Basty bet

Партия басшысының тапсырмасы орындалуда

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек наурыз айында ауданға сапары кезінде жергілікті іскер әйелдермен кездескен-ді. Басқосу барысында жеке кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекова құс шаруашылығын дамыту мақсатында аудан әкімдігі Бауыржан Момышұлы ауылының сыртынан бөлген 1,2 га алқапқа апаратын жолға шағалтас төсеуге, «Білімді ұрпақ» оқу орталығының меңгерушісі Нүрилә Мәлібекова Жамбыл және Латикант көшелерінің қиылысында орналасқан оқу орталығы ғимаратының маңайын абаттандыруға жәрдемдесуді өтінген болатын.

Жоғарыда көрсетілген жұмыстардың орындалу барысы мен сапасын партия Жуалы аудандық филиалы бақылауға алды. Құрамында партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы, партиялық бақылау комиссиясының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, аудан әкімдігінің жауапты мамандары, мердігерлер, БАҚ өкілдері мен блогерлерден тұратын арнайы жұмыс тобы таяуда партия басшысының тапсырмасының орындалу барысын зерделеп қайтты.
Жеке кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекованың мәселесі бойынша жолға шағалтас төсеу жұмыстары аудан орталығындағы Парасат көшесін орта жөндеу үшін мердігер болып танылған «L-VIТА темп строй» ЖШС-не қосымша жүктелген.
Жұмыс тобы Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралаповтың кәсіпкердің келешекте салынатын шағын құс фермасына апаратын жолды салу туралы ұсынысын тыңдады. Ауыл басшысы бұл жолды Парасат көшесінен басталып, «Сәду» мал базарына тірелетін асфальт жолдан тартуды алға тартты. Алайда, кәсіпкерлік нысанның иесі Айнагүл Ахмадбекова «жолды Бауыржан Момышұлы-Қарасаз бағытындағы автожолдың іргесіндегі магистралдық газ құбырларының аспа жолы арқылы шайынды суларды сүзгілеу алаңына апаратын қаражолдан тартқан тиімді» деп есептейді. Жұмыс тобы жеке кәсіпкердің уәжіне тоқталып, ол ұсынған жердің жағдайымен танысты. Нәтижесінде жол мал базардан емес, кәсіпкер ұсынған қаражолдан тартылатын болды. Мердігер жолға шағал тас төсеу жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтауға міндеттеніп отыр.
«Білімді ұрпақ» оқу орталығының меңгерушісі Нүрилә Мәлібекова қозғаған оқу орталығы орналасқан ғимараттың маңайын абаттандыру жұмыстарын «GT Аsyl tirek» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда оқу орталығының алдына брусчатка төсеу аяқталды. Одан бөлек, ғимараттың қарсы бетіндегі шағын гүлзардың шетінен автотұрақ салу көзделуде. Онымен мердігер «Ғапар» ЖШС шұғылданып, жұмыстарды 1 шілдеде аяқтайтын болады.

Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close