртіп пен тазалықты әркім өзінен бастауы тиіс

«Сақтансаң – сақтайды» демекші, ауданда коронавирус инфекциясының алдын алу және болдырмау мақсатындағы сақтық шаралары төтенеше жағдайлар жарияланған алғашқы күннен бастап тиісті деңгейде қолға алынды.

Аудан әкімі бастаған аудандағы тиісті сала басшылары уақытпен санаспай өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруда.
24 наурыз күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында осы мақсатта құрылған штабтың отырысы өтті. Отырысты аудан әкімі Нарбай Ергебеков жүргізді.
Отырысқа аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан басшысы індетке байланысты жалпы елдегі жағдай туралы айта келіп, аудандағы қалыпты жағдайға тоқталды. Алайда сақтық шараларын қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертті.
Отырыста сақтық шаралары жан-жақты пысықталды. Алдымен дезинфекция жұмыстарына аса мән берілді. Оған кімдерді тарту, қажетті құралдар, тіпті дезинфекция жасайтын адамдардың тізіміне дейін нақтылауды тапсырды.
Медициналық маска мәселесіне де ерекше тоқталды. Маскаға қажет материал әкімшілік тарапынан сатып алынады. Ал одан маска тігуге ауданда тігін цехы бар кәсіпкерлерді жұмылдыру қажеттігін айтты.
Ауданда егер оқшаулау жұмыстары жүргізілген жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектілерде жұмыссыз қалуы мүмкін азаматтардың санын да алдын ала жоспарлау қажеттігін тапсырды.
Аудандағы әсіресе, ірі дүкендерде халыққа аса қажет деген азық-түліктердің қорын және баға тұрақтылығын үнемі бақылауда ұстау назарда болуын ескертті.
Сонымен бірге, көпбалалы, аз қамтылған, жалпы басқа да көмекке мұқтаж отбасыларды осындай кезеңде мүмкіндігінше қажетті заттармен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болатынын айтты.
Сондай-ақ, ауыл-ауылдан ауыл жастарынан еріктілер тобын құрып, көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, тағы да басқа игі істерге тарту, кәсіпкерлік саласының жағдайы, қоғамдық тәртіп, аудан тұрғындарын қажетті ақпараттармен дер кезінде қамтамасыз ету, «Жастар ресурстық орталығының» жұмысын тиімді үйлестіру, залалсыздандыру жұмыстары, тағы да басқа мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Нарбай Әбілқасымұлы барлық мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдерін өздеріне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқаруға шақырды.
Аудан аумағында коронавирус инфекциясының алдын алу және болдырмау мақсатында екі санитарлық пункт құрылған. Оның бірі Шақпақ ауылдық округінің аумағында, яғни «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасқан болса, екіншісі Қошқарата ауылдық округінің аумағында орналасқан.
Ауданда атқарылып жатқан сақтық шараларын көзбен көру мақсатында облыстық телеарнаға бір күндік түсірілім жасалды. Түсірілім Шақпақ ауылдық округінің аумағында орналасқан пункттен басталды.
Пунктте жұмыс қалыпты жағдайда жүруде. Яғни, пунктте облыстық полиция батальонының, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық орталық аурухананың және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері қызмет көрсетуде. Полиция бөлімінің қызметкерлері пунктте көліктерді тоқтатып, қоғамдық тәртіпті қадағаласа, медицина саласының қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушылардың дене температурасын өлшеп, анкета толтыруда.
– Күніне аудандық ауруханадан бес маман, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасынан екі маман ауысыммен жұмыс істеп жатырмыз. Мамандар жүргізушілер мен жолаушыларды термометр, тепловизор құрылғысы арқылы дене температураларын тексеріп, олардың қайдан келе жатқандығы және қайда бара жатқандығы туралы анкета толтыруда.
Егер тексеру барысында ыстығы көтерілген адам кездессе, оны пунктке кіргізіп, қайта бақылау үшін ыстығын өлшейміз. Екінші рет тексергенде де ыстығы көтеріліп тұрса, аудандық ауруханаға жібереміз. Ол жақтан жауапты мамандар оқшаулау шараларын жасайтын болады. Пункт медициналық маска, антисептикалық құралдар, жалпы залалсыздандыруға арналған құралдармен толық қамтылған. Жедел жәрдем көлігі міндетті түрде кезекшілікте тұрады,- дейді Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Әсел Батыршаева мен медициналық пункттің бас фельдшері Ариф Алиакберов.
Ауданымызда адамдар көп шоғырланатын орындарды арнайы дезинфекциялық құралдармен залалсыздандыру жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмысқа аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жол-көлік және автомобиль жолдары бөлімі, ветеринария бөлімдері атсалысуда. Олар санитарлық пункт, аудан орталығындағы аялдамалар, орталық базар маңы, аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы, орталық алаң және тағы да басқа жерлерге дезинфекция жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар күнделікті жоспар бойынша атқарылуда.
Аудан тұрғындарын індеттің алдын алу шараларымен ақпараттандыру мақсатында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары дыбыс күшейткіштермен елді мекендерді, аудан орталығын аралап хабараламалар жасауда.
Ауданда көпбалалы, аз қамтылған көмекке мұқтаж отбасыларды тегін маскалармен қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімі аппаратының тарапынан арнайы материал алынып, оған 10 мыңнан аса маска тігіліп, тарату жұмысы да қолға алынып отыр.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен орынбасары Әбдікерім Уркумбаев аудан орталығындағы ірі сауда орындарын аралап, баға тұрақтылығы мен халыққа аса қажетті азық-түліктердің қорын және дүкен иелерінің, сатушылардың тиісті талапқа сай санитарлық талаптарды қаншалықты орындап жатқандығын тексерді. Сонымен бірге, «Қасым фарм» дәріханасына да атбасын бұрып, медициналық маска, халыққа аса қажетті деген дәрі-дәрмектермен қамтылуы жайлы сұрап, тексеріп шықты.
Баға тұрақтылығы, кәсіпкерлік нысандардың санитарлық талапты орындауы аудан басшыларының күнделікті тұрақты бақылауында. Оған аудан әкімінің орынбасарлары Әбдікерім Құлтайұлы мен Асхат Жабағы бастаған тиісті сала басшыларынан құралған екі жұмысшы топ жүйелі түрде жұмыс істеуде.
Жалпы тексеру барысында байқағанымыз, дүкендерде азық-түлік тапшылығы, халықтың азық-түлік алуда ұзын-сонар кезекке тұру әрекеттері жоқ.
Аудан, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары тарапынан тиісті сақтық шаралары ұйымдастырылуда. Алайда, аудан тұрғындары тарапынан әлі де бұл мәселеге немқұрайдылық байқалуда.
Індетке байланысты әлемде болып жатқан жағдайларды күнделікті теледидардан естіп, көріп отырмыз. Кей елдердегі қайғылы жағдайлар, ол ең бірінші халықтың індеттің алдын алу шараларына салғырттықпен қарауының салдарынан екенінен де хабардармыз. Сондықтан барынша сақтанайық. Ол үшін қарапайым сақтық шараларын ұстануымыз керек. Тәртіп пен тазалықты әркім өз отбасынан бастаса, елімізді, ел-жұртымызды сақтап қаламыз.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты барлық салада өзгерістер болып жатыр. Әрине, барлығы халықтың қамы үшін. Сондықтан түсіністікпен, өзара ауызбіршілікпен жұмыс істейік.
Ата-ананың баласының, баланың ата-анасының, адамзаттың Отанының алдындағы жауапкершілігі сыналатын сәт. Жүрегімізде иман, отбасымызға, Отанға деген шынайы жанашырлық, жауапкершілік сезім болса, барлығын да жеңеміз. Ең бастысы, бір-бірмізге қолдау білдірейік!
Індетпен күресте күндіз-түні еңбек етіп жүрген жандарға Алла сабыр мен күш-қуат берсін! Еңбектері жанып, індет жұқтырған жандар тезірек сауығып, отбасыларына оралуын тілейік!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close