Basty bet
Жаңа көкөніс базары ашылды
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің тікелей бастамасымен аудандық орталық базардың төңірегіне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдымен Бауыржан Үсенов көшесінен Мәметова көшесіне түсетін жолдың қос қапталын алып жатқан жабайы сауда қатарлары алынып, орны тегістеліп, арық жүйесі жүргізілді. Бұзылған сауда қатарларында тұратын кәсіпкерлерге осы маңайдан ашылған бірнеше базардан жылы да жайлы орындар ұсынылды.
Жеке кәсіпкерлер Оңласын Бүтінбаев пен Нарғозы Наурызқұлов екеуі ақылдаса келе, ұн және ет өнімдерін сататын сауда үйінің артындағы бос аралықтан көкөніс сататын базар ашуды ұйғарды.
Жаңа базардағы сауда орындарын жарық және жылы етіп жабдықтауға және төбесін жабуға қос кәсіпкер бірнеше ай бойы қаражаттары мен қажыр-қуатын жұмсады. Тірліктің барлығы орайымен келіп, шаруа аяқталуға таянғанда кәсіпкерлер базарды «Жуалы – жер жәннаты» деп атауды шешті.
Өткен аптаның аяғында 70 орынға шақталған осы базардың ашылу салтанаты болды. Шараға Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов, орынбасары Затыбек Пашенов, ауыл жұртшылығы қатысып, базар иелеріне құтты бастамаларының сәтті болуын тіледі.
Жаңа сауда орталығының таспасы қиылғаннан кейін жиналған жұртшылық сауда қатарларын аралап, көкөністер және жеміс-жидектер қойылған сөрелерден сауда-саттық жасады.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»