Basty bet

«Балаңды аясаң, аяма!…»

немесе ұлт тағдыры мен мемлекет болашағы жас ұрпақтың бүгінгі тәрбиесімен тікелей байланысты

Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған қазіргідей «аждаһа» заманда ұлтты және ұлттық құндылықтарды, ең бастысы, жас ұрпақты тәрбиелі де саналы һәм ұлтжанды азамат ретінде сақтап қалу өте күрделі мәселе болып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда шын мәнінде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, әсіресе, жастар арасындағы орын алып жатқан орны толмас қайғы-қасіреттерге және қатыгездіктерге қарап еріксіз осылай демеске амалымыз тағы жоқ.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Алайда көп жақсыны бір жаманның былғайтынын естен шығармасақ болғаны. Бірақ, жаман айтпай, жақсы жоқ. Жас ұрпақтың тәрбиесі шын мәнінде дәл осындай өзекті мәселеге айналады деген үш ұйықтасақ, түсімізге кірмесі анық. Осылай болды. Енді не істемек керек? Айналып келгенде, ұрпақ тәрбиесі өзімізге байланысты. Бұл мәселелер бізден бұрын да көтерілген, бізден кейін де айтыла береді. Бір сөзбен айтқанда, жастар тәрбиесі бұл өте өміршең тақырып.
Адам – ұрпағымен, ағаш – тамырымен мықты, адам ұрпағымен мың жасайды дейтін болсақ, ертең елдің тұтқасын ұстауға тиісті өз кіндігімізден тараған ұрпаққа дұрыс бағытта тәрбие беру ол ең алдымен өзімізге байланысты дүние. Сондықтан бұл мәселеде сол ұрпақты тәрбиелеуші ата-ананың ұстанымы мен жауапкершілігін бірінші орынға қою керек сияқты. Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдерге қатысты орын алып жатқан кейбір келеңсіз жайттарға ең біріншіден ата-аналар қауымы, содан кейін барып қоғам жауапты. Бұл ретте ата-ана мен мектептің, қала берді қоғамның бірлескен әрекетін үйлестіру маңызды болып отыр.
Ауданымызда ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде, мектеп оқушыларының тәрбиесі, оларды Отаншыл етіп өсіру турасында былтыр көптеген іс-шаралар өткізілді. Мұның маңызы ерекше. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты осындай маңызды тағы бір жиын өткен аптада аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
«Ұлттық идеологияның қайнар көздері» деп айдар тағылған іс-шараның барысында жас ұрпақтың, оның ішінде, мектеп оқушыларының отбасындағы және мектеп қабырғасындағы тәрбиесі мен тәртібі, қоғамдық орындардағы жүріс-тұрысы, тағы басқа маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.
Айта кету керек, аталған кездесуге ата-аналармен бірге, аудандық білім бөліміне қарасты мектеп директорларымен қатар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сонымен қатар, аудандық ардагерлер, қоғамдық, билер, әкелер кеңестерінің төрағалары және мүшелері жиынның ортасынан табылды.
Жиынға «Қазақстан дәуірі» ЖШС-ның Бас директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы арнайы келіп қатысуы да кездесудің маңызы мен салмағын арттыра түскендей.
Кездесуді Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ директорының орынбасары, облыстық қоғамдық Ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиынның алғашқы сөзі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті жуалылықтар және қонақтар! Бүгін ауданымызда қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген қайраткер, ұлағатты ұстаз Сәуле Мешітбайқызының қатысуымен мағынасы ауқымды көшпелі іс-шара ұйымдастырылып отыр.
Сәуле Мешітбайқызы сексен жасқа таяса да елдің жастарына үлгі-өнеге боларлықтай ұлттың қажетіне жарарлық ауқымды жұмыстарды атқарып, бойындағы қажыр-қайратын, білімі мен ақыл-парасатын сарқа жұмсап, ел болашағына қызмет етумен келеді.
Бүгінгі іс-шараның да өн бойына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы наурыз айында Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған еліміздің экономикасын өркендетуге, ел бірлігі мен халықтың ынтымағын арттыруға, жас ұрпақтың рухани байлығын кемелдендіруге бағытталған тапсырмаларды өзек етіп алып отырмыз.
Президент аталған Жолдауда: «Біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз»,- деп атап өткен болатын. Сондықтан жалпы ұрпақ тәрбиесінің маңызы мен ауқымы да өте үлкен деп білемін. Осындағы отырған жалпы жұртшылықты, оның ішінде, жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымын осы мәселеге баса мән беруге шақырамын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Айта кету керек, «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі дөңгелек үстелінің отырысы Халықаралық «Қазақстан дәуірі» газеті және «Мөлдір бұлақ» балалар журналы, әлеуметтік-қоғамдық «ЕлАна» ақпараттық агенттігі және саяси партиялар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» дәстүрлі экспедициясының аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілуде.
Жиынның алғашқы сөзі ҚР Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Қазақстан дәуірі» газетінің басшысы, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызына берілді. Спикер өз кезегінде «ХХІ ғасырдағы тәрбиенің ерекшеліктері» тақырыбында баяндады.
-Мен былтыр Жуалы ауданына бір келген сапарымда осында өтіп жатқан қоғамға қажетті ерекше жиынға қатысқаным бар. Ұмытпасам, онда ата-аналар мен мектеп өкілдері, құқық қорғау органдарының басшыларының қатысуымен жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына байланысты кездесу өткен. Жалпы қай кезеңде де біздің бала тәрбиесіне қатысты мәселелерден шет қалуға қақымыз жоқ.
Иә, бала – біздің бауыр етіміз, бала – байлығымыз. Мен біріншіден бала тәрбиелеген анамын және әжемін. Қоғамдық қызметтерімді айтпағанның өзінде, халықаралық басылымды басқарамын. Ең бастысы, мен ұрпақ тәрбиелеген ұстазбын. Өздеріңіз сияқты мені де балалардың болашағы мен ертеңі қатты толғандырады. Қазір мен Қазақстанның барлық облыстарын аралап жүрмін. Бүгінгі кездесуге де қатысуымның бірден-бір себебі де осында жатыр.
Мені де жас ұрпақтың жай-күйі толғандырады. Оларға қатысты орын алып жатқан келеңсіз жайттардың дені ата-аналардың немқұрайдылығынан болып жатқанын айтқым келеді. Бұл жағдайларға қоғам да кінәлі. Ең алдымен осының алдын алуымыз қажет. Бұл тұста жауапкершілік, оның ішінде, ата-ананың баласына деген жауапкершілігін арттыруымыз қажет.
Бәрімізге белгілі, қазір 60-70 жасқа келген аға буын өкілдерінің өмірлерінің біразы өткен ғасырмен байланысты. Ол тұста өмір сүрген жас ұрпақ кітап, газет-журнал оқып өсті. Біз компьютер мен ұялы телефонға, интернетке құл болған жоқпыз. Біз «ұят болады, сауап болады, обал болады» деген тәрбиемен өскен ұрпақтың өкіліміз. Бізді ауыл, үлкендер тәрбиеледі. Ал қазіргі ұрпақты кім тәрбиелеп жатыр, айтыңдаршы қарақтарым?! Қазіргі ұрпақ пен балалар құлтемірге құл болды. Тілдері енді шығып келе жатқан балалар смартфонға үңіліп отырғанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Демек, өмірге енді ғана келген баланың тілі смартфонмен шығады деген сөз. Осы қасірет менің жүрегімді жылатады.
Кейбір келіндер балалары жыламай, тыныш отыруы үшін телефонды сәбиінің қолына ұстата салады. Сол себептен де жас сәбидің тілі өзінің ана тілінде емес, басқа тілде шығады. Осыдан сақ болуымыз қажет. Біздің ұрпақ тәрбиесінде кеш қалған немесе қапы қалған кездеріміз аз емес. Әлі де көп нәрседен кешігіп келе жатырмыз. Дегенмен, жас ұрпақтың тәрбиесі мен оның келешегінде дәл бүгіннен, дәл қазірден бастап қоғам болып қолға алатын шаруалар шаш етектен. Мен осыдан бірер жыл бұрын әлеуметтік желінің ұрпақ тәрбиесіне қатыстылығы мен оның зияны туралы үлкен мақала жазғанмын. Бұл мақала өз кезегінде қоғамда үлкен резонанс тудырды. Министрліктің да алдына мәселелер қойылды. Бірақ, мұның соңы сиырқұйымшақтанып кеткені мені қынжылтады.
Ол аяқсыз қалғаннан кейін «Ел болам десең, әлеуметтік желіңді түзе» деген тағы бір мақала жазылды. Себебі, әлеуметтік желілерде жаман ақпараттар желдей есетінін жақсы білесіздер. Жамандықты жариялауға неге құмармыз осы. Осыған тыйым болатын кез келді. Әлеуметтік желінің әлегі бүкіл қоғамға кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесінде әлеуметтік желінің кері әсерінен арылуымыз қажет. Бірлесіп атқаратын, қоғам болып жұмылатын жұмыстар өте көп. Оларды ақылдаса отырып атқаруымыз қажет,- деді Сәуле Мешітбайқызы.
Одан бөлек, жиын барысында Ринат Нұрақбаев «Тәрбиенің қайнар көзі – ұлттық тәрбие» және облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева өз кезегінде «Отбасы құндылықтары: өзектілігі және шешу жолдары» тақырыбында баяндама оқып, аудиториямен кеңінен ой бөлісті.
Иә, бала тәрбиесіне қатысты алқалы жиында көп мәселелер айтылды. Атап айтқанда, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, ардагер ұстаз Әбілқасым қажы Ергебеков және «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, аудандық билер кеңесінің мүшесі Сейітқазы қажы Медетбек жас ұрпақтың тәрбиесіне байланысты өмірден көрген-түйгендерін және бұл турасында ата-аналардың және қоғамның тарапынан кетіп жатқан қателіктерді де ашық айтты.
Бәрін айта та бірін айт. Ең бастысы, ұрпақтың келешегі үшін, оның бүгінгі тағдыры үшін де барлығымыз жауаптымыз. Ұрпақ тәрбиесі барлығымызды терең ойландырып, толғандыруға тиісті. Дәл қазір қоғамның алдында тұрған маңызды мәселенің бірі осы. Бұл ретте жалпы қоғам мүшелері азаматтық жауапкершіліктен қашпай, ортақ істе ақыл-кеңес пен өмірлік бай тәжірибелерді ортаға салу қажет!
Бала – біздің болашағымыз. Балаға дұрыс тәрбие беру де біздің негізгі міндетімізге жатады. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір. Жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close