Ұлтымыздың асыл
белгілерін қастерлейік
Туыс, бауыр ел, Түріктің көсемі Кемал Ататүрік: «Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын білгеніміз дұрыс», – деген екен. Біз де өз ұлтымызды, оның асыл белгілерін қастерлеп, құрметтей алмасақ, қай жерден барып білім алсақ та, қанша жұрттың тілін білсек те, түптің түбінде жаһандану атты алыптың жұтқыншағына бірінші барып жұтылатын ұлт болатынымызды білгеніміз дүрыс.
Сондықтан «білім ғимараты» ұлттық негізге орнатылып, онда ұландарымызға ар азығы: ар білімі мен тәрбиесін беруіміз керек.
Тәрбие бұлағы – сөз
1924 жылы Орынбор қаласында жарық көрген Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбие жетекшісі» кітабында «Тәрбиенің мақсұтын түрліше ұғыну» деген тақырыпта былай дейді: «Грек жұртының мақсұты да, құралы да – көркем адам болу. …Гректің өмірі – сұлулық. Рум жұртының арманы сұлулық емес, қолайлылық. Олар соғыс ісіне, мемлекет құрылысына пайдалы нәрсеге ғана артық баға берген. Немістің тәрбие арманы – оқымыстылық.
Бұл аталған мақсұттар көмескі, сыңаржақты, толық, емес. Тәрбиенің мақсұты: шындыққа, ізгілікке, көркемдікке қол сермеу, соларға жетуге тырысу, солардың жолында адамның қызметін күшейту, адамның тұрмысын солармен үйлестіріп жасау деп айтатын тәрбиешілер бар. Адамның адамдығын сақтап, барлық, керекті, қасиетті жан қуаттарын түгел тәрбие етуге осы мақсұт толығырақ сықылды». (Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы, төртінші том. 284-285 бб. А., «Ғылым» баспасы)
Басқа жұрттар сияқты біздің халқымыздың да өзіндік тәрбие бұлағы болған. Ол – сөз. Халқымыз тентегін тезге салса, сөзбен салған, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қысқа да, нұсқа түйінді сөзбен шешкен. Сөзге тоқтай білген еді ғой. Дауына да, жауына да сөз қаруын қолданған халқымыздың бүгінгі ұрпағын да сөз құдіретімен тәрбиелеу керек.
Өнегелік мақсатта Жанқұтты шешен мен Абайдың сөзін ұсынамыз: Атақты Жанқұтты шешен Абайды бозбала шағында көріп, ақыл-ойын, білім-білігін, таным-өрісін тексереді.
Жанқұтты: Шырағым, дүние неге сүйенеді?
Абай лезде: Дүние үмітке сүйенеді.
Жанқұтты: Көздің көрмесі бар ма?
Абай: Көз қабағын көрмейді.
Жанқұтты: Шам жарығының түспесі бар ма?
Абай: Шам жарығы табағына түспейді.
Жанқұтты: Болат пышақтың кеспесі бар ма?
Абай: Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
Жанқұтты: Тамағына тартпайтын мақұлық бар ма?
Абай: Өз тамағына тартпайтын мақұлық болмайды.
Жанқұтты шешен: – Осы ойларды өлең сөзбен кестелеші дейді.
Абай:
Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табағына.
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Мақұлық тартпай қоймас тамағына.
Абай: Ата менің де сізге қояр сауалым бар еді.
Жанқұтты шешен: Қой.
Абай: Ата арзан не, қымбат не, дауасыз не?
Жанқұтты: Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе? Шырағым, жанарыңның оты бар екен – ақындығың шығар, маңдайың жарық екен – ойлылығың шығар, сөзіңнің нәрі бар екен – елің сусағанда шөлін қандырар бұлағы боларсың – деп, батасын беріпті.
Бұлай сөйлеу дәстүр болған. Біз оны жоғалтып алдық. Бірақ жоғалтып алдық деп қарап отырмай, отбасында, балабақшада, мектепте, одан кейін де балаларды осылай тосыннан қойылатын сұрақтарға жауапты дұрыс айтып, тауып сөйлеуге үйретуге тиіспіз. Сын тұрғысынан ойлауды Батыстан алдық дегеніміз шындыққа сай емес. Халқымыз ежелден: «сын түзелмей, мін түзелмейді», «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», «балаға ата сыншы» деп, барлығына сыни тұрғыдан қарап, баға берген.
Сөз сырына қаныққан ұрпақты ғылым-білімнің қай саласына бәйгеге қоссаң да жеңіп шығатын болады. Міне, сондықтан сөйлер сөзден алыстап, техниканың досына айналған ұрпақты амалын тауып, рухани құндылықтарға да бетін бұрғызу қажет. Жаһандану заманында техниканың басымдылығы бола беретіні аян, десек те елдігімізді сақтау үшін ұлттық құндылықтарды жарыса, жанталаса берген дұрыс.
(Жалғасы бар)
Гүлтас Сайынқызы,
Назарбаев университетінің профессоры.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы