«Толқыннан толқын туады» демекші, ойды ой қозғайды. Адамның ойына міндетті түрде адам ой қосады. Пікір білдіреді. Кезі келгенде, ақыл-ойы мен алға ұстанған арман-мақсатына бағыт-бағдар сілтейді. Айтайын дегеніміз, қазір біз нарықтық заманның талабымен өмір сүріп жатырмыз. «Қандай жолмен болса да мал тап» деген қағида қазіргі нарық заңы үшін тиімді болғанымен оның кемшілік жағы да жоқ емес. «Өкімет өлтірмейді» деген заман әлдеқашан өтіп кеткен. Қазір жеке кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің өркендеген ғасыры. Әркім өзі үшін еңбектенеді. Қаншалықты жұмыс істейсің, тұрмыс-тіршілігің де соған сай болады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Өткен дәуір – өткен тарих. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» дейді. Осы орайда бұрынғы өткен Кеңестік кезеңді қанша жамандасақ та кезінде оның тиімді тұстары болатын. Жоспарлы экономика саясатымен өрге басқан сол бір қоғамда Одақ құрамында өмір сүрген халықтардың тұрмысы, өмір сүру салты бір-біріне өте ұқсас болатын. Басқару саясатында тақталастық болғанымен тұрғындар арасында бақталастық болмайтын. Бірқалыпты өмір сүру салтын ұстанған халық бір мүддеге жұмылып жұмыс істеуші еді. Мұны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған кейінгі жас буын көріп, сезінбесек те аға буынның өкілдерінен естіп білдік.
Бақытты қариялық ғұмырды ұзарту үшін ол тұста қарттарға көрсетілетін қамқорлық жұмыстары да өз деңгейінде орындалып жататын. Жер-жерде шаруашылық және басқа өкіметтік ұйымдардың есебінен қарт кісілерге материалдық қолдаулар көрсетілуші еді сол тұста. Әр заманның өз талабы мен өзіне тән салты болса да сабақтастық салты үзілмеуге тиісті. Қазір аға буын өкілдері, нақтырақ айтқанда, қарияларға жасалатын қамқорлық өз деңгейінен кемшін түсіп жатқаны жасырын емес.
Жесірін жылатпаған, жетімін жатқа телміртпеген қазақ дейтін қасиетті халықтың өкіліміз. Қарияларға деген қамқорлық та осындай халықтық маңызды қағидаға айналса игі. Елімізде ардагерлер ұйымы жұмыс істеп жатса да оның әр өңірдегі кеңес басшылығы осы бағыттағы игілікті әрі сауапты жұмыстарды әлі өз деңгейінде ұйымдастыра алмай келеді. Мысалы, 2017 жылы республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толды. Осынау датаға орай біздің ауданда да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауданға елеулі еңбек сіңірген ардагерлердің бір тобы 30 жылдыққа орай шығарылған мерекелік медальдармен марапатталды. Сол жылы еліміздің бас қаласы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуіне байланысты 60-қа жуық жуалылық ардагер елордаға саяхат жасап қайтты. Осынау игілікті іске сол тұста аудан әкімі қызметінде болған Бақтияр Көпбосынов, сонымен қатар облысқа белгілі үлкен кәсіпкер азамат, марқұм Нұрлан Ортаев қаржылай демеушілік көрсетіп, өз үлестерін қосқаны белгілі. Одан бұрын да аудан ардагерлері жыл сайын түркі жұртының құбыласы саналатын киелі Түркістан қаласына рухани сапарлап қайтушы еді. Бұл рухани саяхатқа жуалылық іскер азаматша, сол тұста облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының басшылығында болған Гүлсін Орынбаева ұйытқы болғанын айтуға тиіспіз. Өкінішке орай, бұл жұмыстар қазіргі таңда белгілі және белгісіз себептермен уақытша тоқтап тұрған жайы бар.
«Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер. Кезегімен өлінер, баяғыдай көрінер» демеп пе еді, хакім Абай?! Сол себепті де ақыл айтарда, ел ішіндегі ынтымақ-бірлікті ұйытып, жастарға жол көрсетерде абыз ақсақалдардың орны бөлек емес пе. Осы тұста аласапыран мына заманда ұрпақтар арасындағы сабақтастық дейтұғын жазылмаған заңымыздың құны арзандап бара ма деген қауіп те жоқ емес. Бір ауыз сөзге тоқтайтын халқымыз қазір сөздің де, бұрынғы өткен бабалар тағылымының да терең мағынасына да аса бір көңіл бөлмейтін болды. Неге? Неліктен ежелден желісі үзілмей, сан ғасырлар бойы санамыздан мықтап орын алған құндылықтарымыз құлдырап барады?! Материалдық тұрғыдан қанша байығанымызбен рухани байлығымыз әлсіреп, рухани тұрғыдан әлжуаз болып бара жатқан сияқтымыз ба қалай? Бізді еріксіз қолға қалам алдырып, терең ойға салған да осы ой болатын.
Ойды ой қозғайды деп сөз басында бекер жазған жоқпыз. Бастапқыда тек қана қарияларға деген қамқорлықтың қазіргі жай-күйі туралы сөз қозғауға ниеттенген едік. Алайда бұл тақырыптың аясы кең екеніне көз жеткізгендей болдық. Ендеше, тақырыпқа тұздық ретінде жуалылық ардагерлердің жайы, тыныс-тіршілігі туралы аз-кем айтсақ дейміз. Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі 1987 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйымның алғашқы төрағасы ауданға белгілі қайраткер азамат Мейманқали Әбдірахманов есімді азамат болыпты. «Қариялар азайып бара жатыр…» демекші, бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер жоқ.
Қариялардың қоғамдағы ерен орны туралы ауданның және облыстың Құрметті ардагер-азаматы, қаржы саласының үздігі, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін 15 жылға жуық басқарған Жарас Мұратайұлының да өз айтары бар.
-Қариялар – қоғамның қазынасы. Осы ретте, оларға жасалып жатқан қамқорлық қазіргі таңда азайып барады. Оның үстіне нарықтық қоғамның талабы аға буын өкілдеріне елеулі әсер етіп отырғаны белгілі. Қариялардың дені ауылдық жерлерде өмір сүріп жатқан соң олардың ежелгі атакәсібіміз саналатын жұмысымыз мал ұстамай тағы отыра алмаймыз. Базардағы баға да бас бермей барады. Мысалы, шөптің бағасы жыл санап қымбаттауда. Нақтысын айтқанда, тайланған жоңышқаның бір данасы алдыңғы жылдары 500-700 теңгенің аралығында болса, былтыр 1000 теңгеден асып жығылды. Мал ұстауға қажетті жемнің де бағасы жыл өткен сайын жоғарылап бара жатқанын тұрғындар да көріп-біліп отыр. Ал базар мен дүкендегі азық-түліктің, жеміс-жидек пен көкөністің бағасын айтпай-ақ қояйын. Нарықтың қазіргі беталысы, бағаның жайы дәл осылай кете беретін болса азын-аулақ зейнетақы алатын қарияларға тіптен қиын-ақ.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, қарияларға деген қамқорлықты барынша арттыру – бәріміздің азаматтық парызымыз. Ел ішіндегі жағдайы жақсы, кәсібі өрге домалаған азаматтардың қарттарға қамқорлық, жағдай жасауы да әлдеқалай. Кейбір жомарт азаматтар болмаса қарияларды қамқорлығына алып, олардың өмірлік тәжірибесі мен ақ батасын алып жатқан жандар аз,- дейді Жарас Мұратай.
«Әр ауылда, әр ұжымда, әр ортада ағалар кеңесі, ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымдары қызмет жасаса, елдік қасиеттеріміздің еңсесі көтеріліп, ұлы дәстүрлеріміз одан әрі дами бермек. Көпке ақылын айтып, жұртқа жағымды мінезімен көрінетін қарияларымыз қай жерде де бар. Тыңдар құлақ, көрер көз болса, оларды тауып, ортаға тарту керек. Орайы келгенде кеңесіп, ел болудың пайымын бірлесе ойластырса, халықшыл қасиетіміз жаңаша қырынан жарқырай көрінеді» деп толғанады Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, елдігімізді ойласақ, елге ерен еңбек сіңірген ақылман қариялардың қадіріне жетіп, олардан қамқорлықты аямағанымыз абзал іс болар еді…