Basty bet
Бас қаламен бірге көркейдім
Қазақстанның жаңа заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.
Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұрған шаһар саналатыны белгілі. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынған деген ресми дерек бар. Қаланың құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысты. Елорданың елорда болып қалыптасуына, оның сәулетіне сәулет қосуға атсалысқан ел азаматтарының қатарында өзімнің де болғанымды әрқашан мақтан тұтамын.
Әңгіме барысында өмірбаяныма тоқталар болсам, өзім Жуалы ауданының Қайрат ауылының түлегімін. Көлбастау ауылында отбасымызбен тұрып, 1997 жылы Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебін аяқтадым. Содан 2002 жылы бұрынғы Астана қаласына барудың сәті түскен еді. Онда менің Асхат Тұрғынбеков, Бауыржан Әбдіманбеков есімді мектепте бірге оқыған құрдастарым, жуалылық азаматтар бар болатын. Мені елордаға сол жігіттер шақырды. 2003 жылдан бастап құрылыс саласында тұрақты жұмыс жасаймын.
Алғашқы кезде «Стройконтакт» деп аталатын серіктестікте жай құрылысшы болып жұмысқа тұрғанмын. Кейіннен бірқатар белгілі құрылыс фирмаларында Жуалыдан, басқа да өңірлерден елордаға нәпақа табу мақсатымен келген жігіттердің басын қосып, бригадир болдым. Жастар бас қосқан ұжымның қашанда думанға толы болатыны белгілі. Қара жұмыстан қанша шаршасақ та, бәріміз елорданың құрылысына қолғабыс етіп жатқанымызды мақтаныш ететінбіз. Біз ол кезде еліміздің бас қаласын салып жатқанымызды жан-жүрегімізбен сезіне білдік. Бас қаладағы әр күніміз еңбекке толы мереке ретінде өтіп жатты. Одан кейінгі жылдары «Астанатрэйд» деп аталатын ЖШС-де «Триумфиальный жилой комплекс» тұрғын үй кешенін салуға атсалыстық. Елордадағы көрікті әрі мәдени маңызды ғимараттардың бірі «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының құрылысына, «Оқушылар сарайын» салуға қатысқан болатынмын. Біз оқушылар сарайының құрылысын небәрі 11 айда аяқтадық. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткен ғимараттарды да салуға «БАЗИС» АҚ-ның құрамында жұмыс істей жүріп, атсалыстым. Бұл біле білген жандарға үлкен мәртебелі мақтаныш деп есептеймін.
Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан қаласы ең алдымен еліміздің бойтұмары. Нұр-Сұлтан әлемдегі жауһар қалалардың бірі.
Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы, жастардың қаласы. Елорда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туындысы. Ұлт Көшбасшысының идеясымен тұрғызылып, әлемге нұр шашып келе жатқан әсем шаһар. Мен де Тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің бас қаласының құрылысына атсалысқанымды әрқашан мақтан етемін.
«Ер жігіт дүниені көрген артық, Дүниеде не бар-жоғын сезген артық» деп Біржан сал Қожағұлұлы жырлағандай, қасиетті қазақ жерінің құйқалы өңірі саналатын Арқаның сары белі Сарыарқаны көргенімді, оның ішінде дәм-тұздың елордадан бұйырғанына мың тәубе деймін. Тағы бір айта кетерлігі, мен өмірлік жарымды да елордадан кездестірдім. Жұбайым Ақжігіт Батталова Солтүстік Қазақстан облысының қызы. Қазақ ұлтының өкілдері сирек кездесетін Қызылжар өңірінде туып-өскен. Онымен танысқаннан соң екеуміз көңіл жарастырып, 2010 жылы шаңырақ көтерген болатынбыз. Қазір отбасымызда Аңсат, Ислам есімді үйелмелі-сүйелмелі болып екі ұлымыз ер жетіп келеді. Оларға қазақи тәрбие беріп, қазіргі заманға сай оқытып жатырмыз.
Мен елордада болған жылдары әке-шешем Көлбастау ауылында тұрып жатты. Кейіннен әкем Асылбек өмірден озған соң анамды елордаға шақырып, қасыма алған жайым бар. Содан анама елорданың ауа райы жақпады ма білмеймін, жасы ұлғайған анамның у-шуы көп үлкен мегаполисте тұрғысы келмеді. Отбасымызбен ақылдаса келе, өткен жылы Ақмола облысының Бурабай қаласынан үй алып, сонда қоныс аударған едік. Бурабай курорттық аймақ саналатындықтан, мұнда ауа таза, табиғаты да әсем. Ең бастысы, бұл шағын қала анама өте ұнады. Қазір отбасымызбен осында тұрып жатырмыз.
Иә, шынында Нұр-Сұлтан қаласының құрылысына, оның көркеюіне көптеген азаматтар атсалысты. Елорданың құрылысында жуалылық азаматтардың да қолтаңбасы бар екенін мен жақсы білемін. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Жарқын болашаққа жасампаздықпен бет түзеген еліміздің басты ордасы – Нұр-Сұлтан қаласының болашағы зор. Жас қаланың алар асуы да әлі алда деп білемін. Жайнай бер, мәңгілік жасай бер, еңсесі биік елдіктің елордасы! Біз оған кәміл сенеміз!
Жамбыл ТҰРДАЛИЕВ,
жуалылық құрылысшы.
Бурабай қаласы