Basty bet

Ұлттық мұраның сақтаушысы

Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылының тұрғыны Гауһар Байболатова бала кезінен қолөнер бұйымдарын жасауға әуес болды. Сол әуестігі кейін оны өсе келе осы салада жұмыс істеуге әкелді.
Гауһар Қалдыбайқызы 1971 жылы бұрынғы Ақтөбе ауылдық кеңесіне қарасты № 10 «Октябрь» әскери кеңшарында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл қаласындағы № 5 орта кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, тігінші мамандығын алып шықты. Содан бері осы кәсіптен қол үзбей, ауыл тұрғындарына тұрмыстық қызмет көрсетіп келеді. Бертінде, 2013 жылы Қырғыз Республикасының Талас мемлекеттік университетін бітіріп, жоғары білімді ұстаз атанды. Сол жылы мектеп жанынан ашылған өнер мектебіне қолөнер пәнінің мұғалімі болып орналасты.
Мектепте қолөнер сабағы екі топта өтеді. Тәжірибелі ұстаз сабақ үстінде шәкірттеріне инені қалай сабақтауды, қандай инемен не тігу қажеттігін, тоқыма тоқуды, кесте тігу мен құрақ құрауды, мата қабуды және табиғи заттардан әртүрлі әшекейлі бұйымдар жасауды үйретеді. Қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерінің мәні мен сырын ұғындыруға тырысады. Сонымен бірге матаның бетіне ою түсіруге, оны жиектеу мен әдіптеуге де мән беріледі. Кез келген бұйымның эстетикалық талғам мен талапқа сай шығуын қадағалайды.
Қолөнермен айналысу үшін әуелі баланың бойында оған деген қызығушылық пен ынта болуы шарт. Жас шеберлер дайындаған қолөнер бұйымдары жүзіктің көзінен өткендей тартымды, тіптен көздің жауын алады. Олар мектептің көрме бұрышына қойылған.
Гауһар баптаған шәкірттер жыл сайын түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Байқау барысында олар өз жұмыстарын көрсетіп, қолөнерден өзара тәжірибе алмасып қайтады. Мәселен, Тұңғыш Президент-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған республикалық қолөнершілер байқауына қатысқан Сәбира Жұмабек есімді оқушысы II орынға ие болып, байқаудың өтуіне үлес қосып, шәкірттері жоғары нәтиже көрсеткені үшін Гауһардың өзі «Үздік жетекші» аталымын жеңіп алды.
– Ұлттық қолөнер ғасырлар қойнауынан бізге аманат болған, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінің бір бөлшегі болып табылады. Ол қазақтың бүкіл тұрмыс-тіршілігімен, болмыс-бітімімен үйлесім тапқан. Сондықтан да балалардың бойына өз Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, ұлттық мәдениетті сыйлауға тәрбиелейді, – дейді ұстаз Гауһар Қалдыбайқызы.
Ал біз ұлттық мұраның сақтаушысы Гауһар Қалдыбайқызы сынды ұстаздар тұрғанда, қазақ қолөнерінің келешегі зор деп білеміз.

Айгүл АЙҚОЖАЕВА,
Жаңаталап ауылдық клубының әдіскері

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close