Basty bet

Ірілендірусіз ілгері баса алмаймыз

жеке қосалқы шаруашылықтар кооперацияның тиімділігін көріп отыр

Ауыл шаруашылығы еліміздегі аса әлеуетті салалардың бірі екені белгілі. Асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығында қол жеткізген жетістіктерден бөлек проблемалар да жоқ емес. Бұл жөнінде ел Президентінің халыққа арнаған Жолдауларында үнемі айтылып келеді. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, ауыл шаруашылығы, аграрлық сала, агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы кедергілерді жою үшін Президенттен тиісті ведомствоға пәрмен берілгенімен, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де сылбыр, баяу атқарылуда.

Жасыратын несі бар, тәуелсіздік алып, өз алдымызға егемен ел болғанымызға да 30 жыл болды. Басқасын айтпай-ақ қояйық. Бір ғана ауыл шаруашылығы саласының өзінде проблемалар шаш етектен. Оның ең бастысы ретінде, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді игеру, ұсақ шаруашылықтарды біріктіру мәселесін айтуға болады. Одан бөлек, біздің ауданның көлемін алып қарайтын болсақ, соңғы жылдары жайылым мәселесі, ағын су мен суат суының мәселесі туындауда. Оған себеп, ауданда төрт түліктің басы жыл санап артып келеді. Малдың басы өскенімен жер ешқашан өспейді. Осы себептен де жайылым мәселесі өзекті болып қала беретіні анық.
Ауыл шаруашылығын дамытудың тағы бір басты тетігі ретінде ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіру, нақтырақ айтқанда, ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру мәселесін айтуға болады. Соңғы жылдары бұл мәселе елдегі кооперация арқылы шешілу үстінде. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауында жан-жақты айтылып отыр.
Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігіне баса назар аударды. «Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондағын ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Біз горизантальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда» деп атап өтті Президент.
Жуалы ауданында жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіру арқылы кооперацияның шарапатын көріп отырған өндірістік кооперативтердің бірі – «Ақсай-2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. 2016 жылы бұл шаруашылық кооперация арқылы басы біріктіріліп, пилоттық жоба аясында қомақты қаржыға ие болды. «Ірілендірусіз ілгері баспаймыз» деген қағиданы ұстанған өндірістік кооператив алғашқыда 29 жеке қосалқы шаруашылықтың басын қосып, 102 миллион теңгеге қол жеткізді. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалы арқылы пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызбен алынған осыншама қомақты қаржыға 446 бас сауынды сиыр сатып алынды. Содан бір жылдан кейін-ақ кооперацияның тиімділігін көрген басқа да жеке қосалқы шаруашылықтар аталған кооперативке мүше болып кіре бастады. «Ақсай-2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелері бір жыл ішінде 29-дан 130-ға жетті.
-«Көз қорқақ, қол батыр» деген сөз бар. Алғашқыда кооператив жұмысын бастағанымызда аздап жүрексінгеніміз рас. «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар емес пе? Мемлекет тарапынан жасалған нақты көмек-қолдаулардың арқасында жұмысымыз алға басып жүре берді. 2017 жылы 487 миллион теңге қаржыны игеріп, бұл қаржыға алынған ірі қараның басы 2000 басқа жетіп жығылды. Оның 1153-і сүт бағытындағы сауынды сиыр болса, 830-ы ет бағытында болды. Сүт бағытын дамытуды көздеген өндірістік кооператив үшін ет бағытын дамыту аздап қиындық тудырды. Етті өндіргенімізбен, оны өткізетін орын таппай қиналдық. Шығынымыз да көп болды. Содан ет өндіруді азайтып, қазір негізінен сүт бағытын дамытуды мықтап қолға алып отырмыз,- дейді «Ақсай-2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Нұрқанат Әбзелбеков.
Еңбегіне қарай – өнбегі. Аталған кооператив мүшелерінің өнімді жұмыс жасауының арқасында бір жылдың ішінде өндірілген сүттің көлемі 700 тоннадан асты. Ал үш жыл ішінде Ақсай ауылдық округінде орналасқан өндірістік кооператив 2000 тоннадан астам сүт өндіріп отыр. Бұл әрине, үлкен көрсеткіш.
Кооперативтің толыққанды жұмыс істеуіне жергілікті атқарушы органдармен қатар, мемлекеттік кірістер басқармасы да заңдылық тұрғысынан көп көмек-қолдау көрсетті. Одан бөлек, өз кезегінде өндірілген сүтті қабылдауға аудандағы кәсіпорындар да қызығушылық танытты. Қазір «Ақсай-2016» АШӨК-нің мүшелері өндірген сүт «Бурное сүт компаниясы» ЖШС, «Ақ мол» (бұрынғы «Мешелова З.Е. сүт өңдеу кәсіпорны) және «СМТС» ЖШС сүт өңдеу цехында өңделіп, одан дайындалған өнім Қазақстанның бірқатар өңірлеріне, сондай-ақ, Ресей Федерациясының аумағына жөнелтіледі. Жуалыда жасалған экологиялық таза өнім қай өңірде де молынан сұранысқа ие. Бұл – топырағы құнарлы, шөбі шүйгін Жуалы жерінің қасиеттілігінен болса керек.
Малды асылдандырмай, одан жақсы тұқым, мол сүт алудың өзі қиын. Өндірістік кооперативтің басшылығы сауынды сиырлардың тұқымын асылдандыру бағытында да жүйелі жұмыс жасауда. Атап айтсақ, кооператив Қордай ауданындағы асыл тұқымды мал шаруашылығы саналатын «Медет» шаруа қожалығымен тұрақты байланыс орнатып, олардан асыл тұқымды бұқалар алып отырады екен. Бұл да өз кезегінде шаруашылықтың жұмысын одан ары дамыта түсетіні анық.
Қажырлы еңбектің өтеуі – оның лайықты бағаланғанында болса керек. 2018 жылы «Ақсай-2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Жамбыл облысында кооперация арқылы құрылған ең үлкен әрі тиімді жұмыс жасап, мемлекетке де пайда әкелген шаруашылық ретінде «Ең үздік кооператив» деген марапатқа ие болды. Жүлдеге облыс басшылығы тарапынан сүт мұздатқыш берілді. Мұның да өз кезегінде жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктірген өндірістік кооператив үшін үлкен ынталандыру болғаны рас.
Кооператив жұмысында жетістіктермен қатар проблемалар да жоқ емес. Кооператив басшысының айтуынша, мұндағы ең басты проблемалардың бірі – «жыры» таусылмай келе жатқан жайылым мәселесі. Малдың басы артқан сайын жайылым мәселесінің де туындай беретіні заңды құбылыс. Дегенмен, жергілікті атқарушы биліктің бұл мәселеге әрдайым сергек қарағаны да абзал болмақ. Жылына 700 тонна экологиялық таза сүт өндіру арқылы сүт бұлағын ағызып, 250-дей адамның тұрақты жұмыс табуына ықпал етіп отырған «Ақсай-2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі үшін жайылым мәселесі өте өзекті әрі маңызды болып қала беретіні анық.
Өндірістік кооперативтің алдағы жоспары – ауыл сыртына сүт тауарлы фермасын салу. Әрине, оған да қаржылық қолдау қажет. Себебі, ауылдың ішінде көп мал ұстау өте қиын. Оның үстіне тазалық мәселесі де бар.
-Кооператив жұмысын негізінен ірілендіру арқылы жүргізу – басты мақсатымыз. Ол үшін бізге жеке қосалқы шаруашылықтарға қарасты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді біріктіріп игеру. Ортақ техникалар алу. Одан бөлек, сүт тасуға арналып жабдықталған көліктер алу ойда бар. Жасыратын несі бар, қазір кооператив мүшелері сүтті зауытқа қолда бар өз көліктерімен тасиды. Арнайы көлік болмаған соң зауытқа жеткенше сүттің қышқылдылығы көбейіп, майлылығы да төмендеп кетеді. Содан сүттің сапасы кемиді. Ал арнайы көлік боса, сүт бастапқы күйінде зауыттарға жеткізілер еді.
Тәжірибе көрсеткендей, сүт сауу негізінен жылдың наурыз бен тамыз айлары аралығында жоғары болады. Шаруалар осы уақыт аралығында сүтті молынан өндіруге күш салады. Дәл қазір сүттің әр литрі өңдеу кәсіпорындарына 130 теңгеден өткерілу үстінде. Бұл ауылдағы сүт өндірушілер үшін жоғары баға.
Менің білуімше, ауданда сүт бағытында 20-ға жуық өндірістік кооператив жұмыс істейді. Бір ғана Ақсай ауылдық округінде сүт бағытында екі бірдей кооператив өнімді жасауда. Олардың барлығы өз кезегінде ауданның дамуына жұмыс істеп жатқаны анық. Ал біздің кооператив аудандағы үлкен шаруашылықтардың бірі саналады. Алға қойып отырған мақсатымыз бен жоспарларымыз айқын. Күш біріктіріп жұмыс істей береміз,- дейді кооператив басшысы.
«Жас келсе, іске!» демекші, «Ақсай-2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде өнімді жұмыс істеп жатқан жас кәсіпкерлердің қатары жылдан жылға көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Атап айтсақ, Нұрлан Сармұрзин, Қайрат Дүйсеқұлов, Ләззат Адилова, Еламан Дабылұлы, Мұхтар Сәдірмек сияқты жас азаматтар істің көзін тауып, өнімді еңбек ету үстінде.
Басқа өңірлерге барғанда: «Жуалының еті мен сүті қандай? Дәмі тіл үйіретін сары ірімшігі мен картобын айтсаңшы, деген мақтау сөздерді естіп қаламыз. Бұл әрине, ең алдымен жуалылық диқандар мен шаруалардың адал еңбегі. Қала берді біріккен істің берекесінің жемісі. Осы ретте біз әңгіме еткен кооператив мүшелерінің ортақ мүдде жолында жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін шаршамай еңбек ете беретініне сенім мол. Осылай болғанда ғана Жуалы жерінде өндірілген кез келген өнім брендке айналатыны сөзсіз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close