Basty bet

Анкарада Бауыржан Момышұлы туралы жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

2021 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қолбасшысы, әскери стратег және белгілі жазушы Бауыржан Момышұлының 111 жылдығына орай түрік ғалымы Ашур Өздемірдің «Түркістанның от баласы Бауыржан Момышұлы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға түрік зиялы қауым өкілдері, қазақ және түрік студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Елші Абзал Сапарбекұлы биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы екенін және еліміздің егемендігін алғаш болып мойындаған бауырлас Түркияның орнының ерекше екеніне назар аударды. Осыған байланысты Елші Түркияда көптеген іс-шаралардың өткізілгенін еске салып, бүгінгі іс-шараның да тәуелсіздік мерейтойына және қазақтың біртуар батыры әрі жазушысы Бауыржан Момышұлының рухына тағзым және оның 111 жылдығына тарту екенін атап өтті.
А.Сапарбекұлы мұндай іс-шаралардың мәдениет пен әдебиетті дамытуда ерекше орын алатынын және екі ел арасындағы бауырластықты одан әрі дамытатынын айтты.
Б.Момышұлының батырлығына, шебер қолбасшылығына тоқталған Елші «Момышұлы Кеңес Одағы азаматы және Қызыл армия қолбасшысы. Дегенмен де ол өмір бойы ұлттық болмысын сақтап, ұлттық рухын биік көтеріп өткен өз халқының бел баласы. Сондықтан ол сол кезеңде жаппай қолданылатын –ов жұрнағын тегіне алмай, ұлы сөзін қолданып, «Момышұлы» тегін мақтанышпен алып жүрген нағыз қаһарман» деді.
Елшінің сөзіне қарағанда, Көктүріктер кезінде Елтеріс Құтлық қаған мен Білге Тұңғиықтың ұлттық рухты көтергеніндей, қазақ зиялыларының да ұлттық рухты көтеруге қызмет еткенін және Момышұлының осы қаламгерлердің алдыңғы қатарында болғанын атап өтті.
Іс-шарада сөз өйлеген аталған шығарманың авторы белгілі ғалым, түрік тілі мен әдебиетінің оқытушысы және аудармашы Ашур Өздемір Түркістанның жүрегі болып табылатын Қазақстан мемлекетінің тарихына, оның мәдениеті мен әдебиетіне тоқталып өтіп, әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай, Баласағұн сияқты ұлы даналардың мекенінде дүниеге келген Бауыржан Момышұлының кім болғаны, оның өмірі, соғыс кезіндегі бастан кешірген оқиғалары мен соғыстан кейінгі жазушы ретіндегі өмірі туралы кеңінен баяндады.
Еске сала кетсек, Ашур Өздемірдің қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениетіне байланысты мақалалары ғылыми журналдар мен баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Сонымен қатар, Өздемірдің Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Шерхан Мұртаза сияқты белгілі жазушылардың шығармалары туралы зертеп жүрген ғалым және белгілі қазақ жазушылары мен ақындары А.Құнанбайұлы, А.Бөкей, М.Дулатов, С.Көбейұлы, С.Торайғыров, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза және т.б  шығармаларын түрік тіліне аударып, түрік оқырмандарына қазақтың ақын-жазушыларын танытып жүрген аудармашы екенін атап өту керек.
Іс-шара барысында Б.Момышұлының өз даусымен түсірілген қысқаша деректі фильм көрсетілді. Жиналған қауым бұл фильмнен терең әсер алып, Момышұлын одан әрі тани түсті.
Жиында Анкарадағы білім алып жүрген докторант Ғайнолла Алматов қазақ күйін орындады.
Іс-шара соңында Елші Абзал Сапарбекұлы Түркияда Қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін танытуда ерен еңбек сіңіріп жүрген Малатия қалалық әкімшілігінің кеңесшісі Хамит Өзполат пен ақын, жазушы İLESAM басқармасының мүшесі Ильтер Ешилайды «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл мерекелік медалдарымен» марапаттады. Сонымен қатар, Елші «Түркістанның от баласы Бауыржан Момышұлы» кітабының авторы Ашур Өздемірге «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай басылған күміс естелік монетаны» сыйға тартты
Жиын барысында сөз алған ақын, жазушы İLESAM басқармасының мүшесі Ильтер Ешилай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркі әлемі атынан жүрек жарды алғысын білдірді. «Қазақстан мен Түркияның достығы мәңгі жасай берсін!» деп сөзін аяқтады.
Жиын жазушы, аудармашы Ашур Өздемирдің оқырмандары үшін кітаптарына қолтаңба қою рәсімімен аяқталды.
Ашур Өздемірдің «Түркістанның от баласы Бауыржан Момышұлы» атты кітап үш бөлімнен және соңғы сөзден тұрады. Бірінші бөлімде Бауыржан Момышұлының отбасы, балалық шағы, мектеп шағы мен әскерлік өмірі, әскер соңындағы өмірі, бойындағы адами қасиеттері туралы баяндалады
Екінші бөлімде Бауыржан Момышұлының түйген ой-пікірлері, қазақ әдебиеті туралы  көзқарастары және әдеби аудармалар мен тілге және қазақ тарихына, отансүйгіштік және ұлтжандылық, ана мен отбасы туралы ой-пікірлері айтылады. Сонымен қатар, бұл бөлімде коммунистік партия, коммунизм, Ленин мен Сталин, Кеңес Одағы туралы батырдың ой-пікірлеріне орын берілген.
Үшінші бөлімде өмірінің әдебиетке байланысты көзқарастары, жазған шығармалары, әскери шығармалар, өлеңдері, мақал-мәтелдер, жазған хаттар, мақалалары мен газетке шыққан мақақалары, әскери  естеліктері, саяхаттары, роман, оқиғалар, әңгімелері баяндалады.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі

Таңдаулы материалдар

Close