Basty bet

«Біз достықта, бейбітшілікте өмір сүреміз!»

этностар өкілдері достық алаңында бас қосты

«Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сталин режимінде қасиетті Қазақ жеріне әр жылдары халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды – киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасымызда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым» деген-ді.
1 наурыз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуымен қатар Елбасының арнайы Жарлығымен барлық ұлттың бір-біріне және қазақ халқына Алғыс айту күні болып бекітілді. Бұл талай тағдырлардың басын өз шаңырағында осылайша біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығыштай қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін күні.
Аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Біз достықта, бейбітшілікте өмір сүреміз!» тақырыбында достық алаңы ұйымдастырылды. Достық алаңына аудандағы ұлттық мәдени-орталықтар өкілдері, №1 мектеп-гимназия қабырғасында білім алып жүрген өзге ұлт өкілдерінің 8-9 сынып оқушылары шақырылды.
Кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы ашып, жиналғандарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
– Бұл – тағдыр тәлкегімен еріксіз қоныс аударған түрлі этностар өкілдерінің құтты қонысына айналған қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды, – деді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы.
Әрі қарай кеш қонақтары – аудандағы әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Эсмира Мамедова, шешен ұлттық- мәдени орталығының төрағасы Лечи Оздамиров, өзбек ұлттық-мәдени орталығының мүшесі Машхура Камалова сөз алып, қысылтаяң кезеңде өздерінің әке-шешелері мен бауырларын жатсынбай бауырына басып, қолындағы барымен бөліскен қазақ халқына алғысын білдіре келе, ортақ шаңырақ астында тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруге шақырды.
Кеш барысында кітапхана қызметкері Еркебұлан Тәліпбек, № 1 балалар өнер мектебінің өнерпаздары домбырамен ән-күйлер шертіп, билер билеп, шараның ажарын аша түсті.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close